ӘСКЕРИЛЕР ПЫШАҚ ЖАРАҚАТЫНАН ЗАРДАП ШЕККЕН ЗЕЙНЕТКЕРДІ ҚҰТҚАРДЫ

Уақыты: 29.04.2020
Оқылды: 1218
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Радиоэлектроника жəне байланыс əскери-инженерлік институтының əскери қызметшілері Дінмұхамед Алтынбек пен Ерзат Бекболов Алматы қаласындағы Жангелдин жəне Жүргенов көшелерінің қиылысында зейнеткерді құтқарды.

Əскери қызметшілердің айтуынша, дезинфекция жүргізу кезінде жаяу жүргіншілер жолының жиегінде жатқан қарт ер адамның жарақат алғанын жəне қанды көрген. Əскерилер шұғыл алғашқы медициналық көмек көрсетіп, қан кетуді тоқтатқан.

- Біз жарақатты қолда бар заттармен таңдық. Таңғыш матаның орнына белбеу қолданып, "Жедел жəрдем" шақырдық, - дейді əскери-инженерлік институтының 4 курс курсанты Дінмұхамед Алтынбек.

Зардап шегуші көп қан жоғалтқан, бірақ дер кезінде көрсетілген көмектің арқасында тірі қалған.

- Сол күні зейнетақы алғанмын, қолымда ақша салынған əмияным болды. Бұзақы менен ақша сұрады, беруден бас тартқаннан кейін пышақпен шынтақ буыныма соққы жасады. Балалар өз көмектерімен қоса қырағылықтарын көрсетті. Олар менің жарақатымды байлап, қанын тоқтатып, дәрігер шақырды. Мен оларға шексіз ризамын. Олардың өмірі мен қызметі сəтті болсын. Əскерилерді кəсіби мамандар даярлайтынына көзім жетті. Осындай жауынгерлер ел қорғаны болып тұрғанда, біз тыныш өмір сүре аламыз, - деді Мерген Шымербаев.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Қарулы Күштері əскери қызметшілері үй-жайлар мен нысандарды, қоғамдық орындарды ауқымды дезинфекциялау жұмыстарын жалғастыруда. Алматы қаласында Радиоэлектроника жəне байланыс əскери-инженерлік институтының бөлімшелерімен 5,5 миллион шаршы шақырымнан аса аумақ залалсыздандырылды.

Жанар ӘМІРЖАНОВА,

Радиоэлектроника жəне байланыс əскери-инженерлік институтының баспасөз хатшысы