Цифрлы Қазақстанның мүмкіндігі мол

Уақыты: 11.12.2017
Оқылды: 1330
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВТЫҢ басшылығымен Үкімет отырысы өтті. Онда «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының атқарылу барысы сөз болып, қаржы жүйесін цифрландырудың жолдары түсіндірілді, сонымен қатар, Астана халықаралық қаржы орталығын құруға қатысты мәселелер көтерілді. Селекторлық жиналысты облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ пен облыстық мекеме басшылары онлайн режимінде тыңдады.

 Алдымен  Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы 2018 – 2022 жылдарға арналғанын және ол еліміздің алдыңғы қатарлы салаларын технологиялық жаңғыртуға қосымша серпін беретінін, еңбек өнімділігінің ұзақ мерзімді әрі ауқымды дамуына жағдай жасайтынын атап өтті. Осы барыста министр бес бағыт бойынша 17 бастама мен 120 іс-шара ұйымдастырылып, 12 мақсатты индикатор ұсынылатынын жеткізді. 
Демек, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының берері көп. Басқасын айтпағанның өзінде алдын ала есептеу бойынша, 2025 жылға қарай экономиканы цифрландырудың тікелей әсері 1,7–2,2 трлн. теңгеге қосымша құнды құруға мүмкіндік береді, бұл жеке инвестициялардың қайтарымын 4,8-6,4 есеге қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, «Зерде» ҰБХ басқарма төрағасы Руслан Еңсебаев, сарапшы Сергей Перапечка сөз сөйлеп, тақырыпқа қатысты Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев түсініктеме беріп, министрдің айтқандарын дәлелдей түсті.
Отырыста Астана халықаралық қаржы орталығының  басқарушысы Қайрат Келімбетов атқарылған жұмыс барысын таныстырды. Оның айтуынша, қараша айында Халықаралық қаржы орталығының биржасы тіркелді. Биржа келесі жылдың басынан бастап сауда жүргізуге дайын.  Осы ретте Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Қазақстанның қор нарығын дамытуға жәрдемдесу мақсатында келесі жылдың бірінші тоқсанында АХҚО биржасына мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару және орналастыру көзделгенін жеткізді.

 

Қажет АНДАС.