Табыс таразыланды

Уақыты: 07.02.2018
Оқылды: 1163
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Сәрсенбі күні Есік қаласындағы Мәдениет үйінде Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Бинәлі Ысқақ ел алдында есеп берді. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов және аудан активі, мәслихат депутаттары, ауыл әкімдері, этномәдени бірлестіктердің мүшелері, қоғамдық ұйым жетекшілері қатысты.

Аудан бойынша өткен жыл қалай қорытындыланды? Әлеуметтік-экономикалық салада қандай жетістіктер орын алды? Рухани кемелдену үдерісі қалай жүріп жатыр? Міне, әкімнің есепті баяндамасында осы тектес сан түрлі сауалдарға нақты жауаптар қайтарылды.
Аудан әкімі ең алдымен аграрлық саланың жай-жапсарын сөз етті. Ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу заманауи озық технологияларды қолдану арқылы өрісін кеңейте бастапты. Сонымен қатар, шетелден әкелінген дәнді дақылдардың жаңа сорттарын жерсіндіру жұмыстары да ойдағыдай жүзеге асқан. Соның нәтижесінде 99 миллиард 827 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Аудан осы арқылы ауылшаруашылығы өнімдерін өндіруде облыстағы өз үлес салмағын арттыра түскен.
Есепті мерзім ішінде 298 ұсақ шаруашылық біріктіріліп, соның негізінде 19 ауыл- шаруашылығы кооперативі құрылды. Оларға қолдау көрсетіп, дамыту үшін бюджеттен 419 миллион теңге қарастырылған. Осындай мақсаттарға аударылған қаражаттың көлемі 2016 жылмен салыстырғанда 35 пайызға өскенін байқауға болады.
Сол сияқты, мал шаруашылығын өркендетуге де баса назар аударылған. Аталған салаға республикалық бюджеттен 163 миллион теңге бөлініпті. Ең бастысы, бұл қаржы толығымен игерілді. «Сыбаға, «Құлан», «Ырыс» бағдарламалары бойынша мал шаруашылығын өркендетуге 280 миллион теңге қаражат жұмсалыпты. Соның арқасында 300 бас ірі қара, 100 жылқы, 700 бас ұсақ мал сатып алынған.
Өткен жылы интенсивті бақ өсіру аумағы да ұлғайған. Оның көлемі 907 гектарға жеткен. Өнеркәсіп саласында да ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер аз емес. «ФудМастер», «Адал», «Голдпродукт» сияқты елімізге белгілі ірі кәсіпорындар өнім өндірудің көлемін жыл сайын арттырып келеді. Сондай-ақ, Ақши ауылдық округіндегі жоңышқа өңдеу зауыты, Бәйтеректегі майлықтар мен дәретхана қағаздарын шығару зауыты, Шелек ауылындағы ет өңдеу комбинаттарының жұмыстары да ойдағыдай. Нәтижесінде, аудандағы өнеркәсіп өнімінің көрсеткіші 31 миллиард 767 миллион теңгеге жетті.
– Жасыл энергияның дамуына біздің аудан да өз үлесін қосып келеді. Өткен жылы Масақ ауылдық округінде қуаты 4,5 Мвт болатын жел электр стансысы салынды. Түргендегі су электр стансысының құрылысы да аяқталды. Алдағы уақытта Сөгеті ауылдық округінен қуаты 200 Мвт күн электр стансысы, сондай-ақ, Шелек ауылында су электр стансысы, тағы да осы тектес бірқатар жаңа құрылыстардың жұмысы басталады. Ауданымыз осылайша баламалы энергия көздерін пайдалануға қол жеткізетін болады.
«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті қолдау» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар да ауқымды. Осы бағдарлама аясында 2476 адам жұмыспен қамтылды. Аудандағы жұмыссыздық деңгейі бұрнағы жылдармен салыстырғанда 4,4 пайызға азайды.
Жыл ішінде Алмалы және Алға ауылдарында екі дәрігерлік амбулатория, Шелек пен Есікте 600 орынды мектеп пайдалануға берілді. Көгілдір отынның ауданға жеткізілуі де өткен жылғы жарқын істердің бірі. Есік қаласы мен Шелек ауылына газдың алғашқы алауы жағылды. Алдағы уақытта бұл жұмыстар барлық елді мекендерді қамтитын болады. Табиғи газдың келуі өңір экономикасына оң серпін беретіні сөзсіз, – деді Бинәлі Әбдіқапасұлы.
Аудан әкімі атқарылған істерді таразылай келіп, алда тұрған міндеттердің бұдан да маңызды, бұдан да күрделі екенін атап өтті. Облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов қорытынды сөз сөйлеп, аймақты дамытудың өзекті мәселелеріне тоқталды.
Бұдан кейін жарыссөзге шығып, мінберге көтерілгендер есепті баяндамада айтылған жайлардан ой түйіп, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Облыстың Құрметті азаматы, қоғам қайраткері Өмірғали Кенжебеков, «КЗА Констракшн» ЖШС-нің қоғаммен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Данияр Өсер, аудандағы фермерлер одағының төрайымы Бақытгүл Елшібаевалар өздерін толғандырып жүрген жайларды әңгімеледі. Залда отырғандар тарапынан да сұрақтар қойылды. Олар – Есік қаласындағы Абылай хан орта мектебіне күрделі жөндеу жүргізу, Көлді ауылындағы Мәдениет үйін іске қосу қажеттігін сөз етті. Саяжайда тұратын оқушылардың жағдайы да әңгіме арқауына айналды. Сонымен қатар, аудан орталығына Оқушылар сарайы керек екені де назардан тыс қалған жоқ. Сұрақ қоюшыларға тұшымды жауаптар қайтарылды. 
Жиналысқа қатысушылар әкімнің атқарған жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді.

Болат МӘЖИТ

Еңбекшіқазақ ауданы