Ақдаланың ақмаржаны

Уақыты: 17.10.2017
Оқылды: 1679
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жетісудың сулы да нулы жерінен орын тепкен Балқаш ауданы бай табиғатымен ерекшеленеді. Әсіресе, ауылшаруашылығымен айналысуға қолайлы аймақта негізінен егін егіліп, төрт түлік мал бағылады. Оған өңір еңбеккерлері әбден машықтанған. Жайқалған ақ күріш те осы өлкеде өсіріледі және ол нарықта жоғары бағаға ие. Бұған арнайы іссапармен барғанда көз жеткіздік.

Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Бауыржан Дәрібаевтің берген мәліметіне жүгінсек, биылғы егіс көлемі 29809 гектарды құраған. Оның ішінде арпа, бидай, дәндік жүгері және күріш сияқты дәнді дақылдар бар. Мұның сыртында бақшалық, майлы және мал азығы дақылдары мен картоп, көкөніс өсіріледі. Ауа райының қолайлы сәтін тиімді пайдалана білген диқандар жаздық дәнді дақылдарды да дер кезінде жинап, гектар берекелілігін арттырған. Сөйтіп, қамбаға барлығы 13 мың тоннадан аса астық құйылып, келесі жылға себілетін арпа-бидайдың тұқымы сақтауға қойылған. Қысқы мал азығын дайындау мақсатында 29 мың тоннаға жуық пішендеме, 27 мың тонна сүрлемдік жүгері бастырылыпты. Табиғи шөп пен жоңышқа да ойдағыдай дайындалып, жоспар асыра орындалған. Қытымыр қыстан қысылып қалмауды ойлаған ауылдықтар әлі күнге тыным таппай төрт түліктің жемшөбін әзірлеуді жалғастыруда. 
Күзгі егін жинау науқанына қажет дизель отыны «Қарамай Продакс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы шаруашылықтарға тиісті бағада арзандатылып беріліпті. Ауылшаруашылығы техникалары паркін жаңарту мақсатында биыл он сегіз жаңа техника лизингке сатып алынған. Өңір бойынша барлығы 8861 гектар алқапқа күріш егілген, яғни  бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда біршама жоғары. Аталған дақылды жинау жұмыстары да аяқталуға таяды. Оны шаруа жайымен жақын танысқанда аңғардық. Алажаздайғы бейнеттің өтеуіндей бітік шыққан күріш масақтары иіліп тұр. Жайқала өскен ақмаржанды тезірек орып алуға тырысқан Ақдала ауылдық округіне қарасты «Өтес-Ақдала» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің еңбеккерлері қазір бұл істе белсенділік танытуда. 
Ауданның бас агрономы Бүркіт Мұқанов бізге сол жұмыстарды көрсету үшін арнайы алқап басына әкелді. Дала төсін шуға бөлеген техникалардың гүрілі сонадайдан естіледі. Шаңды аспандата күріш орып жатқан комбайншылар күздің жайма-шуақ мезгілін тиімді пайдалануды ойлап, жұмысты қыздырып жатыр. Аталмыш серіктестіктің басшысы өзінің іргелі шаруашылығының тыныс-тіршілігі жайлы қысқаша мағлұмат берді.
Құрылғанына жиырма жылға жуықтаған «Өтес-Ақдала» ЖШС қазір жетпіс шақты адамды жұмыспен қамтып отыр. Науқан уақытында олардың саны өсіп, жүзден асады. Аталмыш серіктестіктің тәжірибелі бас агрономы Ерлан Нұрлыбековтың айтуынша, мол өнім алу бағытында ауыспалы егістік жүйесін сақтауға баса мән берілген. Алқапта «Регуль», «Анаит» деп аталатын сорттар өсіріліпті. Алдағы уақытта күріштің жаңа элиталы тұқымын әкеліп, егуді жоспарлап отыр. Ол сапа жағынан да мақтаулы әрі мол өнім беретіндігімен ерекшеленеді, оруға да ыңғайлы. Ауданның бас агрономы биылғы ауа райының ақмаржанның жақсы өсуіне жайлылық танытқанын және дақылға қажет тыңайтқыштардың жеткілікті болғанын сөз етті. Байырғы мамандар, сондай-ақ, бұл іске жастарды көптеп тартып, оларға ауылшаруашылығы саласын жан-жақты үйретуге, еңбекке баулуға және жұмысты қаладан емес, даладан да табуға болатынын, тәжірибелерімен де бөлісуге дайын екендіктерін айтып, осы жөніндегі ойларымен бөлісті. 
Алқаптан жиналған күріш қырманға аттандырылуда. Ол Бақанас ауылында орналасқан. Біз сол жерге келдік. Тау-тау болып үйілген дақыл анадайдан менмұндалайды. Онда пісіп-жетілген өнім шаң-тозаңнан тазартылып, ылғалдылығы тексеріледі. Бұдан соң кептіріліп, сортталады. Сөйтіп, «Өтес» деп аталатын зауытқа жеткізіледі. Бірнеше сатыдан өткен күріш бұл жерде арнайы құрылғылардың көмегімен тағы тазаланып, түрі ажыратылады. Содан кейін сапасы анықталып, іріктеліп, өңделіп, ақталып, қапталып, тиісті орындарға жөнелтіледі немесе қоймаға сақтауға қойылады. Біз барған сәтте заман талабына сай жабдықталған кәсіпорында қайнаған тірлік жүріп жатты. Озық үлгідегі неміс технологиясы автоматты түрде жұмыс істеп тұр. Тек арнайы тетіктерін дұрыс басқарса болғаны. Осындай істерді жүзеге асыратын мамандар да өздеріне жүктелген міндетті мінсіз атқаруға тырысып-бағуда. Байқағанымыздай, зауытта еңбек ететін жұмысшылардың басым бөлігі Фархат Асанбаев, Айболат Исаев, Ернияз Бақкелдиев, Ержас Дәулетхан, Асқар Тәттібек сияқты ауыл жастарынан құралыпты. Кәсіпорын шикізат өңделіп біткенше жұмыс істейді екен. Қойма меңгерушісі Ақмарал Нұрланқызының сөзінше, мұнда тәулігіне жиырма бес тоннадан аса күріш өңделіп, қалдықтары малға азық ретінде беріледі. 
Айта кетейік, шаруашылықта өсірілген ақ маржан бүгінде аймақтың түкпір-түкпірінде саудаланады. Аталмыш серіктестік аудан көлемінде өтетін әртүрлі шараға белсене қатысып, әлеуметтік, мәдени, спорттық іс-шараларға да араласады. Қажет болған жағдайда қиналғандарға көмек қолын созып, демеу көрсетіп тұрады. Қуанышпен бөлісіп, қайғыға ортақтаса білетін қожалық иесін тұрғындар құрметтеп қана қоймай, оны мақтан тұтады.

