ТОҚАЕВ ТУҒАН АУЫЛДЫҢ КӨШЕЛЕРІ АСФАЛЬТТАЛЫП, ТҰРҒЫНДАР ДӘН РИЗА

Уақыты: 14.08.2021
Оқылды: 1129
Бөлім: ЭКОНОМИКА

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ауданымыздың Жолбарыс батыр ауылдық округінде жол төсеу жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ, бұрын асфальт болмаған Кәлпе ауылының Тентек көшесіндегі орташа жөндеу жұмыстары аяқталу алдында тұр.

Бүгінде Ализаде Мусаев басшылық жасайтын «Жигули» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі асфальт төсеу жұмысының басым бөлігін еңсерген.

– Жұмысты уақытында бітіреміз. Шілде айының басында күн қатты ысығанда он күндей жұмыс саябырсыған. Қазір құрылыс жұмыстары қайта жанданып, асфальттің ұсақ түйіршікті беткі қабатын төсеу жұмыстары жасалып жатыр, – дейді учаске бастығы Еркін Қарауылов. Оның айтуынша, аудан әкімі Ерлан Исабеков, аудан әкімінің орынбасары Ермек Әпеков, Жолбарыс батыр ауылдық округінің әкімі Ермек Досанаманов келіп, салынып  жатқан жолды көріп, оң бағасын беріп кетіпті.

Орташа жөндеуден өтіп жатқан Тентек көшесіне 1 асфальт төсегіш техника, 2 бетон төсегіш, асфальт таситын 4 ауыр жүк көлігі жұмылдырылған. Құрылыс алаңында 8 адам жұмыс жасауда. Бір айта кетерлігі, мұнда ауыл тұрғындары еңбек етіп, нәпақасын тауып жүр. Жұмысшылардың барлығы өз ісінің шеберлері деуге толық негіз бар. Ауданның өркендеуіне өзіндік үлес қосып жүрген аудан азаматтары өңірімізде су құбырын жүргізіп, жол салып машыққан нағыз кәсібилер. Жол салып жатқан  мамандардың айтуынша, Тентек көшесінің ұзындығы 1,5 шақырым, ені 7 метр көлемінде болмақ.

– Тентек көшесіне асфальт төсеу жұмыстарын маусым айының 28-сінде бастадық. Жолдың табанына негіз ретінде балласт, яғни ірі тас, содан кейін 15 сантиметр қиыршық тас салынды. Смета бойынша 4 сантиметр қалыңдықта ірі түйіршікті тас араласқан асфальт төсеу қажет болса, біз тұрғындар риза болсын деп 1 сантиметр қалыңдау етіп салдық. Қазіргі таңда соның үстінде 4 сантиметр ұсақ түйіршікті асфальт салынуда, – дейді бас бригадир, шебер Фархат Қапанов бізбен әңгімесінде.

Тұрғындарға қолайлы болу үшін аулаға қарай асфальттан еңіс жасалып жатыр. Асфальт зауыты тоқтамай, жұмыс жасап тұрса жол төсеу жұмыстарын 3-4 күнде аяқталмақ. Бүгінде аталмыш мекеме Қ.Байсейітов, Б.Римова көшелеріне асфальт төсеген. Кезекте Абай, Ұлтуған, Дәулетяров, Болатхан көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

Бұрын асфальт болмаған, шаңы шығып жатқан ауыл шетіндегі көшенің жасалғанына жұртшылық ризашылығын білдіріп жатыр. Әсіресе, жасы үлкен азаматтар жол сапасы көңілден шыққанын айтады. Балалар да мәз-мәйрам болып, жаңа төселген асфальт үстінде скейтборд, велосипед теуіп, ойын көрігін қыздырып жүр.  Осылайша, ауыл тұрғындары туған жердің көркейе түскеніне дән риза.       

Асхат ӨМІРБАЕВ

Қаратал ауданы

Алматы облысы