Екі жылдың бюджеті бекітілді

Уақыты: 15.12.2017
Оқылды: 1193
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Облыс әкімі Амандық БАТАЛОВТЫҢ қатысуымен кезекті сессия өтті. Облыстық мәслихат депутаттары 2018 – 2020 жылдарға арналған бюджет есебін нақтылап, әлеуметтік-экономикалық дамуға бөлінген қаржы көлемін бекітті. Сондай-ақ, облыстағы көші-қон процестерін реттеу қағидаттарын бекіту және облыс аумағында жануарларды асырау қағидаларын бекіту туралы облыстық мәслихаттың шешімі қабылданып, алдағы жұмыс бағыты айқындалды. Жиынға облыстық басқарма басшылары, аудан және қала әкімдері қатысты. Жиналыс басталмас бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мереке қарсаңында жетісулықтарға жолдаған сәлемін жеткізген облыс әкімі облыстық денсаулық сақтау басқармасының жаңа басшысы Бауыржан ЫСҚАҚ пен облыстық мәслихат депутаты болып жаңадан сайланған Әлібек Сәрсеновті көпшілікке таныстырып, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. 

Алдағы екі жылға бөлінген қаржының бұрынғы бюджеттің көлемімен салыстырғанда артықшылығы көп. Бұл жайында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әлімханов айтты. Оның айтуынша, Алматы облысының меншікті кірістері бойынша 2018 жылға арналған бюджеті 160,6 млрд. теңге  сомасында анықталды. 2018 жылға 164,6 млрд. теңге, 2020 жылға 175,3 млрд. теңге болып белгіленді. Ал екі жылға анықталған субвенция 309,7 миллиард теңгені құрайды. Алдағы екі жылда облыс бюджетінің шығындарына 1074,7 млрд. теңге жұмсау қарастырылған. Сессияда бюджет қаражаты жұмсалатын негізгі салалар аталып, қаралған қаржы көлемі нақтыланды. 
Келер жылы облыстағы аудан мен қалаларға қомақты қаржы құйылады. Оның ішінде облыс орталығы Талдықорған қаласына көбірек бөлінсе, қалғаны аудандардың инфрақұрылымын дамытуға бағытталмақ. Әсіресе, елді мекендерді газдандыруға барынша көңіл бөлінеді. Осы тұрғыдан келгенде, бүгінде 11 ауданды газдандыру жұмысы жүріп жатыр. Алдағы уақытта осы жұмыстар жүйелене түспек. Айта кетерлігі, биылғы жылы білім беру нысандарын салу жұмысы оң нәтиже берген. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында құрылысы жүріп жатқан 45 білім шаңырағының 27-і ел игілігіне берілсе, қалғандары алдағы уақытта оқушыларды қабылдай бастайды. Осы жұмыстың нәтижесінде биыл 1-сыныпқа барған 49 мың баланы қиналмай қабылдайды. Тізбелей берсек, басқа салаларда да жетістік мол. Ал алдағы екі жылға арналған бюджетте оларды ары қарай дамытуға тиісті барлық мүмкіндіктер толығымен қарастырылғаны белгілі болды.
– Бөлінген қаржының бір тиынынан да шашау шықпайды, – деді облыс әкімі. – Бюджет – біздің өміріміз. Бүгін бекітілген қаржы жыл бойына атқаратын жұмысымыздың жемісіне айналады. Біз бюджеттің қаражатын бос нәрсеге жұмсаған жоқпыз. Бәрі ел игілігі үшін жұмсалады. Бір ғана ақпарат айтайын, дәл біздің облыс сияқты ауыл мен аудандардың арасын жалғаған жолдарға көңіл бөліп отырған өңірлер жоқтың қасы. Біз жыл сайын облыстың ішкі жолдарына қыруар қаржы бөлеміз. Мұндай көрсеткіш өзге ешбір облыста жоқ.
Расында, облыс және ауданаралық маңызы бар автомобиль жолдарының, елді мекендер көшелерінің сапасын жақсарту үшін екі жылға 64,4 млрд. теңге қаржы көзделуде. Оның 22,2 млрд. теңгесі келер жылы игеріледі. Соның ішінде, жергілікті маңызы бар жолдарды айтпағанда, Талдықорған – Өскемен күрежолының құрылысы мен Алматы – Бішкек жолының Алтын орда базары маңындағы жол құрылысы қаңтар айынан басталады.  «Рухани жаңғыру» бағдарламасына қомақты қаржы қарастырылып, жаңа бағдарламаның өміршеңдігін арттыруға жол ашылмақ. 
Сессия барысында облыстық мәслихат депутаты Ызғарбек Бектұрсынов өңірлердегі су шаруашылығын дамыту арқылы суармалы жерлерді пайдалану көлемін ұлғайту және ауылшаруашылығына берілетін демеуқаржыны жергілікті биліктің құзырына өткізу туралы ұсынысын білдірді. Осыған орай жауап берген облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров өңірімізде су шаруашылығы саласы бойынша атқарылып жатқан жетістіктерді айтып өтсе, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әлімханов демеуқаржы Ауылшаруашылық министрлігінің тапсырмасына сай облыстық ауылшаруашылық басқармасының құзыретіне жүктелгенін алға тартып, бұл мәселені аталған министрлік  шешетінін жеткізді. Облыс әкімі суландыру жүйесін жетілдіру мақсатында жыл сайын 2 млрд. теңге қаржы бөлініп келгенін алға тартып, айтылған ұсынысты назарға алуды тиісті мекемелерге тапсырды. 
Әкімнің айтуынша, республикалық және облыстық бюджет қаржысының тепе-теңдігі тек Алматы облысында сақталып отыр. Республикадан қандай көлемде қаражат бөлінсе, облыс та сондай мөлшерде ақша беруге қауқарлы. Тек сол игілікті істі жауапкершілікпен атқара білу қажет. Амандық Ғаббасұлы әрбір әкім өз өңірі үшін инвестиция тартуға мүдделі екенін айтты. Қазақстан сонда ғана дамыған елдердің қатарына қосылады. Сондықтан, облыс әкімі сессия соңында аудан және қала әкімдеріне, басқарма басшыларына өз саласын жетік меңгеруді, бюджет қаржысын дұрыс мақсатта игеруді, әрбір тиынға дейін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Қажет АНДАС.