АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫН ЖАНДАНДЫРҒАН АРДАГЕРДІ ҚҰТТЫҚТАДЫ

Уақыты: 20.04.2020
Оқылды: 1782
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ талай жыл жол саласында абыройлы қызмет атқарған еңбек ардагері Леонид Васильевич МИХНОНЫ қабылдап, 70 жасқа толған мерейтойымен құттықтады. Сондай-ақ, қуаныш иесіне аймаққа сіңірген ерен еңбегі үшін Құрмет грамотасы табыс етілді.

Амандық Ғаббасұлы сала ардагеріне ерекше құрмет көрсете отырып, ақ тілегі мен жылы лебізін арнады.

– Сіздің жол саласына сіңірген еңбегіңіз өте көп. Оған талай жыл өзіңізбен бірге қызмет істеген жылдары куә болдық. Әлі де тыңсыз. Жол саласындағы ең тәжірибелі, алдыңғы қатарлы мықты мамансыз, сондай-ақ, еліміздің патриотысыз. Сіздің облыстың, Талдықорған қаласының көліктік инфрақұрылымын дамытуға қосқан үлесіңіз зор. Еңбектегі мол тәжірибеңіз бен өмір жолыңыз бәріміз үшін үлгі, әсіресе, жастарға берері мол. 70 жасыңызбен құттықтап, сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін, – деді Амандық Ғаббасұлы.

Бұдан соң облыстық мәслихат хатшысы Сұлтан Дүйсембінов те ізгі ниетін жеткізді.

Облыс басшысы мерейтой иесінің иығына шапан жауып, сыйлық тапсырды және естелік суретке түсті. Леонид Михно өз кезегінде қуанышымен бөліскен облыс басшысына, ілтипат көрсеткен басқа да қызметкерлерге ерекше алғысын айтып, ел үшін еткен еңбектерінің жемісті болуына тілектесігін білдірді.

Айтып өтейік, Леонид Васильевич Михно – еңбек ардагері, кейінге дейін «Талдықорған жолдары» акционерлік қоғамының директоры қызметін атқарған.  

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