Жүгері жинау басталды

Уақыты: 09.09.2023
Оқылды: 718
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жаркент өңіріндегі Бірлік ауылдық округінің тұрғындары негізінен ауыл шаруашылығы өнімдерін өсірумен шұғылданады. Қазір ауылдық округ аумағында 400-ден аса жеке шаруа қожалығы бар.

ЖШҚ арасында қазір шаруасын түзеп, егіншілікпен шұғылданып жүрген Серік Қожахметов, Сатымбай Әтиев, Серікбай Омарбеков, Равфхат Сағымбеков, Райкүл Сейітқапарова, Әділет Иманбеков, кәсіпкер Сайдахмет Анаятов сынды азаматтар ауыл мақтанышы. Округ егіншілер биыл 2831 гектар жерге жүгері дақылын өсіріпті. Одан басқа 30 гектар арпа, 66 гектар картоп, 58 гектар көкөніс, 10 гектар жерге бақша өсіріп олардан мол табыс табуға үміттеніп отыр. Егін алқаптарына биыл 750 тонна минералды тыңайтқыштар сіңіріп, қожалықтар науқандық жұмыстарға қажет 58 тонна жанармайды арзандатылған бағада алды.

Сонымен бірге егістік алқаптарына 4 мың тоннадан аса органикалық тыңайтқыштар сіңірілді. Арам шөптерден тазарту үшін 2600 гектар жерге түрлі гербицид қолданылды, 3870 гектар егістік алқабына шегірткеге және түрлі зиянкес жәндіктерге қарсы химиялық өңдеу жүргізілді. Осындай егістіктің технологиялық шараларын талапқа сай қолданудың нәтижесінде алтүйліктердің егіні бітік өсіп жетілді. Егіншілер күзгі жиын-терін науқанына қызу дайындық жүргізуде. Қыркүйек айының алғашқы аптасында ерте пісіп жетілетін жүгері сұрыптарын өсірген 4 қожалық алқаптарына орақ салып, өнімдерін қырманға әкеліпті.

– Жаздың әдеттегіден анағұрлым ыстық болғаны егіншілерді әбігерге салды, – дейді округ әкімі Дидар Мұқаметжан.– Ауыл тұрғындарының ауызбірлігінің нәтижесінде егін суаратын суды кезекпен тиімді пайдаланып, дақылдарды құрғақшылықтан сақтап қалдық. Енді санаулы күндерден кейін жүгері жинау жаппай басталады. Қазір алғашқы астық гектарлары орылып, қызыл қырман берекесі басталды. Қырманға түскен қызыл дәнді сұрыптап, жинап кептіруге ауыл тұрғындары жиналып, білек сыбана іске кірісті.

Мырзағали Нұрсейіт