ҚЫС АЯҚТАЛУҒА ТАЯДЫ. ШАРУАЛАР КӨКТЕМГІ ЕГІС ЖҰМЫСЫНА ДАЙЫН БА?

Уақыты: 15.02.2022
Оқылды: 1150
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қыс аяқталуға таяды. Енді біраз күннен соң көктемнің алғашқы айына аяқ басамыз. Осыған байланысты қазір көктемгі егіс жұмыстарына дайындық  жүйелі жүргізіліп жатыр. Жалпы, ел бойынша биыл егіс алқаптарының көлемі 22,9 миллион гектарды құрайды, бұл былтырғымен салыстырғанда 13,5 мың гектарға жоғары.

Ал облыста ауылшаруашылығы дақылдарының егіс алқаптары 973,6 мың гектарға дейін жеткізілетін болады, бұл өткен жылдан 1,3 мың гектарға артық. Соның ішінде дәнді және дәнді бұршақты, майлы, бақша дақылдары мен жүгері, картоп, күріш, көкөніс, қант қызылшасы бар. Егіс алқаптарын әртараптандыру саясатына сәйкес егіс құрылымында майлы дақылдар көлемі 21,6 мың гектарға қысқарып, орнына тиімділігі жоғары дәнді дақылдар 3,2 мың гектарға, оның ішінде дәндік жүгері 1,6 мың гектарға, мал азығы дақылдары 7,7 мың гектарға ұлғаймақ. Былтыр 108,1 мың гектарға күздік дақылдар себіліп, 198,9 мың гектар сүдігер жыртылды.

2022 жылдың өніміне қажет 238,5 мың тонна ауылшаруашылығы дақылдарының тұқымы қамбаға толық құйылды. Жаздық дақылдардың тұқымдық және отырғызу материалының сұрыптық және егістік сапаларын анықтау жұмыстары аккредиттелген «ЖетісуАгрЭкс» зертханасында жасалады. Несие ресурстары бойынша аграрлық несие корпорациясымен көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруға 1700 миллион теңге қарастырылған, бүгінгі таңда қырық ауылшаруашылығы тауар өндірушілерден 778,0 миллион теңгеге өтінім түсті. Минералды тыңайтқыштар бойынша облыста жергілікті бюджеттен 2,0 миллиард теңге субсидия бөлінді, 44 мың тонна тыңайтқыш қолдану жоспарлануда.

Көктемгі дала жұмыстарын жүзеге асыруда ауылшаруашылығы техникаларының атқаратын қызметі жоғары. Техниканың жанар-жағармаймен уақытылы қамтамасыз етілуі де маңызды. Осы ретте дала жұмыстарына 32,9 мың бірлік ауылшаруашылығы техникасы мен тіркеме агрегаттары тартылмақ. Оның ішінде, трактор, соқа, сепкіш, культиватор және тырма бар. Жалпы, дайындық 94,1 пайызды құрайды. Облыстық ауылшаруашылығы басқармасы ҚР Ауылшаруашылығы министрлігіне көктемгі дала жұмыстарын сапалы жүргізу үшін мұнай өңдеу зауытының көтерме бағасы бойынша 14460 тонна дизель отынына өтінім жіберді (наурыз 10800 тонна, сәуір 2400 тонна, мамыр 1260 тонна).

ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі және ҚР Энергетика министрлігі аталған көлемді бөлу туралы құжатты рәсімдеуде. Ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерге берілетін кепілді дизель отынының бөлінетін көлемі мен бағасын бекіту мәселесі Ауылшаруашылығы және Энергетика министрліктерінің, вице-министрлерінің қатысуымен өтетін отырыста анықталмақ.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Алматы облысы