Баға тұрақталып қалды

Уақыты: 10.10.2017
Оқылды: 1197
Бөлім: ЭКОНОМИКА

 Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашовтың қатысуымен өңірдегі жанар-жағармай бағасының көтерілуіне байланысты туындаған мәселелер сөз болды.  
Шараға облыстық кәсіпкерлік, индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Алимжан Тохтасунов, облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Әсет Қанағатов,  Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Тұрсынбай Галиновтар қатысып, журналистердің сұрағына жауап беріп, қалыптасқан жағдай туралы ойларымен бөлісті.
– Елімізде, соның ішінде облысымызда жанар-жағармай тапшылығы сезілуде. Оның түрлі себебі бар. Мұндай жағдай  Павлодардағы мұнай өңдеу зауыты жөндеу жұмыстарына уақытша тоқтатылғандықтан туындап отыр. Десе де, осындай келеңсіздіктер туындай қалса жұрт арасында орынсыз жағдайдың бірден белең алатыны белгілі.  Осы жолы да күнделікті нормадан асыра бензин сатып алуға ниеттенген тұрғындар тарапынан келеңсіз жайлар орын алды. Айта кетерлігі, күнделікті жағдай қатаң бақылауда. Қазір Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытынан өңірге жеткілікті жанармай қорын тасымалдау ісі қолға алынды. Демек, көп уақыт өтпей орын алған жағдай қалпына келеді деген ойдамыз, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов.
Бәрімізге аян, өткен 4 қазаннан бастап өңірдегі бензиннің бағасы көтеріле бастады. Сол күндері 152, 153 теңгеден сатылған жанармайдың бағасы 159 теңгеге дейін көтерілді.  Облысымызда  жанар-жағармай сататын 335 бекет бар. Облыстық кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму басқармасы 19 аудан мен қаладағы кәсіпкерлік бөлімдерімен бірлесіп бағаны реттеу мен бензин тапшылығын жою бағытында белсене жұмыс істеуде. Облыс орталығы Талдықорған қаласы бойынша  жанар-жағармай сататын 28 бекет болса, оның 25-інде бензин тек талонмен ғана берілуде. Осы аптада «Синойлдың» 1, «Казпромнефтьтің» 3, «Наройлдың» 1, тағы да басқа жанар-жағармай сату бекеттерінде бензин белгіленген уақыт бойынша сатылып отырды. 
Жанар-жағармай бағасының аяқастынан көтеріліп шыға келгенінің басқа да себебі бар екен.  
– Бүгінгі күні еліміздегі   Павлодар мұнай өңдеу зауытының  уақытша жөндеуден өтуіне байланысты, қазір тек  біздің қаламызда ғана емес, барлық облыстарда осындай жағдай орын алуда. Осыған  байланысты Талдықорғанда жанар-жағармай тапшылығы сезілуде. Бүгінгі күні қаламызда 28 жанар-жағармай сату бекеті тіркелген. Оның ішінде бензинді үздіксіз сатып жатқан «Газпромнефть»  бекеті. Осы кәсіпорынның қаламыз бойынша үш нүктесі бар. Ол жерлерде бензин еш кедергісіз сатылуда. Ал 25 бекетте бензин талон арқылы беріліп жатыр, –  дейді облыстық кәсіпкерлік, индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Алимжан Тохтасунов.
  Қазір Талдықорған бойынша тек «Газпромнефть» жанар-жағармай сату бекетінде сұйық отын еш кедергісіз, литрі 156 теңгеден сатылып жатыр. Өйткені, олар бензинді Ресейден тасымалдап отырғандықтан бензин тапшылығын сезіне қойған жоқ. Сенбі, жексенбі күндері аталған жанар-жағармай құю бекетіндегі кезек жүздеген көлікке жетсе, апта басталысымен мұндай кезек болған жоқ. Сөз кезегінде облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Әсет Қанағатов қатты және сұйық отынның жоспардағыдай дайындалып отырғанын, бұл тарапынан ешқандай қиындықтың жоқ екенін жеткізді. Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Тұрсынбай Галинов бензин бағасының көтерілуіне орай туындаған зат бағасындағы қымбатшылықтың алдын алу жөнінде жұмыс істеліп жатқанын тілге тиек етті.

Қажет АНДАС.