БИЫЛ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНА - 90 ЖЫЛ. ЖЕТІСУ ӨЛКЕСІ ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕСІЗ?

Уақыты: 01.01.2022
Оқылды: 2324
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Биыл 90 жыл толған Алматы облысы отандық және әлемдік тарихқа Жетісу атымен белгілі. Қазақ халқының сан ғасырлық тарихында Жетісу аймағының алатын орны ерекше. Жер жаннаты атанған бұл өлке өзінің сұлу табиғаты, бай тарихы, қойнауы қазынаға толған шұрайлы жері, берекесі мен бірлігі жарасып, тату-тәтті ғұмыр сүріп жатқан тұрғындарымен алтын бесікке айналған.

Сонау ежелгі үйсін мен сақ, ғүн мен түркі заманынан бері осы өңірді мекендеген халқымыз нені көріп, нені бастан кешірмеді?! Алатау мен Алакөлге дейінгі ұлан-байтақ ырысты өлке, түгін тартса майы шығатын құнарлы алқап, Ойжайлау мен Белжайлау, Шалкөде мен Мыңжылқы, айдынды Алакөл мен суы шипа Балқаш, жақұттай Көлсай мен табиғаттың тамаша тартуы саналатын Тамшыбұлақ, Бесшатыр мен Ақтау, Айғайқұм мен бітімі бөлек Шарын шатқалы, Алтын Емел, айта берсек, таусылмайтын, көрген жанның көзін қызықтыратын қазақтың сұлу өлкесі бағзы заманнан бергі атақонысымыз болды. Қазақ баласының бірнеше мыңжылдық тізбегінде осы өңірге кіндігімен байланып қалғанының да бір себебі осында.

Қай қырынан келсек те, Жетісу жері берекесі мен ырысы тасыған, бейбіт күннің шуағына еміреніп, тарихтың кейбір қатпарларын бауырына бүгіп жатқан қасиетті мекен. Алтын Адам табылып, айдай әлемге аты жайылған аймағымыз тарихта ұлы өркениеттер мен ұлы тұлғаларды көптеп тудырған қасиеттілігімен де тарихтан ойып орын алады. Ежелгі Жібек Жолының бел ортасында тұрып, әлемдік өркениеттердің тасымалы болған Қойлық пен Талхиз, Қаракемер қалалары, сайын даламыздағы төбесін күн шалған ежелгі ескерткіштер ата-бабаларымыздың өнер мен ғылым, өркениеттен құрыжаяу еместігін айғақтайды.

Жетісу жері кешегі сақ, үйсін, қаңлы мемлекеттерінің атамекені болды. Бұл өңір батыр бабаларымыздың қол бастап, ел мен жердің келешегі үшін күрескен, даналардың, билер мен шешендердің қадірлі сөзі қалған қаймақты жер. Ілиясқа «Жер таппан жерге жетер Жетісуым» дегізген, Жамбылды «Тізілген таулары бар Жетісудың, ішінде орман-тоғай біткен нудың» деп тамсандырған, Мұқағалиға «Сәлем берем бас иіп Жетісуға, сәлем берем бас иіп Алатауға» деп ән салдырған өңір.

Жетісу жерінен қазақ халқының өткен сан ғасырлық ізін табуға болады. Анау бел-белестердегі әжелеріміздің әжіміндей айғыз-айғыз жол сорабы соның дәлелі іспетті. Кейінгі аумалы-төкпелі тарихты бастан өткерген осы өлкеде 1848 жылы отаршылық-әкімшілік құрылым – Ұлы Орда приставтығы құрылды. Ол 1856 жылы Алатау округі аталды. 1867 жылы Түркістан генерал-губернаторлығы құрылғанда қазіргі Алматы облысының бірталай бөлігі Верный уезі атанып, Жетісу облысының құрамына кірді. Сонымен қатар, орталығы Верный (Алматы) бекінісі болып белгіленген жаңа облыс құрамына Жаркент, Қапал, Сергиополь, Тоқмақ, Ыстықкөл уездері енді. 1882-1897 жылдары Жетісу облысы Дала генерал-губернаторлығына қарады. Ал 1897 жылдан бастап Түркістан генерал-губернаторлығының, Қазан төңкерісінен кейін 1918-1924 жылдары Түркістан АКСР-і құрамында болып келді.

1924 жылы Орта Азияда жүргізілген ұлттық-территориялық межелеу нәтижесінде Жетісу облысының аудандары Қазақ АКСР-іне енді. 1929-1932 жылдары Алматы округі аталып, құрамында Лепсі, Талғар, Шелек, Жаркент, Қарғалы, Сөгеті, Балқаш, Алтынемел, Қордай, Іле, Қаратал, Қоңырөлең, Қарқара, Шоқпар, Бөрібаев, Бүйен, Ақсу, Сарқан, Герасимов, Шу, Қастек және Алакөл сияқты 21 аудан болды. 1929 жылы Түрксіб құрылысының аяқталуы және Алматыға теміржолдың келуі өнеркәсіптің дамуына игілікті әсер етті.

Бұл жағдай қала мен облысты екі әкімшілік құрылымға бөліп басқарудың қажеттілігін туындатты. Сонымен, 1932 жылдың 10 наурызында Алматы облысы болып қайта құрылды. Облыс орталығы сол кездегі астанамыз Алматы қаласына орналасты. Астанамыз Алматы қаласының экономикалық өсуі облыстың да қарқынды дамуына түрткі болды.

