ҚАРБЫЗ ӨСІРУШІЛЕРГЕ ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛҒАН - БАЛҚАШ АУДАНЫ

Уақыты: 07.09.2022
Оқылды: 1247
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Дәнді дақылдармен бірге көкөніс және бақша өсірушілерге аудандық ауыл шаруашылық бөлімі тарапынан қолайлы жағдай жасалған. Сондықтан осы саламен айналысатындардың қатары көбейіп келеді.

Ала жаздай кетпен-күрегімен жер шұқып, мол ырзыққа кенелуді көздеген қарбыз баптаушының бірі – Бақбақты ауылының байырғы тұрғыны Витя Попов. Ол 1989 жылдан бері бақша өсірумен айналысып келеді.

«Жер-ана» ШҚ төрағасы Витя Поповтың айтуынша, мемлекет тарапынан жалға алған 20 гектар жердің 3 гектарына түрлі көкөніс отырғызса, 10 гектарына қарбыз еккен. Қазір әр гектарынан шамамен 25 тоннадан өнім алып отыр. Маңдай терімен баптаған дайын өнімін Алматы қаласындағы «Алтын Орда» базарына жеткізіп, өзінің тұрақты тұтынушыларына көтерме бағада өткізеді. Зайыбы Нина үй шаруасымен айналысса, дала жұмыстарына алғашқы жылдары ұлы Сергей мен қызы Александра көмектесіпті. Бүгінде немерелері атасына қолғанат болып жүр.

60 жастан асқан кәсіпкер жас кезінде волейбол ойнаумен айналысып, алдына жан салмайтын үздік спортшы болыпты. Жас күнінде ала допты алақанында ұршықтай иірген ардагер спортшы бүгінгі таңда Алатаудың баурайында қоныстанған қала тұрғындарына ала қарбызбен қамтамасыз етіп жүр.

Егіс басына барғанымызда күйеу баласы Нариман Тұрсыновты және  Рома, Анатолий, Карина есімді немерелерін қызу еңбек үстінде жолықтырдық. Карина егіс жұмысына 3-сыныптан бастап араласыпты. Ол қарбыз егудің және оны баптап өсірудің, сонымен қатар, қандай қарбыз пісіп-жетілгенін бір қарап-ақ білетін деңгейге жетіпті. Енді атасының ісін алға қарай жалғастыруға талпынып жүр.

Бақтығали МЕЙРАМБЕКҰЛЫ

Балқаш ауданы,

Алматы облысы