МАЛ СОЮ ЦЕХЫН АШТЫ

Уақыты: 07.09.2017
Оқылды: 1293
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Райымбек ауданының орталығы Кеген ауылында қарау­сыз қалған және тозған ғимараттар бар. Оларды жаңарту үшін әкімшілік инвесторларды іздеу үстінде. Бірнеше ай бұрын осындай қараусыз қалған нысанның бірін аудан тұрғыны Аслан Баянғожаев жалға алды. Аз уақытта ғимарат ішін жөндеп, онда мал соятын цех ашты. Бизнес жоба аудан тұрғындары мен билік өкілдері тарапынан қызу қолдау тапты.

Цех Аслан Баянғожаев үшін алғашқы кәсіпкерлік нысаны. Бұған дейін ол кәсіпкерлер палатасының Райымбек аудандық филиалының қолдауымен «Бизнес-Кеңесші» жобасына жазылып, кәсіпкерлік негіздерінің оқуын тамамдады. Кейін жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, мал сою цехын ашу ниетін білдірді.

– Кәсіпкердің жобасы бойынша ғимаратты жалға беру мәселесін қарастырып, қажетті құжаттарды жинай бастадық. Жалпы, бұл цех аудандағы барлық талапқа сай ашылған алғашқы орын. Шаруа қожалықтарының көптігіне қарамастан кез келгенінің жеке қасапхана жасауға мүмкіндігі жете бермейді. Сондықтан, бұл бизнес түрі өте табысты және болашағы зор, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының Райымбек аудандық филиалының директоры Жанна Қырғызалықызы.

 Бүгінгі таңда қасапханада қажетті құрал-жабдықтардың барлығы бар. Мал жинайтын алаң, соятын жер мен өнімді сақтайтын, мұздататын камералар дайындалған. «Райымбек Ет» деп аталатын цехта төрт адам жұмыс істейді. Аптасына 30-дан астам мал сойылады.

– Етті Кегендегі орталық базарда сатамыз. Бірақ, өнімнің басым бөлігі Алматы қаласындағы сауда нысандарына шығарылады. Себебі, онда біздің етке сұраныс жоғары. Алдағы уақытта цехты кеңейтіп, өнім көлемін арттыруды жоспарлап отырмыз, – дейді кәсіпкер.

 Аслан Баянғожаев ауылда мал базарын ұйымдастыруды да қолға алмақ.

Қажет АНДАС.