ҮКІМЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ БАҚЫТ СҰЛТАНОВ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНА КЕЛДІ

Уақыты: 18.02.2022
Оқылды: 1241
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысына жұмыс сапарымен Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт СҰЛТАНОВ келді. Әкімдікте өткізілген жиында Алматы облысының әкімі Қанат БОЗЫМБАЕВ өңірдегі проблемалық мәселелер мен оларды шешудің мүмкіндіктері жайлы баяндады. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың айтуынша қараусыз, қолданыстан шығып қалған суармалы жерлерді айналымға тарту – аграрлы-индустриалды аймақ үшін маңызды бағыттың бірі. Осыған байланысты 2025 жылға дейін облыста жалпы сомасы 153,4 млрд.теңгеге қайта жаңғырту және күрделі жөндеу арқылы 114 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру жоспарлануда. Бұл суармалы жерлерден ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы жиынын 35 пайызға арттыруға, шамамен 9,5 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Қанат Бозымбаев тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылымды дамытудың өзекті мәселелеріне назар аударды. Соның ішінде тозығы жеткен су жүйелерін жаңарту, елді мекендерді газдандыруды жалғастыру, Талдықорған қаласының инженерлік-көліктік инфрақұрылымын дамыту, кезекте тұрғандарды сапалы және қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету, сонымен қатар ішкі істер органдары қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдерін беру, тұрғындарды сапалы саяжай массивтерінің проблемаларын шешу бағыттары да қамтылды.

- Облыстағы саяжайлар мәселесін кешенді түрде қарастыру керек. Облыста барлығы 705 саяжай бар, оның 674-і немесе 95,6%-ы Алматы агломерациясы аймағында орналасқан. Саяжайларда 214 мың адам тұрады. Бюджет қаржысы мен жеке инвестицияны тарта отырып, Талғар, Іле, Еңбекшіқазақ, Қарасай аудандарында жаңа тұрғын үй салу мен инфрақұрылым жүргізу арқылы оларды қоныстандыру керек немесе саяжайларға елді мекен мәртебесін беру қажет. Біз осы мәселе қатысты іс-қимыл жоспарын әзірлеп жатырмыз, тиісті ұсыныстар енгізілетін болады, - деді Қанат Бозымбаев.

Әлеуметтік салаға қатысты проблемалар да назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, мектептердегі үш ауысымды оқыту мәселесі ішкі көші-қонға және бала туу көрсеткішінің жоғары болуына байланысты әлі де өзекті болып отыр. Қазіргі уақытта облыста 54 үш ауысымды, 143 бейімделген мектеп бар. Жаңа типтік мектептер салу үшін қомақты қаражат қажет. Бұл проблемаларды шешу үшін жалпы сипаттағы трансферттер шеңберінде қаржыландыру жеткіліксіз. Педагогтар үшін нормативтік оқу жүктемесінің төмендетілуіне байланысты мұғалімдердің жалақысын арттыру республикалық бюджеттен қосымша қаржы қарастыруды қажет етеді. Сондай-ақ, 2021 жылы Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасының аяқталуына байланысты қаражаттың айтарлықтай қысқаруы жұмыссыздықтың көбею қаупін туғызады. Сондықтан бұл мәселелерді шешуде Үкіметтің қолдауы қажет.

Жиынды қорытындылаған вице-Премьер – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов көтерілген мәселелердің шешіміне қатысты:

- Қазіргі кезде бюджетті нақтылау жобасын дайындау жұмыстары белсенді жүргізілуде. Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау мақсатында ауқымды шаралар қолға алынып жатыр. Сіз айтқан мәселелерді қаржы, ұлттық экономика министрліктері жан-жақты қарастырады. Бұл мәселелер елеусіз қалмайды. Сонымен қатар, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру басым бағыттар болып қала береді, - деді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"