ТЕГІН ОҚЫТУ КУРСЫ

Уақыты: 13.12.2017
Оқылды: 1874
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жақында Райымбек ауданының Нарынқол ауылында тігіншілікті үйрететін тегін оқыту курсы ашылды. Игі бастама «Жастарға қолдау көрсету» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Халықаралық қайта құру және даму банкінің бірлескен жобасы аясында жүзеге асуда. Курсты өтуге Нарынқол мектепаралық оқу-өндірістік комбинатының ішінен арнайы бөлме берілді. Оқушыларға сабақ үйретуге кәсіби деңгейдегі маманмен келісім жасалып, курс қажетті техникалық құралдармен, тігін машиналарымен жаңадан толықтай қамтамасыз етілді.

Курстың алғашқы оқушылары болып 10 адам тәлім алуда. Олар ауыл тұрғындары, үйде отырған келіншектер, жұмыссыз жастар, тігіншілікке ниетті қыздардан құралған. Бір қуантарлығы, курсты аяқтаған оқушыларға Нарынқол мектепаралық оқу-өндірістік комбинатының атынан мемлекеттік үлгідегі куәлік беріледі. Және де үйренген білімін ары қарай кәсіпке айналдыру мақсатында арнайы республикалық дәрежедегі тренерлер шеберлік-сабақтарын өткізетін болады. Сонымен қоса ауылдағы табысы аз отбасыларға, көпбалалы аналарға қажетті заттарын тігу, өңдеу жұмыстары бойынша тегін қызмет көрсетіледі. Ауыл тұрғындарына осындай мүмкіндіктер беріп, жұмыссыз жастар мен үйде отырған келіншектерді іскерлікке, кәсіпкерлікке баулып жатқан игі бастамаға Нарынқол ауылдық округі әкімдігі де жан-жақты қолдау көрсетуде.                
«Қазірге кезде үйренемін, кәсіп бастаймын деушілерге мемлекетімізден түрлі қолдаулар мен жеңілдіктер берілуде. Тіпті шетелден инвестиция тартып ауданымыздың дамуына үлес қосатын жұмыстар жасап, тұрғындарға қажетті қызмет көрсететін орталықтар ашуға болады. Соның бірі осы Нарынқол ауылындағы тігіншілікті үйрететін тегін оқыту курсы. Алдағы уақытта басқа ауылдар мен облыс аймақтарында осындай игі жұмыстарды іске асыру жоспарлануда...», – дейді жобаның басты ұйымдастырушысы «Жастарға қолдау көрсету» қоғамдық қорының төрағасы Бақтияр Бақыткелдіұлы.

Әмір Сана.