Марс ДӘУЛЕТБАЕВ, 
«Өтес-Ақдала» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы:

 – Барлығы үш мың гектардан аса суармалы жер бар. Биыл алқапқа жүгері, арпа-бидай, жоңышқа және көпжылдық шөп егілді. Сондай-ақ, бізде бес мың бас ірі қара мал бағылады. Оларға қажет жемшөп қорын өзіміз қамдаймыз. Мал азығы толығымен әзірленіп, қысқа сақадай сай дайындалдық. Күріш мың жарым гектарға егіліп, бүгінде оның әр гектарынан 37 центнерден өнім алынуда. Бұл біз үшін өте жақсы көрсеткіш. Алты мың тоннаға жуық күріш жиналады деген болжам бар. Жалпы, бұл дақыл суды молынан ішкенді ұнатады. Биыл бұл жағынан еш қиындық болған жоқ. Ақмаржан жинау науқанының сексен пайызы аяқталды. Қалған жұмыстар бірер күнде бітеді. Ауылшаруашылығы жұмысын жүргізетін техникалардан да таршылық көріп отырған жоқпыз. 
Трактор, «КамАЗ», комбайн сияқты қырыққа жуық техникалармен қамтамасыз етілдік. Оның ішінде лизингке алынғандар да бар. Қазір алқапта жеті комбайн жұмыс істеп жатыр. Мүмкіндік болса оларды науқан кезінде басқа да шаруашылықтардың пайдалануына береміз. Үкімет тарапынан да әртүрлі көмек көрсетіледі. Оған ризамыз. Сондай-ақ, біз шаруашылық құрылған күннен бастап еңбек етіп келе жатқан және өздеріне жүктелген міндетке зор жауапкершілікпен қарайтын Мұрат Омарбаев, Равхат Ыдырысов, трактор жүргізушілері Жандарбек Ахметов, Серғали Ақбаев сияқты тәжірибелі жұмысшыларымызбен мақтанамыз. 

Айгүл Байбосынова.

Балқаш ауданы.