ҚАРАЖАТ ДЕР КЕЗІНДЕ ИГЕРІЛУІ ТИІС

Уақыты: 17.10.2017
Оқылды: 1116
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қаражаттың тиісті деңгейде игерілуі өңір экономикасының алға басуына кесірін тигізеді. Бұл тұжырымды облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат ТҰРЛАШОВ Талдықорған мен Текелі қалаларына бөлінген 1 миллиардқа жуық теңгенің игерілмеуіне байланысты айтты. Әрі кәсіпкерлерге арналған шағын несие бағдарламасының жүзеге асуы әлі де болса тиісті деңгейде емес екенін жеткізді.

Осыған байланысты, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының» орындалуын талқылаған өңірлік кеңесте Лаззат Махатұлы жауапты басқарма басшыларын қатаң сынға алды. 
Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы мамандарының мәліметінше, қыркүйекте жалпы сомасы 18 млн. теңге болатын бір ғана несие берілген. Осы ретте Лаззат Махатұлы  бұл жағдайды жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан бақылаудың жоқтығы деп атап өтті.
– Біз шағын және орта бизнес өкілдерінің сұранысын уақытында қанағаттандырмайынша, аймақтардағы ахуалдың қысқа уақыт ішінде жақсаруына мүмкіндік туғыза алмаймыз. Бұл өз кезегінде өңір экономикасының өркендеп-өсуіне өз кесірін тигізетін болады, – деді ол.  
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына облыста айрықша мән беріліп отыр. Бұл мақсатқа  мемлекеттік және жергілікті бюджеттен қомақты  қаржы бөлінген. Жалпы, бұл бағдарлама аясында 2020 жылға дейін 22 мың адамды еңбекпен қамту көзделген.
Жиын соңында облыс әкімінің бірінші орынбасары алдағы аптада қаржыны қалай игеру жөнінде нақты жоспар жасауды тапсыра келіп, басқарма басшыларына алға қойылған міндеттерді уақытылы орындау қажеттігін ескертті. 


Қ. ӘБДІҒАПАР.