Адам өз өмірінің суретшісі

Уақыты: 02.02.2018
Оқылды: 2056
Бөлім: ЭКОНОМИКА
 

Желдей ескен уақыт ағымындағы адамдардың қым-қуыт тіршілігінің негізгі мақсаты – табыс табу, отбасын асырау. Қиыннан қиыстырып, күнкөріс қамын жасау да шыдамдылық пен табандылықтың нәтижесін көрсетеді. Бүгінгі қоғамда бір ғана жұмыспен шектелмей, жан-жақты болу – заман талабы. Көңілі қалаған сүйікті іспен айналыса отырып, шеберлікті шыңдауға болатындығын бүгінгі айдардың кейіпкерлері Исмұхан мен Ақжолдың іс-әрекеттері айқындай түседі. Еңбекқор екеуі де түрлі қиындық пен қолбайлауға қарамастан жұмыстарын ширатып, көптің алғысына бөленуде.

Ізденген жетер мұратқа

Шындығында шеберлік жас талғамайды. Егер ол бала жастан бойға дарыса оны ысырып қою – өнерге жасалған қиянат деп түсінетін Ақжол Жабағиев жас та болса қайыстан түйін түйетін, домбыра жасайтын шеберлігімен танылып келеді.
– Зікірбай атам мықты өрімші. Қамшының түр-түрін өргенде алдына жан салмайтын. Немерелері жағалай жанынан шықпаймыз. Ал нағашым Берік таға соғатын, қайыстан түйін түйетін шеберлігімен танымал. Осы кісілердің ықпалы болар, менің де қолөнерге қызығушылығым ерте жастан басталды, – дейді Ақжол  Нұрқуатұлы.
Бала күнінде тай-құлынның ноқта-жүгенін өріп, машықтанған Ақжол өсе келе қамшыға сап жасауды игере бастайды. Тыным таппайтын шеберқол атасының тері илеу, таспа тілу жұмыстарына қолғабыс ете жүріп, ұлттық қолөнерге қанығады. Мектеп бітірген соң атакәсіпті жалғастырар мықты шебер болуды іштей түйіп те қояды. Бұған әкесі Нұрқуаттың атбегілік өнері де өзіндік әсерін тигізбей қоймайды. Халқымыз: «Ұяда не көрсең – ұшқанда соны ілерсің», – деп бекер айтпаған ғой. Көргені мен көңілге тоқығаны бар Ақжол Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің бейнелеу өнері және сызу факультетіне оқуға түсіп, армандарының орындалуына ұмтылады.
Халықтық қолөнердің тәжірибесін теориямен толықтырып, ұлағатты ұстаздардан дәріс алған жас 3-курстан сурет салу, қамшы өруді дамытады. «Дала сазы» шеберханасының жетекшілері Алмас Мұстафаев, Еркебұлан Уәлиевтердің тәлімін алып, өндірістік тәжірибесімен ұштастырады. Домбыра мен қамшының түр-түрін жасауды үйренеді. Бұл күнде төрт таспадан отыз екі таспаға дейін қамшы өрудің хас шеберіне айналған Ақжолдың қолөнер бұйымдары көптің қызығушылығын тудырады.
Жоғары оқу орнын тамамдаған соң Бесағаш ауылындағы №45 мектеп-гимназияда технология пәнінен сабақ беріп, ұстаздық етуде. Талапты жастарға жол сілтеп, бағыт-бағдар беруге өзінің де жарап қалғанына кейде сене де алмайтындай. 
