Асыл тұқымды мал көбеймек

Уақыты: 11.12.2017
Оқылды: 1002
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Өңірімізде «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының тағы бір филиалы ашылмақ. Бұл жайында облыс әкімдігінде өткен жиында сөз етілді. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ төрағасының бірінші орынбасары  Нұржан СейсенбаевтІ қабылдаған облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров асыл тұқымды, сүтті мал санын көбейтуге жол ашар келісімге отырды.

Белгілі «Аграрлық несие корпорациясы» – еліміздегі ауылшаруашылық қожалықтарына мемлекет тарапынан жасалып жатқан бағдарламаларды жеткізуші үлкен қаржы институты. Жиын барысында жақсы жаңалық жеткізіліп, оның тиімді тұстары тарқатылды. Облысымыздың мегаполис аймағындағы ауылдық округтерге  үлкен пайдасы тиерлік несиелеу жүйесі тұрғындарға көп көмегін көрсетпек. Атап айтсақ, филиал ашылысымен құжаттарын реттеу үшін облыс орталығына сабылатын жұртшылық енді жергілікті жерден-ақ несие реттей алады. Бұл оңтүстік өңірдегі кәсіпкерлердің ұпай санын толтырмақ. Әрине, несие мал санын көбейтіп, өз кәсібін кеңейтетіндерге көмектеседі. Дегенмен, өңірімізде асыл тұқымды, оның ішінде сүтті ірі қараны көбейту жолға қойылған. Осы арада «Аграрлық несие корпорациясының» көмегі көп тимек. Осыны ескерген Серікжан Іслямұлы жайдарман жаңалықты қуана қабылдады. 
Нұржан Рымханұлының сөзіне сүйенсек, Алматы аймағынан тағы бір филиалдың ашылуы сол жердегі қожалықтар мен несие серіктестерінің жұмыстарын жеңілдетпек. Екінші тағы бір маңызды мәселе – асыл тұқымды малдың жетіспеушілігін шешу. Бұл көптен бері тілге тиек болған жайт. Енді, міне, осы мәселенің де шешімі табылды. Соның нәтижесінде шағын шаруашылықтардың кеңеюіне жол ашылмақ. Ендігі кезекте келер жылдан бастап  корпорация мен әкімшіліктің бағдарламасы шаруашылықтарға мал басын көбейтіп беруге көмектеседі. 
Корпорация филиалы арқылы  жылына 4-5 млрд. жуық ақша бөлінсе, орталық аппаратынан 15-16 млрд. теңге көмек көрсетіледі. Сондықтан  мұның бәрі мыңнан астам фермер үшін қуанышты хабар. Айта кетерлігі,  бүгінде корпорацияның басты тұтынушылары  оңтүстік аймақтардан.  Облысымызда 49 мыңнан астам жеке кәсіпкер мен ауылшаруашылық қожалықтары, 154 мыңнан астам үй шаруашылығындағы қожалық бар.

Ай-НИСА.