ПАЙДАСЫ МОЛ ЖЫЛЫЖАЙ

Уақыты: 11.09.2017
Оқылды: 1874
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Нидерланды Корольдігі шағын ел болғанымен ауылшаруашылығы және өнеркәсіп өнімін өндіру жағынан тәжірибесі мол. Сол өнімдерін экспорттауда әлемде АҚШ-тан кейінгі екінші орында тұр. Олардағы экономикалық ашықтық кәсіпкерлік саласын дамытуға да серпін беруде. Сондықтан бұл елдің инвесторлары әлемнің әр түкпірінде өз мүмкіндігін жүзеге асырып келеді. Әсіресе, жылыжай шаруашылығын дамытуға ден қойылған. Бұл туралы «Көктем Гранд» қонақүйінде өткен «Жылыжай саласындағы голландиялық компаниялардың Алматы облысындағы сауда миссиясы» атты семинарда сөз болды.

Семинарға Нидерландының әлемге танымал  «Bilancia»,  «Ctltic Koeling», «Dalcem», «Enza Zaden», «EuroFood congsulting», «Hoogendooren», «MacAgro», «Oldenhuic & Pirincen», «Philips» сияқты 14 компаниясының жетекшілері қатысып, Жетісу жұртымен  аграрлық секторда жан-жақтылы байланыс орнату мақсатында әңгіме өрбітті. Шара аясында  Нидерланд Корольдігі Елшілігінің ауылшаруашылық мәселелері бойынша кеңесшісі Меруес Брауэрттің айтуынша, олар жылыжай шаруа­шылығына 10 мың гектар жер бөлген, оның 5 мың гектарына көкөніс, қалғанына гүл өсіріп жатыр. Озық технологияның арқасында жыл сайын мол пайда тауып келеді. Әлемдік экспорттың көшбасында тұрған ел Қазақстанның нөмірі бірінші серіктесі. Екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынас 1993 жылы орнады. Содан бергі 24 жыл ішінде елімізге 70 млрд. долларға жуық инвестиция құйып, осы саладағы алдыңғы орында келеді.

– Мәселен, осыдан екі жыл бұрын Нидерландтың Қазақстанға саудалаған ауылшаруашылық және бағбандық өнімдерінің көлемі         100 млн. еуродан асты. Бұның айтарлықтай бөлігі жылыжай шаруа­шылығының үлесіне тиесілі», – дейді жиналыста сөз алған Нидерланды Корольдігінің Алматы қаласындағы кеңес басшысы Вилко Роггенкамп.

Сенімді ақпарат көздері мәліметінше, екі ел арасындағы  сауда-саттық көлемі де жыл өткен сайын артуда. Бүгінде 5 млрд. долларды құрап отыр. Мұнай-газ, геологиялық барлау, дәрі-дәрмек жасау, ауылшаруа­шылығы, тағы басқа да саладағы ынтымақтастықтың үзігі бекемделіп келеді. Әсіресе, жылыжай секторында ілгерілеушілік басым.

Қазірдің өзінде елімізде жылыжай шаруашылығымен айналысатын 40-тан астам голландтық ауылшаруа­шылық кәсіпорын бар. Әрбірінің  әлеуеті таңдай қақтырады. Бірі Жетісудың соқа тісі тимеген құйқалы жеріне жылыжай салмақшы, енді бірі көп өнім беретін сапалы тұқымын сау­даламақшы, үшіншісі, бақша өнімдерін өсіруге қолданылатын дәрі-дәрмек түрін ұсына келіпті. Тоңазытқыш орнатып, жарықтандыру, суландыру жүйесін жаңарту бағытындағы озық тәжірибесін таныстырып жүргені де бар. Жетісуға күнде келе бермейтінін білетін олар кездесу барысында өз мүмкіндіктерін барынша жарнамалап қалудың қамында.

 – «Van Der Hoven» компаниясының өкілімін. Қазақстан нарығына кіргенімізге алты жыл болды. Қазір төрт ірі жобаны жүзеге асыруды қолға алып, күні-түні соның соңында жүрміз. Сол қатарда Қарадала өңірінен екі гектар жер алып, жер астынан шығып жатқан жылы суда көкөніс өсірудің тәжірибесін сынақтап өткізіп жатырмыз. Алдымен қияр өсіріп көрмекпіз. Жобамыз сәтті аяқталса адамдар көп өтпей жылы суда өсірілген көкөністерді тұтына бастайды, – дейді «Van Der Hoven» компаниясының менеджері Воб Хунсше.

Республикамыз бойынша ауыл­шаруа­шылық өнімдерінің 17%-ы Жетісу өңіріне тиесілі. Өйткені өңірде ауылшаруашылық мақсатында пайдаланылатын 8 млн. гектар жер бар. Ол жерлерде жылыжай шаруа­шылығы да жақсы өркендеп келеді. Сол қатарда  1061 гектар жерде Голландық жылыжайлар жүйесі жұмыс істеуде. Оның дені Алматы облысының еншісінде. Қазірдің өзінде жылыжайлар аумағы 80 гектарға жеткен. Негізінен онда қияр, қызанақ, аскөк өсіріледі.  Басым бөлігі түрік, корей, қытай технологиясымен жабдықталған. Жыл соңына дейін тағы да 37 гектар жылыжай қосылмақ. Таяу жылдары облыс басшылығы жылыжай аумағын 100 гектарға ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Голландықтардың көздегені де осы. Олар жетісулықтардың дәл осы мақсатын ары қарай жетілдіруге көмектеспек. Тіпті, мұхит асып келген қонақтар көкөніс пен гүл өсірудің қыр-сырын жергілікті тұрғындарға үйретуге ниетті. Ол үшін жерлес­теріміз міндетті түрде голландтық жылыжайларды сатып алуы керек. Бірақ, бір гектар голландтық дайын жылыжайды орнатуға 1 млн. еуро қаржы жұмсалады. Оны жерлес­теріміздің қалтасы көтермейді.

Қажет АНДАС.