ЖЕТІСУ ӘКІМДІГІ ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫН ОНЛАЙН РЕЖИМДЕ ТЫҢДАДЫ

Уақыты: 01.09.2022
Оқылды: 1532
Бөлім: ЭКОНОМИКА

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын Жетісу облысы әкімдігінің ұжымы онлайн режимде тыңдады.

Мемлекет басшысы осы жолғы Жолдауында атқарылып жатқан жұмыс ретін таныстыра келіп, алдағы уақыттағы жоспарларды рет-ретімен баяндап шықты. Ең алдымен, еліміздегі жер мәселесіне кеңінен тоқталды. Сондай-ақ, шикізатты өңдеумен емес, сатумен айналысып келе жатқанымызды қатаң сынға алды. Жыл соңына дейін өңірлер игерілмей жатқан жерді толық анықтап, оны мемлекет меншігіне қайтарып, халықтың әл-ауқатын көтеруге қызмет еттірудің қажеттелігін тапсырды.

Президент еліміздегі арнайы экономикалық аймақтарды өркендетуге қатысты шараларды тізіп шығып, шет елдік инвесторларды тартудың тың жобасын ұсынып, озық технологияларды енгізіп, ел экономикасын өркендетудің бағытын көрсетті.

Жолдауда еліміздегі су тапшылығы мәселесі де ескерілді. Білім беру саласының өркендеп, өсуі үшін «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асатыны белгілі болды. Денсаулық сақтау саласын жаңғыртудың жолдары көрсетіліп, еліміздің ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін ұлғайту қажеттілігі айқындалды.

Жолдау аясында Мемлекет басшысы Қаңтар оқиғасына байланысты да пікір білдірді. Сондай-ақ, орын алған істердің ақ-қарасын нақтылы анықтаудың ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей байланысты екендігін де еске салды. Және осы оқиғаға қатысты азаматтарға бір реткі рақымшылық жариялағанын жеткізіп, құқық қорғау саласы мамандарына тың міндеттер жүктеді. Қысқасы, кезекті Жолдауда  ел экономикасының дамуына, сан саланы өркендетуге, ел өркениетіне оң өзгерістер әкелетін көптеген тың ұсыныс пен тапсырма көрсетілді. Бұл Жаңа Қазақстан құрудың батыл бағыты деп білген жөн.

Облыстық әкімдіктің жиынжайына жиналған көпшілік Президенттің Жолдауын мұқият тыңдап, өз жұмысына қатысты айтылған ұсыныстар мен тапсырмаларды түртіп алып отырды. Ең бастысы, жыл соңына дейін кезектен тыс Президент сайлауы, ал келесі жылдың бірінші жартыжылдығында Парламент пен Мәжіліс депутаттарының сайланатындығы алдағы жұмыстардың қауырыт болатынын ұқтырды.

Қажет АНДАС

Жетісу облысы