Екінші дүниежүзілік соғысы жылдары облыстағы қолына қару алуға жарайтын ер-азаматтар мен қыз-келіншектер майданға аттанды. Оның бәрін осы ретте толықтай атай алмасақ та, Мәскеу түбіндегі шайқаста ерліктің ерен үлгісін көрсеткен 28 гвардияшы-панфиловшылардың батырлығы Алматы облысы тұрғындарының ерлік шежіресі болып тарих бетіне таңбаланып қалды. Сондай-ақ, соғыс жылдары облыс ұрыс қимылдары жүріп жатқан ауданнан көшірілген 34 кәсіпорынды, батыс аймақтардан келген мыңдаған босқындарды қабылдап, оларды жұмысқа орналастырды. Атақонысынан күшпен көшірілген жүз мыңдаған чешен мен ингуш, қарашай мен балқар, неміс пен поляк, түрік пен Қырым татарлары облыс аумағына орналасып, ұрпағын өрбітті.

Соғыстан кейін облыс тұрғындары қайта құру науқанына белсене атсалысты. Өнеркәсіп пен ауылшаруашылығын дамытудағы қол жеткен ерен табыстары үшін облыс екі мәрте Ленин орденімен марапатталды. Облыс еңбекшілері арасынан 100-ге жуық Социалистік Еңбек Ері, мыңдаған еңбек озаты шықты. Қай салада болсын ерен еңбегімен тұлғаланған азаматтар Қазақстанның емес, бүкіл Одақтың мақтанышына айналды. Сол қатарда жерлесіміз, екі мәрте Еңбек Ері атанған, Қазақстанды жиырма неше жыл басқарған Дінмұхамед Қонаевты, Нұрмолда Алдабергеновті айрықша атай кеткеніміз жөн. Ғылым, білім, денсаулық сақтау саласы бойынша үлкен жаңалықтар ашқан ғалымдар шоғыры өсіп шықты. Сол қатарға қазақ спортын бүкіл әлемге танытқан талантты азаматтар да болды.

Экономиканың өсуі, тұрғындар санының артуы, тағы да басқа себептерге байланысты 1944 жылғы 16 наурызда Алматы облысынан Талдықорған облысы бөлініп шықты. Оның орталығы Талдықорған қаласы болып бекітілді. Алайда Талдықорған облысы 1959-1967 жылдары Алматы облысы құрамына қайта еніп, 1967 жылғы 23 желтоқсанда қайта бөлінді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдардағы тоқырау мезгілінде, яғни, 1997 жылғы 22 сәуірде Талдықорған облысы таратылып, оның аудандары Алматы облысына қосылды.

Ол кезде облыс орталығы Алматы қаласында тұрған еді. Ал 2001 жылы облыс орталығы Талдықорған қаласына көшіп келді. Өткен 90 жылдың бедерінде Алматы облысының тізгінін елі үшін еміренген, жері үшін аянбай тер төккен талай бірегей тұлғалар ұстады. Олардың әрбірінің өмірі бір-бір кітапқа жүк. Облысты 1968-1970 жылдары басқарған Бәйкен Әшімовке Талдықорған қаласынан көше аты беріліп, еңбегі ұлықталды.

Соңғы жиырма жыл бедерінде Алматы облысының өсіп-өркендеуі, бейнелі тілмен айтқанда, ұшқан құстай алға ілгеріледі. Қай салада болсын өсіп-өркендеудің, даму мен кемелденудің айқын бағдары қалыптасты. Бүгінде облыс 17 аудан мен үш қалалық әкімшілік құрылымға бөлініп, Қазақстанның жарқын келешегін орнату ауқымды жоспарларын орындау жолында еңбек етуде.

Облыс орталығы Талдықорған қаласына көшіп келгеннен бергі жиырма жылда қала адам танымастай өзгерді. Құрылыс саласы дамып, әлеуметтің әлеуеті өсті. Түрлі саладағы жетістіктер жұрт көңілін қуантты. Қатар-қатар бой көтерген жаңа тұрғын үйлер қаланың сәнін ашса, жаңадан салынған театр, Салтанат сарайы, көпсалалы аурухана, теннис орталығы, Достық үйі, «Жастар» спорт сарайы, «Жастар» саябағы, Жастарға қызмет көрсету орталығы, Студенттер үйі, Оқушылар сарайы, еңселі «Koktem Grand» қонақүйі, тағы да басқа әлеуметтік нысандар көз қуантады.

Талдықорған қаласында республикада бірінші болып бой көтерген Тіл сарайы мемлекеттік тілге деген жетісулықтардың құрметін білдірсе, биыл қолданысқа берілген Орталық Азияда баламасы жоқ жүзу бассейні қалалықтардың спортпен айналысуына үлкен мүмкіндік ашты. Бір сөзбен айтқанда, Талдықорған жастар үшін бар жағдай жасалған ертегі қалаға айналды.

Ерекше жетістіктерімен еліміздің экономикасын өркендетіп, ғылымы мен білімін жетілдіріп, басқа салалардағы табыстарымен де ерекшеленіп келе жатқан облыстың тоқсан жылда жеткен биігі әлі де зерделеніп, талай жаңалық жұртқа жетіп, талай азаматтың болмысы айқындалатыны анық. Ал алдағы уақытта облысымыздың елімізбен бірге өсіп, жетіле беретініне сеніміміз нық.

Қажет АНДАС

Алматы облысы