ҚҰНЫ ҚЫМБАТҚА ТҮСЕТІН ҚҰРЫЛЫС ЖОБАЛАРЫ МАҚҰЛДАНБАЙДЫ - ОБЛЫС ӘКІМІ

Уақыты: 17.02.2022
Оқылды: 1128
Бөлім: ЭКОНОМИКА

"Алматы облысының әкімі Қанат БОЗЫМБАЕВ өңірде және Алматы қаласында тіркелген құрылыс компанияларының өкілдерімен кездесіп, құрылыс жұмыстарының сапасын арттыру және жергілікті материалдарды қолдану туралы мәселелерді талқылады", - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Дәурен Жолжановтың айтуынша, құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан 83 мердігер мекеменің 32-сі ғана Алматы облысында тіркелген. Өзге облыстардан келіп жұмыс істейтін мекемелердің құрылыс көлеміндегі үлесі 61,5%, қаржыландырудың 60% осы мекемелерге бағытталған. Кездесуде облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Данияр Әбдібеков құрылыс жұмыстарының заңдылығы мен сапасын бақылауда анықталған мердігер ұйымдардың жиі жол беретін ортақ кемшіліктеріне тоқталды.

Жиында облыс әкімі Қанат Бозымбаев өңірдегі нысандар құрылысын жобалау, құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында қойылатын талаптар жайында айтты. Ендігі жерде аймақта өндірілетін құрылыс материалдарын пайдалану мен мемлекеттік сатып алу конкурстарына жергілікті компаниялардың көптеп қатысуына басымдық берілетін болады. Сол сияқты құрылыс саласында 3 бағыт, атап айтқанда ауыз су мен суару жүйелерін, сол сияқты мектеп ғимараттарын салу мен қайта жаңғыртуға ерекше назар аударылады.

- Мемлекеттік сатып алу конкурстарына жергілікті компаниялардың қатысқанын қуана құптаймыз. Басқа облыстардан біздің аймаққа, сол сияқты облыстың бір ауданынан екінші бір шетіндегі ауданына келіп құрылыс жүргізу қаншалықты тиімді?! Әрине, оған құқығы бар. Дегенмен, біз сапалық тиімділігі жағынан қарастыруымыз керек. Алматы қаласында тіркелген құрылыс компаниялары облыс аумағында жұмыс істегісі келсе, біздің өңірден филиалын ашып, тіркеліп, әлеуметтік салықтарын осында төлеп, жұмыс істеуі қажет деп есептеймін. Сол сияқты бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін де ұмытпаңыздар. Жергілікті жерде шығатын материалдарды қолдану міндетті талап болуы керек. Бұл - бір жағынан жергілікті кәсіпкерлерді қолдау, екінші жағынан құрылыс жұмыстарының қымбатқа түспеуіне ықпал етеді. Ендігі жерде құрылыс нысандары типтік үлгіде жүргізіліп, құны тым жоғары жобаларға жол берілмейді. Бюджет қаржысын тиімді жұмсауымыз керек, - деді Қанат Бозымбаев.

Жиында тиісті басқармаларға облыста шығарылатын құрылыс материалдарының түрлері, атауы, өндіретін кәсіпорынның реквизиттері жинақталған электронды каталог әзірлеуді, жергілікті құрылыс компанияларына консультациялық қолдау көрсетудің жүйесін жасауды тапсырды.

Кездесуде құрылыс компаниялары, авторлық және техникалық қадағалау, жобалау мекемелерінің өкілдері пікір алмасып, ортақ мәселелерін талқылады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"