КӘСІПКЕРЛЕР НАЗАРЫНА! 1 НАУРЫЗДАН БАСТАП САЛЫҚ ТӨЛЕУШІ ПАСПОРТЫ ЕНГІЗІЛЕДІ

Уақыты: 26.02.2022
Оқылды: 1107
Бөлім: ЭКОНОМИКА

2022 жылдың 1 наурызынан бастап қоғамдық тамақтандыру және сауда салаларында қызмет ететін кәсіпкерлер үшін салық төлеушінің паспорты енгізіледі. Бұл туралы "Қазақпарат" агенттігі Алматының мемлекеттік кірістер департаментіне сілтеме жасап мәлім етті.

Бұл - салық құпиясы болып табылмайтын, мемлекеттік кірістер органы қалыптастыратын штрих-кодта (QR-код) қамтылған кәсіпкерлік субъектісінің ақпараттық картасы.

Салық төлеушінің паспортын қоғамдық тамақтандыру және сауда саласындағы қызметті жүзеге асыратын салық төлеушілер бақылау-касса машиналарының жанында және жалпыға бірдей қолжетімді орындарда орналастырады.

Паспорт төмендегідей ақпараттарды қамтуы керек: ЖСН/БСН; салық төлеушінің атауы; жеке кәсіпкердің немесе заңды тұлға басшысының аты-жөні; салық төлеушінің мәртебесі; есепке қойылған күні; БКМ тіркеу нөмірі; алкоголь өнімдеріне лицензияның болуы.

Бұл ұғым салық органдары қалыптастырған салық төлеушінің салық міндеттемелерін орындауы туралы деректеріне ашық қол жеткізуді ұсыну мақсатында және халықты (сатып алушыларды, қызметтерді пайдаланушыларды), контрагенттерді және тағы басқаны хабардар ету мақсатында енгізіледі.

Салық төлеушінің паспорты салық органында есепті айдан кейінгі екінші айдың 15 күнінен кешіктірмейтін мерзімде айына 1 рет қалыптастырылады. Салықтар және басқа да көптеген мәселелер туралы толығырақ 1414 нөмірі немесе @mkdalmaty_dgdalmaty арқылы біле аласыз.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"