ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВТІҢ ТОЙЫНА ДАЙЫНДЫҚ КЕРЕК

Уақыты: 07.02.2018
Оқылды: 1190
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ақсудағы істер ауқымды. Бұл сөзімізге  Ақсу ауданының әкімі Әділбек Далбағаевтың ел алдындағы есебі дәлел. Былтырғы жұмыс қорытындыланып, ағымдағы жылдың жоспары айтылған айтулы жиын аудандық әкімдікте болды. Кездесуге Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысты. Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы филиалы мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ауылдық округ әкімдері, құқық қорғау органдары мен кәсіпорын, мекемелердің басшылары, аудандық мәслихат депутаттары және ауыл тұрғындары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жиыннан бой көрсетті. 

Есептік жиын шымылдығы ауданның көрсеткішін паш ететін бейнероликтен бастау алды. Былтыр атқарылған істердің ауқымдылығы аңғарылып, келешекке қойған жоспарлар көрсетілді. Ақсудың жанданып келе жатқан экономикасы мен әлеуметтік жағдайының жақсаруы, толайым табыстары мен жетістіктері ертеңге деген ел сенімін еселеді. Артынша сөз алған Әділбек Егеубекұлы 2017 жылдың ақсулықтар үшін жемісті де жеңісті болғандығын жеткізіп, биылғы міндеттерді тілге тиек етті. Сөз басы Елбасының ағымдағы жылғы Жолдауынан басталып, «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» бағытында алға қойған жоспарларды жүзеге асыру барысы айтылды. Мақсат, міндеттер тиянақты орындалуы үшін тұрғындардың жұмылған жұдырықтай жұмыс атқару керектігі сөз болды. Өңір басшысының сөзіне сүйенсек, өткен жылы Ақсу аймағында мемлекет тарапынан қолдау тауып, жемісті атқарылған жұмыстар тізбегі жетерлік. Көп істің күрмеуі шешіліп, ауылдық округтердің басым бөлігіне көңіл бөлініп, көптеген мәселе оң шешімін тапқан. Мәселен, біраз уақыт жұмысын тоқтатқан Ақсу қант зауыты қайтадан іске қосылып, өңірдің өркендеуіне едәуір үлес қосқан. Сол секілді жағымды жаңалықтар көбейіп, ел берекесі артып келеді. Аудан әкімінің былтырғы есептік кездесуінде тұрғындар тарапынан негізгі деген 5 ұсыныс түскен. Осының төртеуі жүзеге асып, жүктелген міндеттер өз деңгейінде атқарылған. Қай қырынан алып қарасаң да атқарылған жұмыстар ауқымды. Ауданның негізгі көрсеткішін көтеретін басты саласы ауылшаруашылығынан бастап әлеуметтік жағдайларға дейін оң өзгерістер аз емес. Ауылшаруашылығы бойынша өндірілген жалпы өнім 27 млрд. 54 млн. теңгені құраған. Аудан көлемінде етті бағытта, биязы жүнді қойдың жүнін дайындайтын бес кооператив құрылған. Өнеркәсіп бойынша да өнімді шаруалар жетерлік. Өткен жылы 4 млрд. 621 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем көрсеткіші жоғары пайызға ие болған. Ақсу қант зауытын қайта іске қосу барысында үлкен жұмыстар атқарған. Нәтижесінде «Энерго Мост» ЖШС мен «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы қызметке тартылып, 15 млрд. теңге көлемінде қаражат жұмсалмақ.  Өнеркәсіп өндірісінің ағымдағы жылға бекітілген жоспарына сай 4 млрд. 850 млн. теңге табыс күтілуде.
Аудандағы шағын кәсіпкерлік жұмыстары да оң бағытта жүзеге асуда. Өткен жылдың қорытындысына сай аудандағы белсенді шағын және орта бизнес бойынша 3925 адам жұмысқа бекітілген. Кәсіпкерлік арқылы өндірілген өнім көлемі 380 млн. теңге болып, бюджетке түскен салық көлемі 230 млн. теңгені құраған. Ал бұл көрсеткіш биыл біраз артпақ, яғни, ағымдағы жылы 250 млн. теңге салық түсімі күтілуде. Аудан көлемінде 3 млрд. 790 млн. теңге инвестиция тартылып, туризм саласының 2020 жылға дейін даму концепциясын орындау мақсатында межелі жоспар бекітілген. Сондай-ақ былтыр ауданда жекеменшік есебінен 2024 шаршы метр тұрғын үй салынып, жалпы құрылыс жұмыстары 4 млрд. 445 млн. теңгені құраған. 
Аудан әкімі спорт саласындағы жетістіктерді де тілге тиек етіп, өңірдегі қылмыстың 2016 жылмен салыстырғанда азайғанын айтып өтті. Мәдениет саласын қаржыландыру бағытында бөлінген 125 млн. теңге нақты мақсатта игерілген. Келер жылы қазақ поэзиясының құлагері Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдық мерейтойы. Осыған орай Ойтоған ауылының Мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 16 млн. 200 мың теңгеге өтініш жіберілді. Сондай-ақ аудандағы білім саласына да баса мән беріліп, бірқатар жұмыс атқарылған. Денсаулық сақтау саласына 96 млн. 400 мың теңге бөлінген. Алайда 2016 жылмен салыстырғанда науқастардың саны көбейіп отыр. Аудандағы ауызсу мәселесі де нақты шешімін табуда. 
Әділбек Егеубекұлының баяндамасынан кейін мінберге көтерілгендер 2017 жылы атқарылған жұмыстарға оң баға беріп, әкімнің қажырлы еңбегіне ризашылықтарын жеткізді. Сондай-ақ ауыл тұрғындары жарыссөз барысында Ілияс Жансүгіровтің тойына үлкен дайындық керектігін қадап айтты. Осы орайда ауылдық округ жолдарын толық жөндеу, мәдениет орындарын көркейту қызметтерін ұсынды. Тұрғындар тарапынан қойылған сауалдар өз шешімін табатындығын айтқан аудан әкімі қателіктердің, кемшіліктердің де бар екендігін жасырмады. Артынша сөз алған Жақсылық Мұқашұлы аудан көрсеткішін көтеру барысында үнемі бірлікпен қызмет ету керектігін айтып өтті. Қай сала болсын қажырлы еңбек ету бәріне ортақ жетістік боларын білдірді. Сонымен бірге ауылшаруашылығына көптеп көңіл бөліп, әр тұрғынның өңірдің өркендеуіне қосар үлесі болуын ұсынды. Облыс басшылығынан қолдау көрсетіліп, іске қосылған нысандарды да тілге тиек етіп, бар мәселенің оң шешім табатынын айтып өтті. Ағымдағы атқарылар шаруалардан мол үміт күтетін ақсулық тұрғындар әкім есебіне қанағаттанарлық деген баға берді.

Құралбек Сәбитов

Ақсу ауданы