Өскен өңір

Уақыты: 11.12.2017
Оқылды: 1579
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Облыс әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен аудан әкімдерінің есебін тыңдау жалғасуда. Онда өңірлерде әлеуметтік-экономикалық даму бойынша он ай ішінде атқарған жұмыстар сараланып, алдағы жылы жүзеге асырылатын іс-шаралар пысықталды.  

Кербұлақ ауданының әкімі Бағдат Әлиевтің баяндамасынан білгеніміздей, кейінгі жылдары Күреңбел өңірінде беделіңді көтеретін жақсы дүниелер көптеп жасалыпты. Әсіресе, Алматыдан ауылға кіреберіс тұстағы мемлекеттік бағдарламамен қаз-қатар салынған жаңа тұрғын үйлер, жол бойындағы саябақ, ондағы өңірден шыққан даңқты тұлғаларға арнап жасалған аллеяны басқа аудан орталықтарынан көре қойған жоқпыз. Ал жаңадан бой көтерген халықтық банк ғимараты, спорт кешені, балабақша мен мектеп құрылысы ауылдың ажарын аша түскен. Балаларды балабақшамен қамту 93 пайыз орындалған ауданда алдағы уақытта 900 орынға арналған мектеп құрылысы пайдалануға беріліп, үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесі түбегейлі шешілген. 
Осы жылдың 10 айында күреңбелдіктер өнеркәсіп саласы бойынша 2 млрд. 191  млн.  теңгенің өнімін өндірген. Аудандағы ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлер толық игеріліп, өнім еселеніп, қамба астыққа, жайылым малға толған. Ауылшаруашылығында  26 млрд. 970 млн.  теңгенің  өнімі   өндіріліп,  диқандардың қоржыны қаржыға толған. 
«Сыбаға»  «Құлан»  бағдарламалары ойдағыдай орындалған. Ауданда  1118  мүшесі   бар  8 кооператив құрылып, жыл басынан бері 230 тонна сүт дайындалып, өңдеу кәсіпорындарына тапсырылды. Ағымдағы  жылы  3  млрд. 807  млн.  теңге  инвестиция тартылып,   ел еңсесін биіктеткен. Биыл   4152  шаршы метр  тұрғын   үй  пайдалануға  беріліп,  үй-күйсіз жандардың қуанышын еселей түскен. Салық түсімдері артып, аудан бюджетіне 1  млрд. 279  млн.  теңге  түскен. Ауданда  3090  шағын және орта  бизнес  субъектілері  жұмыс  істейді.  Олар тарапынан есепті  мерзімде 6 млрд.  442 млн. теңгенің  өнімі  өндіріліп,  қызмет  көрсетіліпті. «Бизнестің жол картасы – 2020 » бағдарламасы  аясында құны 101 млн. теңгелік  6  жоба  қаржыландырылған. Сондай-ақ, денсаулық, білім, мәдениет, спорт саласындағы игілікті жұмыстар жұрт көңілінен шығып келеді.  «Рухани жаңғыру»  бағдарламасын  іске  асыру аясында да Кербұлақ ауданы алда келеді. 
Айталық, ауданға  инвесторлар тарту  арқылы инвестиция  жоспары толық орындалса, Сарыөзекті  сумен  жабдықтаудың  кестесін  қайта  қарап 4-ші кезекке жобалау жұмыстары басталған. «Сарыөзек –  Қорғас –  Қоғалы – Қарабұлақ»   бағытындағы 15 шақырым  жолды орташа  жөндеу жүзеге асып, Шоқан Уәлиханов  музейіне   баратын  жол жөнделген. Сарыөзектегі  250  орынды  емхананы жобалау  жұмыстары қолға алынып, аудандық жұмыспен  қамту  және  әлеуметтік  бағдарламалар  бөлімінің  ғимаратын  күрделі  жөндеу жоспарға сай жүруде. Тек  Басши  ауылдық  округіндегі  Аралтөбе, Үйенкөл су қоймаларын күрделі  жөндеу  жұмысы орындалмады. Түрлі себепке байланысты облыстық  ауылшаруашылығы   басқармасында  конкурс өтпегендіктен, тиісті  қаржының бөлінбеуі қол байлау болып тұр. 
Демек, ауданда атқарылған жұмыстар реті жеткілікті. Десе де, кейбір келеңсіздіктер де кездесіп жатады. Оның бәрі мезгілдік қиындықтар болғандықтан  өз деңгейінде шешімін табады. Қысқасы, кербұлақтықтардың әр қадамы табыс пен жетістікке толы деуге болады.

Қ. ОМАРАҚЫН.