Қыс қыспайды демеңіз

Уақыты: 11.09.2017
Оқылды: 1222
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жылыту маусымын ойдағыдай өткізу күн тәртібіндегі мәселенің бірі. Ал оған қажет отын-суды дайындау барысы қалай? Міне, осыны пысықтау үшін облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов аудан-қала әкімдерімен селекторлық жиын өткізіп, бүге-шігесіне дейін талқылады. Кеңеске облыстық деңгейдегі басқарма басшылары мен салаға жауапты лауазымды тұлғалар және мамандар қатысты.

Кеңесте алдымен күн тәртібінде қаралатын негізгі мәселелер жан-жақты таныстырылды. Бұдан соң облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Әсет Қанағатов алдағы қысқа дайындықтың қалай жүргізіліп жатқандығы жөнінде баяндады. Басқарма басшысының айтуынша, Жетісу өңірі жұртшылығының қыстан қысылмай шығуы үшін атқарылуға тиіс бар шаруа дер кезінде қолға алынып, талапқа сай орындалыпты. Алдағы жылыту маусымына барлығы 6 млрд. теңге қаражат бөлінген. Соның ішінде бюджеттік мекемелерге қажет жабдықтар алу мен жылу жүйелерінің күрделі жөнделуіне 410 млн. теңге, отын сатып алуға 5,6 млрд. теңге қарас­тырылыпты. Ал кәсіпорындардың жеке қаражаты 2,03 млрд. теңгені құрайды. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында бес жобаны іске асыру үшін 3,7 млрд. теңге бөлінген.

Сонымен бірге қатты отынды қазандықтар мен жылу жүйелерінің ағымдағы және күрделі жөнделуі, жуылуы, тексерілуі, су құбыры жүйесінің тазалануы да жан-жақты сөз болды. Бүгінде жылу жүйелері 95 пайыз, электр желілері 92 пайыз, су құбыры –кәріз жүйелері 98 пайызға дайын. Бюджеттік сала нысандарының әзірлігі де 100 пайыз. Ірі қалалар мен аудандардағы әлеуметтік сала нысандарын қажетті отын қорымен қамтамасыз ету мәселесі де ерекше бақылауда. Бір сөзбен айтқанда, жылу беруге қатысты жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізіліп, басым бөлігі аяқталған. Сондықтан, өңірде алдағы қысқа әзірлік жаман емес.

Жиын барысында жылыту маусымына қатысты көкейкесті мәселелер де қозғалып, орын алған кемшіліктер де тізбектелді. Әрине, оған сын-ескертпелер де айтылып, мәселенің оң шешімін табу жолдары қарастырылды. Осы бағыт бойынша жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жөнінде өңірге қарасты аудан-қала басшылары да есеп берді.

Осыған байланысты ой қорыт­қан облыс әкімінің орынбасары қыс мезгілінде жылуға қатысты әлдебір төтенше жағдай туындамас үшін тиісті басқармалар мен аудан басшыларына тапсырмалар жүктей отырып, бұл бағыттағы жұмысты одан әрі күшейтіп, жандандыру қажеттігін назарға салды.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА.