ҚЫТАЙМЕН ШЕКАРАЛАС ПАНФИЛОВ АУДАНЫНДА ТҰРҒЫН ҮЙЛЕР КӨП САЛЫНАДЫ

Уақыты: 13.02.2022
Оқылды: 1381
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Панфилов ауданында көп пәтерлі үйлердің құрылысы басталды. Биыл өңірдің құрылыс саласына айтарлықтай қаржы бөлінген.

Шекаралық аймақтағы Нұркент ауылындағы екі 80 пәтерлі тұрғын үй құрылысын салуға 1 млрд.384,5 млн.теңге қаржы бөлінген. Сондай-ақ Жаркент қаласындағы екі 60 пәтерлі тұрғын үй құрылысын салуға, абаттандыруға және инженерлік-коммуникациялық желілердің құрылысына 1 млрд.143,6 млн.теңге қаралған. Пәтерлер келер жылы пайдалануға берілсе аудандағы үй кезегінде тұрған отбасылардың баспана мәселесі кезегімен шешілмек. Биылдың өзінде наурыз және маусым айларында Нұркент ауылында 240 үйдің кілті тапсырылмақ.

«Биыл ауданда құрылыс саласына айтарлықтай қаржы бөлінді. Жаркент қаласы мен Нұркент ауылдарында тұрғын үй құрылысын абаттандыруға және инженерлік-коммуникациялық желілердің құрылысына, сондай-ақ, жоба-сметалық құжаттама әзірлеуге 250 млн.теңгеден астам қаржы қарастырылған. Бұл өз кезегінде баспана мәселесін шешуде айтарлықтай септігін тигізеді», - дейді Панфилов аудандық құрылыс саласының маманы Бауыржан Қашқынбаев.

Ал жалпы аудан бойынша бүгінгі таңда 7 категорияда 4088 отбасы баспана кезегінде тұр.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"