Әйтсе де, бір ғана жалақыға жалтаңдамай, қолынан келетін ісін дамытып, талантымен танылып, қосымша табыс табуға талпынып келеді. Тынымсыз әрекеттенудің арқасында екіқабатты шағын ғана шеберхана салып, домбыра мен қамшы жасайтын құрал-жабдығын орналастырған. Ұстаздық жұмыстан тыс уақытта өзінің сүйікті ісімен айналысудың мүмкіндіктерін қарастырған Ақжолға 80-нен асқан атасы әлі күнге ауылдан илеген терілерін жіберіп, жәрдемдесіп келеді.
– Бұл да шабытпен істелетін шаруалар ғой. Шындап кіріскенде домбыраны екі-үш күннің айналасында бітіруге болады. Ал шаппа домбыраны жасауға айға жуық уақыт керек, – деген Ақжол сол сияқты қамшыға қажет терінің екі түрі болатынын тілге тиек етті.
– Шикі теріден өрілген қамшы өте мықты, үзілмейтін болады.  Мұндай қамшыға атбегілер мен саятшылар тапсырыс береді. Ал өңделген теріден жасалғандары тек сыйлыққа арналады. Бұлардың саптарын тобылғы, еліктің тұяғы, таутеке мен сиырдың мүйіздерінен жасап, ұлттық нақышта көркемдеп, безендіреміз, – деген қолөнер шебері тынымсыз іс-әрекетінің арқасында айына 20-ға жуық көмейінен күй төгілетін домбыра мен 30-дан астам көз қызықтырар қамшы жасалатындығын айтады.
Ақжолдың қолынан шыққан ұлттық бұйымдарға ел аумағынан өзге Түркия мен Қытайдан да арнайы тапсырыс түсетіндігіне таңдануға болмас. Ал мұндай ауқымды істі Ақжол жалғыз атқарады десек ағаттық болар. Оның «оң» және «сол» қолы саналатын Еламан мен Мирастың білек сыбана атсалысуы көптеген істің ілгерілеуіне мұрындық.
«Жігітке жеті өнер де аз» деп бекер айтылмаса керек. Сәні мен сапасы үйлескен қасиетті домбыра мен қамшы жасауға төселген қолөнер шеберінің тағы бір қыры – суретшілік екендігін ерекше атау ләзім. Хантәңірінің түлегі көркем табиғатты бейнелеуге әуес. Қылқалам шеберінің қолынан шыққан 30-дан астам картина қойылған көрме көптің көңілінен шыққан. Ауылда кіндігі кесілген суретші табиғатқа етене жақын. Оның пейзаж жанрындағы «Жайлау», «Тау өзені», «Қыран құс», басқа да туындыларына қарап көз тояды. Мазмұны айқын, бояуы қанық туындыларға  сұраныс жоқ емес. 
Өткен жылдың аяғында Саялы есімді сүйіктісімен шаңырақ көтерген Ақжол Нұрқуатұлының алға қойған мақсаты айқын. Ол – үй іргесіндегі шеберхана жұмысын жандандыру. Атакәсіптің өрісін кеңейту. Жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарымыздың ұлықталып, ұрпаққа мәңгілік мұра болып жалғаса беруіне жастық жігері мен жалынды үлесін қосу. Ол үшін уақыт ұттырмай әрекет етіп, заман көшінен қалмауға күш-қуатын жұмылдыруда. 

