Іскерлік байланыс күшейеді

Уақыты: 07.09.2017
Оқылды: 1367
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров Нидерланды Корольдігі Елшілігінің Алматы қаласындағы кеңсе басшысы Вилко Роггенкамп бастаған голландиялық компаниялардың бірнеше өкілімен кездесті. Ресми түрде өткен басқосуда негізінен жылыжай шаруашылығы бойынша жобаларды жүзеге асыруда тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, ынтымақтастықты арттыру жайы сөз болды.

Алдымен «Жер жаннаты атанған Жетісу өлкесіне қош келдіңіздер!» – деп сөз бастаған Серікжан Іслямұлы ресми қонақтарға Алматы облысының зор мүмкіндіктері мен ерекшеліктерін сөз етті. Әңгіме барысында бұл өңірдің аграрлы аймақтың бірі және елдегі ауылшаруашылығы өнімдерінің он жеті пайызы осы облыстың үлесінде екендігін, саланың инвестиция тартуға қолайлы мүмкіндіктерін, сондай-ақ, жылыжай шаруашылығын, жүгері мен қант қызылшасын, бау-­бақша дақылдарын өсіріп, өндіруге, етті-сүтті бағыттағы мал шаруа­шылығын дамытып, өркендетуге айрықша көңіл бөлініп отырғанын, бір сөзбен айтқанда, саланы жандандыруға қай жағынан болсын ерекше назар аударылып, көптеген жұмыс жүргізіліп жатқанын, оған Үкімет тарапынан барынша қолдау көрсетіліп, көмек беріліп келе жатқанын тілге тиек етті.

Бұдан соң делегация басшысы Вилко Роггенкамп бастаған «Bilancia», «Celtic Koeling», «Dalsem», «Enza Zaden», «EuroFood Consulting», «Hoogendoorn», «MasAgro», «Oldenhuis & Prinsen», «Philips» секілді компаниялардың өкілдері сөз сөйлеп, елге келудегі бас­ты мақсаттарын жан-жақты айтып, түсіндірді. Кездесу барысында іскер топ ел экономикасының даму қарқынына, Талдықорған қаласының бүгінгі кескін-келбетіне, әсіресе, алыстан көз тартатын небір ғимараттар мен көпқабатты тұрғын үйлердің көптеп бой көтеріп жатқанына ерекше таңданыс танытқандарын жеткізді.

Кезегімен сөз алған делегация мүшелері жылыжай шаруашылығын дамытуда голландиялық технология­мен заманауи үлгіде жылыжай кешенін салу бойынша жүргізіп отыр­ған жұмыстары мен жобалары, озық іс-тәжірибелерімен бөлісіп, облыспен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізуге ынталы екендіктерін айтты. Сонымен бірге, олар тауарлы-сүт фермалары мен құс өсіруге арналған репродукторлар құру, өздерінің технологияларын қолдана отырып, көкөніс қоймасы желісін жетілдіру жөнінде де сөз қозғады.  

Жылы жүздесуден соң облыс әкімінің орынбасары бұл бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыруға барлық жағынан қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдіріп, аталған салаға қатысты голландықтар тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптар қайтарды.

Айта кетейік, Нидерланды Корольдігі жылыжай секторындағы және ауылшаруашылығы саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі саналады. Аталмыш ел Қазақстанмен осы бағытта жемісті ынтымақтастық қарым-қатынаста жұмыс жүргізіп келеді. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын Нидерландтың елге саудалаған ауылшаруашылығы және бақшалық өнімдерінің көлемі жүз миллион еуродан асқан, бұл көрсеткіштің айтарлықтай бөлігі жылыжай шаруашылығындағы жобалардың үлесіне тиесілі. Қазіргі кезде мемлекетте қырықтан аса голландия­лық ауылшаруашылығы кәсіпорны қыз­мет етеді. Бүгінде екі ел арасындағы ынтымақтастықты кеңейту және нығайту мақсатында Нидерланды Корольдігінің Елшілігі голландиялық бизнесмендердің жергілікті аграршыларымен кездесуін тұрақты түрде өткізіп келеді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА.