Облыста мал азығын жинауға 2397 техника жұмылдырылған

Уақыты: 26.08.2023
Оқылды: 738
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Төрт түліктің қыстан қысылмай аман-сау шығуы үшін қажетті жемшөп қорын молынан әзірлеп алу қажет. Науқанға көктем, жаз айларынан бастап кіріскен шаруалар қазір жаздың ыстығына қарамастан әр күнді тиімді пайдаланып, жемшөп қорын сапалы жинап алуға тырысуда және бұл істе белсенділік танытып жүр. Осыған байланысты атқарылып жатқан жұмыстар еліміздің әр түкпірінде қарқын алды.   

Мәселен, қазір Қостанай, Түркістан, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Алматы облыстарында мал азығын дайындау қарқыны жоғары. Ал, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай, Атырау, Батыс Қазақстан мен Маңғыстау облыстарында бұл науқан баяу жүріп жатыр. Үкімет басшысы аталған аймақтардың ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, осыған байланысты тиісті шараларды қабылдап, жұмыс қарқынын арттыруды, жемшөп қорын молынан әзірлеп, бағасының негізсіз өсуіне жол бермеуді назарға алып, маңызды істі жауапкершілікпен атқаруды талап етіп отыр.

Ал бұл бағытта атқарылып жатқан шаруа Жетісу облысында қалай жүріп жатыр? Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы берген мәліметтен білген едік. Онда көрсетілгендей, күзгі жиын-терін науқанында қысқа қажет мал азығын дайындау жұмысы ойдағыдай іске асырылып жатыр. Төрт түліктің жыл сайынғы өсімі 3-4% болатынын және мал бағу ерекшеліктерін ескере отырып, Жетісу облысында 2023-2024 жылдарға 1 млн. 983 мың тонна жемшөп қорын әзірлеу жоспарланған. Десе де, жемшөптің қосымша қоры қажет екені ескеріліп, барлығы 2 205,5 мың тонна азық дайындау тапсырылған. Оның ішінде 1 236,7 мың тонна шөп, 116,7 мың тонна пішендеме, 203,4 мың тонна сүрлем, 184,7 мың тонна сабан және 241,9 мың тонна жем бар.  

Аудан және қала әкімдіктері берген ақпараттарға сәйкес қазіргі уақытта шаруалар шөп, пішендеме, сүрлем, сабан, жем сияқты азықтың 62,3 % немесе 1 375,1 мың тоннасын дайындап үлгерді. Мәселен, Ақсу ауданында 162,3 мың тонна, Алакөл ауданында 148,1 мың тонна, Ескелді ауданында 96,4 мың тонна, Қаратал ауданында 60,0 мың тонна, Кербұлақ ауданында 140,5 мың тонна, Көксу ауданында 68,7 мың тонна, Панфилов ауданында 178 мың тонна, Сарқан ауданында 105,4 мың тонна, Талдықорған қаласында 25,2 мың тонна, Текеліде 6,2 мың тонна шөп жиналған.   

Аталған басқарма мамандарының айтуынша, шаруалар жаз бен күздің әр сәтін тиімді пайдалануға тырысып, жемшөп қорын молынан әзірлеп алуға күш салуда және осы мақсатта жұмысқа білек сыбана кірісіп, істі барлық талапқа сай атқаруда.   

Айта кетейік, аймақтағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау мақсатында былтыр сатып алынған жемшөпке биыл 2,4 млрд.теңге субсидия, ал жалпы 2022-2023 жылдары бұл мақсатқа 4,1 млрд. теңге субсидия төленді. Мал азығын жинайтын техниканы лизингке алу бойынша «Қазагроқаржы» АҚ облыстық филиалына 87,2 млн. теңгеге 7 өтінім түсіп, бүгінгі күнге 4 бірлік арнайы техника алуға 2 өтінім бойынша келісім-шарт жасалған. Ал қалған 5 өтінім қаралып жатыр. Облыста мал азығын жинауға 2397 техника жұмылдырылған. Бұл ретте шаруашылықтар шөп шабатын машина, шөп тырмалары, пішен пресі сияқты қажетті техникаларды қолдануда.     

Айгүл Байбосынова