БЕСАСПАП

Уақыты: 24.08.2017
Оқылды: 1205
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ауыл – алтын бесік. Оны түлету, уақыт талабына сай көшін көрікті ету  аса маңызды. Бұл орайда  туған жерін тұғыр етіп, құшағында жүрген азаматтарының көтерген жүгі, атқарып жүрген игілікті істері көп көмекке  келері хақ. 

Ақай ауылында тұратын Еділ Сәрсенбаевтай еңбеккер жанды жерлестері «бесаспап азамат» дейді. Шын мәнінде көп құрметіне лайықты жан. Ауылдастарының алғысын арқалап жүрген азамат. Журналистік іссапарымыздың бірінде Еділдің үйінде болдық. Жүргізіп келе жатқан бар шаруасына көңіліміз толды.  Оның үйінің ауласын жедел машина-трактор жөндейтін шағын шеберхана деуге әбден болады. Не керектінің бәрі бар. Күніне 2 тоннаға дейін ұн шығаратын диірменін көрдік. Сұраныс иелері болса диірмен де іске дайын. Таға, шеге тағы да басқа керекті дүниелер соғатын ұстаханасында тұр. Көрігі, құрал-жабдықтарының бәрі орнында. Оның сыртында темір жонатын цех жұмыс істейді. Бұл да қат-қабат жүргізілетін жазғы науқандық жұмыс кезінде бұзылған түрлі техникаға, агрегаттарға көмекке келетін игілік. Машина-трактор жөндеуге арналған аулада көліктердің дөңгелектеріне жел үрлейтін құрал бар. Ең бастысы, қыжалат болып, іздеген адам қажетті көмегін ала алады. Сөйтіп риза көңілімен аттанып жатады. Еділдей азамат үй ауласындағы  ұстахана, диірмен, станоктың  бәрін жүргізеді. Бәрін бес саусақтай меңгеріп алған.
Рас, мұның бәрі Еділ Сәрсенбаев басқаратын «Сулысай» шаруа қожалығының иелігіндегі дүниелер. Аталған шаруа қожалығы уақыт талабына сай жұмыс жүргізіп келеді. Төрт түлік мал өсіреді. Егіншілікпен айналысады. Арпа, бидай себетін 40 гектар егістік жері бар. Оны да тиімді пайдаланып келеді. Шаруа қожалығының Нұрболат Сәрсенбаевтай малшысы, Құрманбай Ниязақыновтай техника жүргізушісі бар. Қожалықта  трактор, жүк көлігі, науқанды жұмыстарға қажетті агрегаттар көз тартады. Оның бәрі өз жұмыстарынан босаған кезде елдің де игілігіне жарап жатады.
Бесаспап азамат өнегелі шаңырақтың иесі. Жұбайы Толқын Нұрмұратова ауылдағы дәрігерлік амбулаторияда фельдшер болып еңбек етеді. Олардың сүттей ұйыған жып-жылы шаңырақтарында төрт бала өсіп келеді. 
Үйінің ауласын жедел машина-трактор жөндейтін шағын шеберханаға айналдырған Еділдей азаматтың қолы қуатты бола берсін! 

Қанат БІРЖАНСАЛ.
Ақай ауылы,
Райымбек ауданы.