Өндіріс көлемі ұлғайды

Уақыты: 17.10.2017
Оқылды: 1395
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Бүгінде өңірдің дамуы тың серпін алды. Осы барыста өндіріс бұйымдарына, оның ішінде отандық өнімге деген сұраныс арта түсті. Нәтижесінде көптеген жұмыс орындары ашылып, жекелеген өндіріс ошақтары өз өнімін беріп те үлгерді. Жеке кәсіпкер Жайлаубек Бласов өз жұмысын 2007 жылдан бастап «Қаратал» құрылыс бұйымдары дүкенін ашудан бастаған. Аталған дүкен аудан тұрғындарын  құрылыс жұмыстарына қажет сан алуан тауармен қамтамасыз етіп, жылдан жылға ұсынылатын өнім түрі мен көлемін тез  ұлғайтты.

Алдыңғы жоба 2011 жылы қолға алынды. Биыл 30 жұмысшысы бар құрылыс бұйымдарын өндіретін цех іске қосылып, шлакоблок өндірді. Тапсырыстың молдығына орай ұсыныс көлемі  артып, цехтың өндірістік қуаттылығы тәулігіне 300-400 блокқа жетті.  
Бұған қоса, өндіріс иесі былтыр шағын және орта кәсіпкерлікті несиелендіру мақсатында аумақтық қаржыландыру бағдарламасына қатысып, «СберБанк» АҚ-нан  8,0 млн. теңгеге несие алды. Қазір бұл ақшаға өндірісті кеңейту мақсатында кезекті жобасын іске асыруда.
Тағы бір тілге тиек ете кетерлік жайт, биыл Қаратал ауданында «Өрлеу» ауылшаруашылығы кооперативі құрылды. Жайлаубек Бласовтың айтуынша, бұл ұжымның құрылуының негізгі мақсаты – аймақтағы жеміс-жидек, жуа, сәбіз, қарбыз өндірушілерден сатып алып, өнімді Алматы және Ресейдегі Сібір қалалары сұранысына орай өңдеп, сақтап, аталмыш шаһарлардағы сауда-саттық орындарына жеткізіп беру.
– Қазір осы мақсатта 2000 шаршы метрге көкөніс қоймасы сатып алынып, жуа сақталуда. Келешекте қойманы 2000-4000 шаршы метрге дейін кеңейтуді жоспарлап отырмыз, – дейді Жайлаубек Бласов.
Шаруасы тиянақты, табысы қомақты кәсіпкердің алға қойған жоспары да көп. Оған уақыт сарапшы десек, осы барыста мемлекеттік қолдаудың да қажеттілігі туындамақ. Осы барыста шаруашылық иесі кәсібін өркендетуге үнемі септесіп, көмек қолын созып отыратын аудан әкімдігіне алғысын жеткізді.

Қозыбай ҚҰРМАН.
Қаратал ауданы.