КОРОНАВИРУС: ТАЛДЫҚОРҒАНДА ТАҒЫ ҮШ ПОДЪЕЗГЕ КІРІП-ШЫҒУ ТОҚТАТЫЛДЫ

Уақыты: 21.05.2020
Оқылды: 792
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысында COVID-19 инфекциясын жұқтырудың 7 жағдайы тіркеліп, Талдықорғанда тағы үш мекенжай карантинге алынды.

Жеті жағдайдың 3-еуі Талдықорған қаласында, 2-еуі Кеген ауданында, Қапшағай қаласы мен Талғар ауданында бір-бірден анықталды. 5 пациенттің сырқат жұқтырғаны профилактикалық тексеру барысында анықталған, 2-еуінің ауруы медициналық мекемеге өз бетінше жүгінуі барысында бегілі болды.

Науқастардың барлығы жұқпалы аурулар бөлімдеріне жатқызылды. Олармен 91 адамның байланыс жасағаны нақтыланды. Олардың барлығы бақылауға алынып, эпидемиологиялық тексерулер жүргізілуде. Сонымен бірге, Талдықорғанда тағы үш мекенжай тиісті қаулыға сәйкес індет ошағы деп танылды. Науқастар Қаратал шағынауданында тұрған. Осыған байланысты аталмыш шағынауданның №57 үйдің 3-ші подъезі, №59-б үйдің 1-ші подъезі, №60-б үйдің 1-подъезі карантинге алынып, кіріп-шығуға тыйым салынды.

21 мамыр, сағат 7:30-дағы жағдай бойынша Алматы облысында COVID-19 инфекциясын жұқтырған 219 адам тіркелді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды