БҮЛІК КЕЗІНДЕ ҚИРАҒАН ӘКІМДІК ҒИМАРАТЫ ОСЫ ЖАЗДА ЖӨНДЕЛІП БІТЕДІ

Уақыты: 17.02.2022
Оқылды: 1268
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы ​​​​​​облысы әкімдігінің ғимаратын жөндеу биылғы жылдың екінші тоқсанында аяқталады. «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми зерттеу және жобалау институты» АҚ ғимараттың техникалық зерттеу қорытындысын шығарды. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Институт шығарған құжатта әкімдіктің негізгі құрылымдарын күшейту қарастырылған. Нысанды сүріп тастауға немесе жаңадан салуға қажеттілік жоқ.

Облыстық құрылыс басқармасының мәліметіне қарағанда, бүгінде жобалық-сметалық құжат жасалуда. Ірілендірілген сметалық норма бойынша алдын ала есептеуге сәйкес құрылыс-монтаж жұмыстарының құны - 4,3 млрд.теңге. Аталған институттың қорытындысына сәйкес, жөндеу, қалпына келтіру, негізгі құрылымдарды күшейту де осы сомаға кіреді. Барлық жобалық шешімдер ғимараттың қолданысқа берілгеннен кейін өзгертілген нормативтік құжаттардың, яғни, санитарлық нормалар, өрт қауіпсіздігі және сейсмокүшейту жөніндегі нормативтік талаптардың негізінде қабылданады. Сөйтіп, жаңа талаппен күрделі жөндеуден өтетін ғимараттың техникалық әлеуеті күшейтіледі.

«Жобалық-сметалық құжаттар дайын болған соң мемлекеттік сараптамаға жіберіледі. Қазіргі кезде ғимараттың бүлінген жерлерін тазарту аяқталып, жөндеуге дайындық жүргізілуде. Қалпына келтіру жұмыстары биылғы жылдың ІІ тоқсанында аяқталады», - делінген облыстық құрылыс басқармасының хабарламасында.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"