Абоненттер саны 550 мыңға жетті

Уақыты: 21.12.2017
Оқылды: 1093
Бөлім: ЭКОНОМИКА

 Өңірлік коммуникациялар қызметінің кезекті брифингі барысында «Алматытелеком» өңірлік телекоммуникациялар дирекциясының  биылғы жұмысының қорытындысы шығарылды. Жетісулық байланысшылар өздерінің таяу болашаққа арналған жоспарларымен де таныстырды журналистерді.

«Алматытелеком» өңірлік телекоммуникациялар дирекциясының  жетекшісі Шерхан Раздықовтың айтуына қарағанда, есеп беріп отырған кезеңде жетісулық телекомшылар аса маңызды әрі пайдалы жұмыстардың үлкен көлемін атқарыпты. Облыста абоненттер саны 550 мыңға жеткізілген көрінеді. Ұзындығы қырық шықырымнан асатын оптикалық-талшықты коммуникациялық желілер тартылып, кең жолақты, жылдамдығы жоғары интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету  арта түскен. Кең жолақты, жылдамдығы жоғары интернетке 250 адамнан да аз тұрғыны бар ауылдарды қоса алғанда, барлық елді мекендерді қосу жөнінде шешім қабылданған.  Ұялы байланыстың жүздеген жаңа порттары іске қосылып, байланыс сапасы барынша жақсарған.

«Алматытелеком» өңірлік телекоммуникациялар дирекциясы өзінің дербес оқу-жаттығу полигонын жабдықтауда. Онда қазіргі кезде жұмыс істеп жүрген қызметкерлер мен жас мамандарды оқыту және қайта дайындықтан өткізу жүргізілуде. Көрсетілетін қызметтер тізімі де арта түспек. «Бұлтты бейнебақылау», «ата-аналардың интернет-бақылауы», «хакерлік шабуылдан қорғану» және тағы да басқа қызметтер енгізілуде. Сонымен бірге байланысшылар өздерінің міндеттерін атқаруда әрдайым қарапайым жұрттың мүддесін бірінші орынға қояды және өздерінің кәсіби шеберліктерін тұрақты түрде арттырып отырады.