Ел тілегі ескерусіз қалмайды

Уақыты: 13.02.2018
Оқылды: 1162
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алакөл ауданының әкімі Әлібек Жақанбаев Зейнеп Қойшыбаева атындағы Мәдениет үйінде есеп берді. Тұрғындар алдындағы келелі жиын басталмас бұрын ауданның агроөнеркәсібі, білім деңгейі, мәдени шаралары, медицинасы мен жалпы әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы арнайы дайындалған бейнефильм көрсетілді. Аудан әкімі өз есебінде жыл он екі айда атқарылған нақты істерді тілге тиек етті. Сондай-ақ, ел алдындағы экраннан қысқа да нұсқа мәліметтер ұсынылып отырды. Есепті жиынға облыс әкімінің орынбасары Серікжан БЕСКЕМПІРОВ қатысты.

Ерекше атап өтер жайт, Алакөл ауданында агроөнеркәсіп саласындағы өнім көлемі 33,2 миллиард теңгеге жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ал мемлекеттік бағдарламаларды тиімді игеруде шаруаларға 616 миллион теңгенің субсидиясы бөлінген. Әсіресе, «Сыбаға», «Құлан» және «Алтын асық» бағдарламаларының игілігін көріп отырған тұрғындар көп. Аудан басшысы биылғы жоспар да өз межесінен түспейтіндігін, өнім көлемін арттыруға барлық жағынан жағдай жасалып жатқанын алға тартты.
Әкім есебінде белгілі болғандай, биыл шекаралы ауданда тағы бір қант қызылшасын сервистік дайындау орталығы құрылмақ. Нәтижесінде, қант қызылшасының алқабы 700 гектарға ұлғайтылып, 22 мың 750 тонна тәтті түбір жиналады. Бұл Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа арнаған Жолдауының үшінші бағытымен сәйкес. Әлібек Әскербекұлы алда тұрған мақсаттарының бірі ретінде қант қызылшасының көлемін 3 мың гектарға жеткізуді атап көрсетті.
Әкім есебіндегі басты ерекшелік, сала-саламен сандарды сөйлетіп қоймай, Елбасы Жолдауының он міндетіне қарай топтастыра білген. Баршамызға мәлім, Президент Жолдауындағы бірінші міндет индустрияландырумен тікелей байланысты. Бұл бағытта аудан басшысы тартылған инвестиция көлемдерін алға тартты. Мәселен, былтыр ауданға 18709 миллион теңгенің инвестициясы салынған. 2016 жылмен салыстырғанда да  бұл көрсеткіш 104 пайызға артығымен орындалған. Аудан әкімі инвестицияның игілігін халық алдағы уақытта да көретінін жеткізді. Атап айтқанда, «Петрочемикал Транспорттық Компаниясы» серіктестігі аудан аумағында 1528 гектар жерге жалпы құны 16,5 миллард теңгені құрайтын «Достық» индустриялық паркі құрылысын салуға дайындалуда. Сол сияқты мәдениет, денсаулық сақтау, әлеумет, тұрғын үй, құрылыс, туризм, кәсіпкерлік бағытындағы сандарды сөйлетіп, ауқымды істерді жеткізген аудан басшысы, ең бастысы, халықтың талап-тілегінен шығу абыройлы міндет екенін айтып өтті.
– Біз халыққа жағдай жасап, қолдау білдірсек, шықпайтын белес, алынбайтын қамал жоқ, – деген Әлібек Жақанбаев облыс басшылығына да алғысын білдірді. Аудан әкімінің баяндамасын тыңдаған жұртшылық соңынан жарыссөзге шықты. Солардың қатарында пайымды пікірімен ерекшеленген Алматы облысының Құрметті азаматы М. Жолжанов, облыстық, аудандық мәслихаттың депутаттары Қ. Қожабеков, Е. Жуанышбаев,  А. Қасымжанова, Теректі орта мектебінің директоры Н. Ластоверов, Лепсі орта мектебінің тарих пәні мұғалімі, жас маман А. Оразов өз салаларында атқарылған жұмыстарға тоқталып, өңір басшысының есебіне қанағаттанарлық деген баға берді. 
Мінберге көтерілген облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров жер жаннаты Жетісу өлкесі тауық жылы қандай табыстарға жеткеніне тоқталып, алдағы мақсат-міндеттерімен бөлісті.
Кездесу барысында жиналғандар тарапынан бірнеше түйіткілді тақырып төңірегінде сұрақтар қойылып, тұщымды жауаптар алынды. Мәселен, шалғай орналасқан ауыл тұрғындары құжат жинау, рәсімдеу барысында көп жүрмес үшін барлық мемлекеттік мекемелерді бір жерге біріктіруді, Арқарлы ауылдық округінде егістікке су жетпеу салдарынан өнімнің азаюына байланысты Шілікті, