АТОМ ЭЛЕКТР СТАНСЫСЫ КЕРЕК ПЕ?

Уақыты: 10.06.2023
Оқылды: 826
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ғылым мен техниканың, кәсіпкерлік пен экономиканың, халықаралық байланыстың өркендеуіне орай электр энергиясына деген сұраныс та арта түсті. Аамзаттың тіршілігіне су қалай керек болса, бүгінгі таңда электр энергиясына деген қажеттілік те сол деңгейге көтерілді. Жарты сағат жарықсыз қалсаң, бүкіл дүние шыр айналып кеткендей күй кешетініміз анық. Кейінгі кездері жарықты да жиі өшірілетіні байқалып жатыр.

Демек, ел болып электр енергиясына деген тапшылықты жоюымыз керек. 2021 жылы Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің Владивосток қаласында өткен Шығыс экономика форумының пленарлық отырысында «Қазақстанға атомэлектрстансысы қажет» деп атап көрсетті. Демек, біз атом электрстанысына мұхтажбыз. Оның сан түрлі себебі бар. Дегемен, «Атом» десе жүрегі шайлығып қалған жерлестеріміздің арасында  бұл игілікке енжарлық танытып отырғандар да жоқ емес. Сондықтан біз Президент тапсырмасы мен тұрғындардың пікірін елеп-екшей отырып, атом электрстансынына деген қажеттіліктің күнгейі мен көлеңкесін бір тексеріп шыққымыз келді.

КӨЛЕҢКЕСІ

Бүгінгі таңда энергетикалық қауіпсіздік 1 елдің 2-ші елге тәуелді, экономикалық кіріптарлыққа тап болмауының алғышартына айналды. Еліміз мұнайға, көмірге, темірге және басқа да қазба байлықтарға зәру болмағанымен электр энергиясын өндіретін су энергиясына мұқтаж. Бұл біздің энергетикалық қауіпсіздік жағындағы әлсіз тұсымыз. Кезінде біздің бабаларымыз судың басына таласып, талай қанды жорықтар жасады. Өйткені, олар су – тіршілік көзі екенін ежелден пайымдаған. Бүгінде еліміздегі электр энергиясының басым бөлігі су электрстансылары арқылы өндіріледі. Өкінішке қарай, кейінгі бірнеше ғасырда біз сол өзендер бастауларынан айырылып қалдық. Елімізде ағып жатқан  өзендердің бастауының көбі көрші елдерден келеді. Олардан ағып кіретін өзен суларын электр энергиясына айналдыру емес, ауызсу мәселесін шешу мен егіс алқаптарын суландыруға жеткізе алмай жатырмыз.

Кейінгі жылдары жел және күн энергиясынан пайдаланып электр энергиясын өндіру ісі де жиі қолға алына бастады.  Бұл экологиялық таза энергия болып табылғанымен осы ұмтылыс арқылы елдің электр энергиясына деген сұранысын қамтамасыз етуге қазірше мүмкіндігіміз жетпейді. Оның кейбір үйлесімсіз тұстары да бар. Жел мен күн таза жасыл энергия болғанымен оның өзіндік құны су және көмір, газбен өндірілетін электрден әлдеқайда жоғары. Оны елімізде зор мөлшерде өндірілуіне және аумақтық қамту көлемін шексіз арттырудың мүмкіндігі аз. Сондай-ақ, жел энергиясы мен күн энергиясы тұрақсыз. Оның электр энергиясын аз немесе көп беруін табиғаттың өзгерісі белгілейді. Ал жылу энергиясын пайдаланып электр энергиясын алу экологиялық жағдайды нашарлатып жіберетінін ескермей болмайды. Өйткені, қатты отыннан шығатын көмірқышқыл газы ауаны былғайды. Қазір бүкіл әлем көмір шығындарынан бас тартып жатыр. Оның үстіне жылу энергиясына кететін шығын кейінгі жылдары қауырт өсіп барады. Мысалы, өткен жылдың өзінде 1 тонна көмір 25 мың теңгеге дейін көтерілді.

Қазіргі таңда еліміздің оңтүстік өңірінің экономикалық дамуы солтүстік өңірге қарағанда жылдам. Себебі, оңтүстікте халық тығыз орналасқан және өнеркәсіптену деңгейі де жоғары. Жыл сайын жер байлығы мен кен байлығын пайдалану мөлшері электр энергиясын көп мөлшерде талап етіп отыр. Сондықтан олар жетіспеген энергияны көрші елдерден импорттауға тәуелді. Керісінше, солтүстік өңірлер электр энергиясының бір бөлігін көрші Ресейге экспорттап отыр. Осы тұста: «Оңтүстік жетпеген электр энергиясын неге солтүстік өңірден алмайды?» деген сұрақтың туындауы да мүмкін. Себебі, электр энергиясын тасымалдаудың өз ерекшелігі болады. Оның шығыны мен кірісі, пайдасы мен зияны, бағасы мен құны сияқты түрлі жағдайлар тежеп отырады. Осының салдарынан, электр энергиясы жетіспейтін өңірлер шарасыз түрде өзіндік құнын қымбаттатуға мәжбұр. Оның қымбаттауы зат бағасының көтерілуіне әкеледі. Ол бағаны шарықтатып, тұрғындардың қалтасына жүк түсіреді.

Қанша жасырсақ та елімізде электр қуатының тапшылығы бар, бұл энергетика саласына жүк салуда.  Статистикаға сүйенсек, өткен жылы оңтүстік өңірлер электр энергиясының тапшылығын жыл бойы басынан өткерді, ал  биыл қаңтар айында елімізде бұл тапшылық 4,2 млн. кВтсағ құраса, ақпанда 23,3 млн. кВтсағ құрады. Әлі де сол электр энргиясына деген жетіспеушілік шешілген жоқ.

Cарапшылардың болжауынша, қазір елімізде электр энергиясының сұранысы күннен-күнге артуда. Сұраныс 2030 жылға қарай 136 млрд. кВт/сағ, ал 2050 жылы 172 млрд. кВт/сағ-қа дейін өседі екен. Сондықтан сұранысты қанағаттандыру мен тозған электр стансыларының жұмысын тоқтатып, қайта жаңғырту кезек күттірмейтін мәселе. Болжам бойынша, 2030 жылға қарай 11-12 ГВт тоқ тарата алатын жаңа қондырғылар қажет болса, ал 2050 жылға қарай 32-36 ГВт тоқ тарататын жаңа қондырғылар керек.

ҚР Энергетика министрлігінің электр энергиясы мен қуаттылығының жеті жылдық болжамды балансына сәйкес, 2029 жылға қарай электр қуатының тапшылығы 3 ГВт-тан асады деп күтілуде. Сондай-ақ болжам бойынша, электр қуатының тапшылығы 2025 жылға дейін сақталады. Ал 2029 жылға қарай тапшылық 5,5 млрд. кВтсағ. көлемінде болады. Бұл ретте қолда бар қуат қорының азаюы арта түседі. Тіпті, біз болжағаннан да жоғары  көлемдегі қуат тапшылығына әкелуі мүмкін. Егер электр қуатының тапшылығы республика бойынша байқалса, онда оны көрші елдерден сатып алуға тура келеді. Демек, еліміздің энергетикалық жүйесі шетелге тәуелділіктен құтыла алмайды.

Жан-жақтылы сараптай келгенде, атом энергиясы ғана еліміздің электр энергиясына деген қажеттілікті қанағаттандырып, көрші елдерге деген тәуелділіктен құтқара алады.

КҮНГЕЙІ        

«Атом» десе аттонымызды ала қашатынымыз жасырын емес. Өйткені, жерлестеріміз Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі жапондардың атомнан тартқан азапты біледі. Семей полигонының зардабын көзімен көріп өсті, Чернобыль апатында қаншама жерлестеріміздің опат болғанын айтып та, жазып та жүрміз. Тіпті, өзіміздің арамызда да сол қасіретті жылдардың құрбандары жүр. Алайда, мұндай апат жыл сайын бола бермейді. Егер әлемді адам денесі деп елестетсек те, бірде ауру, бірде сау тіршілікті жалғастыратынымыз анық. Әлемде қазірге дейін 500-ге тарта атом электрстансысы бар. Оның көбі АҚШ пен Еуропада орналасқан. Одан кейін Жапония, Қытай, Ресейде тұр. Сонымен бірге басқа дамушы елдерді қосқанда, жалпы 50 мемлекетте ядролық реактор бар. Елімізбен одақтас Беларусь, Армения да ядролық реактордың иелері. Олардың елінде күнде «Чернобыль» болып жатқан жоқ. Қайта атом энергиясының өнімі арқылы ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету арқылы электр энергиясы тұрғысынан басқалараға тәуелді емес.

Семей полигоны десек, расында атомның зардабын қазақтай тартқан халық жоқ. Бірақ «Атом электрстансысын салу Семей полигонын қайта қалпына келтіру» деген қорқыныштан арылуымыз керек. Біз мұнда атом сынағын жасамаймыз, қайта елге керекті электр енергиясын өндіреміз. Ал атом электрстансысына қажетті шикізат – уран десек, әлемдегі уран кенінде Қазақстан 1-орында тұр. Егер осы байлықты біз игіліктенбесек, ертең көрші елдер шикізат ретінде арзан бағада сатып алады да, өндірген электр енергиясын қымбат бағада бізге сатып, 2 жеп биге шығады. Сосын: «Шикізатты сатып біттік, өзіміз неге өндірмейміз?» деп бірімізді-біріміз кінәлаймыз да, жауласып жүреміз.

Жұрт арасында: «Еліміздің атом электр энергиясын салуға қазірге тәжірибеміз жеткіліксіз» деген пікірде бар. Меніңше, мұның өзі де негізсіз. Расында, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, электр энергетикасы саласына зор өзгерістер жасалғанымен толықтай қамти алған жоқ. Оның құрылғылары әлі 1960-1980 жылдары пайдалануға берілген энергетикалық құрылғылардың негізінде тұр. Бірақ бұл ел ішіндегі электр желілеріне тән келеңсіздіктер. Ондай жағдай көрші Қытайда да, кезіндегі Кеңес одағының құрамынан шыққан мемлекеттер мен Ресейдің өзінде де бар құбылыс. Ол атом электрстансысын салуға шектеу бола алмайтын түсінікті. Өйткені, Қазақстанның бүгінгі таңдағы жаңа технологияны енгізу, меңгеру, қолдану патенциалы тұрғысынан әлемдегі алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарында тұр. Бұл тұрғыда  атом электрстансысының қызығын көріп отырған және осы істі қолға алуды жоспарлап отырған мемлекеттермен салыстырғанда көшілгері тұрмыз.

Тағы бір жағынан, дәл қазір елімізде АЭС құрылысын салу бойынша әлемнің ең үздік Францияның мемлекеттік EDF компаниясы, Оңтүстік Кореяның мемлекеттік KHNP компаниясы, Қытайдың Ұлттық ядролық корпорациясы (CNNC), Ресейдің мемлекеттік «Росатом» компаниясымен жұмыс жүргізіліп жатыр. Алып құрылысқа құлық танытқан компаниялардың ішінде осы төрттіктің технологиясы біздің талапқа сай келіпті. Осы аталған 4 компанияның да әлемдегі орны, беделі, техникалық қуаты өте жоғары. Ақпан айында кореялық KHNP компаниясының делегациясы Астанаға келді. Демек, олар да Қазақстанда салынатын АЭС құрылысына үмітті. Қазір шетелдік компаниялар арасында таңдау жүріп жатыр. Сондай-ақ, АЭС құрылысын салатын компаниялармен қатар, оны ары қарай жүргізетін отандық техникалық мамандарды да дайындау ісі қолға алынып, көптеген талантты жастардың шетелдегі және еліміздегі жоғары оқу орындарында біліктілігін шыңдап жатқанын білеміз. Демек АЭС қазақ жастарының дәуірлік технологияны меңгеруге деген құлшынысына жол ашты деген сөз. Олардың арасынан талай Қаныш Сатпаевтардың шығатынына сене беріңіз.

Түйін орнына:

Абай хакімнің сонау ХІХ ғасырдағы қазақ баласына күйіне айтқан:

Болмасаң да ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз.
Ондай болмақ қайда деп,
Айтпа ғылым сүйсеңіз.
Сізге ғылым кім берер,
Жанбай жатып сөнсеңіз?
Дүние де өзі, мал да өзі,
Ғылымға көңіл бөлсеңіз, – деген атақты өлеңін осындайда айтуға болады. Бүгінгі қазақ ол қазақ емес екенін білгеніміз жөн. Тағы бір жағынан, атом электрстансасын салу атом қаруын құрастыру емес. Елдің электр енергиясына деген қажеттілігін қанағаттандыратын өндіріс орнын салу және бай шикізат қорын пайдалана отырып, электр энергиясын өндіру. Ураннан атом қаруы мен атом энергиясын өндіру әдісі ұқсағанымен, оның адамзат игілігіне жұмсалатын пайдасы ұқсамайды. Атом энергиясын әлемде дамыған елдер ғана емес, дамушы елдер де өз игілігіне жаратып отыр. Сол үшін, «шегірткеден қорыққан егін екпестің» керін келтірмей, атом десе аттонымызды ала қашпай, елдің ертеңін ойлап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысын қолдағанымыз дұрыс.

Қажет Андас
Фото: көрнекілік үшін