Ерінбеген етікші болады 

Алматыдай ірі мегаполистің «Көк базарына» жақын маңайға жайғасқан етік жөндеу шеберханасына, жаңылмасам, осыдан бес жылдай бұрын аяқ басқан екенмін. Себеп – бүлінген аяқкиімді жөндету. Басқа ұлттың өкілі болғанына қарамастан өз тілімде тіл қатқан маған ол да қазақша жауап бергеніне кәдімгідей қуанып, аяқкиімді қалдырдым. Кешіктірмей дайын болған дүниені алдым да кеттім. Бұл етікшінің ісмерлігі бірден байқалды және ұзақ киіс берді. Содан бастап, аяқкиімді жөндеу қажет болса үй іргесінен алыстығына қарамастан Исмұханға келетін болдық.
Жыл мезгілдерінің қай маусымында бара қалсаң орнынан табыла кететін етікшінің тұрақтылығы таңырқатпай қоймады. Өйткені, кішігірім кәсіпті ермек еткендердің көбі «бүгін бар, ертең жоқ» боп жататыны жасырын емес қой. Бұған қоса, етікшінің есігінен аяқкиімін көтере келген адамдардың қарасы үзілмейді. Жуырда ұлымның етігін жасатуға тағы келсем, етікшінің орны өзгеріп кетіпті. Шағын базарда шай сатып жүрген әйел, оның қайда «қоныс аударғанын» нұсқап тұрып шай сататын Бәти жіберді дерсің-ді айтып үлгерді. Әлгі әйелдің мұнымен не ұтпақ болғанын іштей түйсініп, езу тарттым. Бұрынғысына қарағанда тарлау дүңгіршекке жайғасқан Исмұхан әдеттегідей жұмысын жасап отыр. Орнының ауысып кеткеніне қарамастан, іздеп келгенімді айтып, шай сатқыштың сәлемін қоса жеткіздім. Азғантай ғана уақыттың аралығында мен сияқты іздеп, тауып келгендердің қарасы арта түсті. Бұл етікші Исмұханның еңбегінің жоғары бағаланатындығын білдірді.
– Клиентті сіз емес, сізді клиенттер іздеп жүр ғой, – деп әзіл тастап әңгімеге тарттым.
– Бұлар неше жыл бойы маған келетін кісілер ғой, – деп жауапты қысқа қайырған ол жұмысын жалғастыра берді.
Әңгімеге аса құлықты еместігіне қарамастан, суыртпақтап отырып біраз мән-жайды білдім. Қолынан тебені түспеген Исмұхан сонау 80-ші жылдың соңында «Әсем» тұрмыстық комбинатында алғаш еңбекке араласып, шеберлерден етік тігудің қыр-сырын үйренген екен. Күнделікті қажетіне жараған кәсіпті меңгергеннен кейін өз алдына «отау» тігіп, осылай еңбек еткеніне табаны күректей 30 жыл толғандығын да осы әңгіме үстінде есептеп қойдым. Шағын шеберхананың бір қабырғасына ілінген Қазақстан эстрадасы жұлдызының қолтаңбасы қойылған үлкен суретке қарап, танымалдардың да аяқкиім жасатып қана қоймай, ризашылығын білдіргенін бағамдадым.
Иә, “Ерінбеген етікші болады” дегендей, жастайынан қолынан біз бен тебені түспеген Исмұхан аяқкиім тігетін іс машинасын сатып алған. Жамап-жасқауға қажет құралдарды түгелге дерлік сатушылар өздері жеткізіп беріп тұратындығын айтады. Күндік табысының бір бөлігі жалға берілген орынға төленсе, қалғанын үйдегі үш баласы мен тұрмысының қажетіне жаратады. Қарапайым етікші қандай заманда да көп ақша табуға құнықпаған.
– Мәселе ақшаның аз-көптігінде емес. Адал еңбекпен тапқан табыстың жұғымды болуында. Қазір адамдар жұмысты қаншалықты атқара алатынына қарамайды, айлыққа қарап, жұмыс іздейді. Сол себепті, тұрақтамайтындар көп. Маған кәсібім ұнайды. Бүлінген дүние жамалып, тігіліп, жаңарған сайын тың күш-қуат пайда болады. Көптің алғысынан артық байлық жоқ, – деген етікшінің байламы көпке өнеге боларлық.
Талғар ауданының Еңбекші ауылынан қатынап жұмыс істейтін етікшінің еңбекқорлығы көпке аян. Заманның аумалы-төкпелі уақытында да кәсібінен қол үзіп көрмеген Исмұхан Рагибовтің басты ұстанымы – сабырлылық. Содан да болар: «Сабыр  түбі – сары алтын» деген даналықты жиі ойға оралтады. «Отыз жылдық еңбектің нәтижесінде психолог боп алдым» деп шешіле бастаған Исмұхан бес саусақтың бірдей еместігі секілді, адамдардың да әрқилы мінезге ие екендігін етікші болып отырып-ақ зерделегенін тарқатты. Көпшіліктің қабағына қарай әрекет ету – үлкен өнер екендігін жасырмайды. Бүгінгі күннің басты талабы да осы.
Табысы аста-төк болмаса да қаржыдан тапшылық көріп тұрған жандарға, зейнеткерлерге жеңілдік, тіпті, кейде тегін жасап беретін жомарттығы да жоқ емес. Бастысы, жасаған ісінің қайырлы болуын қалайды.

 

P.S «Асылы, адам – өз өмірінің суретшісі. Ол өмірді сырлап бояуға, оған ажар, түр беруге, оны әшекейлеп, өрнектеуге еңбек етеді» деген екен Ғабит Мүсірепов. Олай болса, өз өмірін, тұрмыс-тіршілігін түрлентуге, талантын танытуға әрекет етушілердің ісінің берекеті болғай!

Ұлбосын ИСАБЕК