Ел ырысы еселенді

Уақыты: 29.12.2017
Оқылды: 1227
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Биыл жыл басынан 1 тамызға дейінгі аралықта елде 517 ауылшаруашылық кооперативі құрылды. Бұл өткен жылы 467 кооператив құрамыз деген Ауылшаруашылық министрлігінің жоспарынан асып түсті. Облыста бұл жұмыс өткен жылдан жаңа қарқынмен жүргізіліп, барлығы 430 құрылтайшының бірігуімен 53 ауылшаруашылығы кооперативі құрылды. Мемлекеттік бағдарлама аясында 2021 жылға дейін 60 мың агросубъектілердің бірігуімен 600-ден астам ауылшаруашылық кооперативін құру жоспарда бар. Осы ретте Алакөл ауданында былтырғы индикативті көрсеткіштерінің пилоттық жобасы бойынша 7 кооператив құрылып, жоспар артығымен орындалды. 

Айталық,  Ақжар ауылдық округінде «Ақжар сүт» кооперативі «Ауылшаруашылығы қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 20 жеке қосалқы шаруашылыққа 41,3 млн. теңге несие алып, 190 бас ірі қара малын сатып алып, «Фуд Мастер»АҚ-мен келісімшартқа отырып, жұмысын жүргізуде. Сүтті жинайтын танкер мен салқындатқышты «Фуд Мастер» АҚ келісімшарт негізінде орналастырып беріпті. Қосымша «Ауылшаруашылығы қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы жалпы құны 5 млн. теңге тұратын сүт қабылдайтын модуль сатып алып, жұмыс ауқымын ұлғайтқан.
Үшарал қалалық округінде  «Қабанбай-Агро» ет бағытында, Ақтүбек ауылдық округінде «Beskol-agro» ет-сүт  бағытындағы кооперативтер құрылған. Мақсаты – ауылдық округтердегі шаруашылық құрылымдары мен жеке қосалқы шаруашылық ірі қара малына  етті бағыттағы асыл тұқымды «Ангус» бұқасымен қамтамасыз етіп, селекциялық асылдандыру және мал бордақылау алаңдарын  бұқашықтармен толықтыру. Осыған орай, биыл 39 асыл тұқымды бұқа және 40 бас асыл тұқымды қошқар әкелініпті. Алдағы уақытта кооператив сүт қабылдайтын 4 сүт салқындатқыш танкерін Жайпақ, Қызылащы,  Теректі, Екпінді ауылдық округтеріне қоюды жоспарлап отыр.
Ал Екпінді ауылдық округінде «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 43 млн. теңге несие алуға   34 жеке қосалқы шаруашылық өтініш білдірген еді. Нәтижесінде, ет бағытында «Көркен» кооперативі құрылып, «Әділет» басқармасынан тіркеуден өтті. Көлбай ауылдық округінде сүт бағытында 18 жеке қосалқы шаруашылықтың бірігуімен «Көлбай – сүт» кооперативі құрылса, Қабанбай ауылдық округінде  ет-сүт бағытында 20 жеке қосалқы шаруашылық негізінде «Орден» кооперативі жұмыс бастаған. Биыл отбасылық  мал бордақылау алаңын құру  жоспары бойынша бордақыланған мал 912 басқа жетіп, 107 пайыз орындалыпты. Ауылдық округтерден несие алуға сұраныс білдіргендердің тізімі ауылшаруашылығы басқармасына және «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау» қорына жіберілген. Бүгінде 31 қосалқы шаруашылық несие алса, екі шаруашылықтың құжаттары «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қорында» тексерілуде, сегіз шаруашылықтың несиеге қоятын кепілдемелері бағаланып, құжаттары дайындалуда. Демек, бұл тұрғыдағы жұмыстар көңіл көншітеді.
Ағымдағы жылы инвестициялық жоба бойынша  «Шынжылы», «Жүнжүрек» шаруа қожалықтарында үш мың басқа арналған репродукторлы шаруашылық құрылып, құжаттары заңдастырылуда. Сонымен қатар, Көлбай ауылдық округінің Бұдыр ауылында «Қайыңды» ЖШС-да 4800 басқа арналған мал бордақылау алаңы салынды. Олар желтоқсан айында мал сою алаңын іске қосуды жоспарлап отыр. Айтпақшы, Жағатал ауылдық округінде  «Болашақ», Ырғайты ауылдық округінде «Күлсан» шаруақожалығы өз қаржысымен 400 бас ірі қараға арналған мал бордақылау алаңын іске қосып, жұмыс жасауда. Сонымен қатар, ақпараттық-аналитикалық жүйеге 52 ша-руашылықтан  5099 аналық бас енгізіліп, жоспар 5,2 пайызға орындалған.
Осы тұста Алакөл ауданының 2017-2018 жылдың мал қыстату науқанына мықты дайындалғанын айта кеткен жөн. Бұл мақсатта жеткілікті жемшөп қоры дайындалып,  87154 бас малды қыстан аман-есен алып шығудың қамы жасалуда. Қысқасы, алакөлдіктер алдағы уақытта мемлекеттік бағдарламалар мен пилоттық жоба бойынша көрсеткіштерді  орындауға   дайын.

Қажет АНДАС.

Алакөл ауданы.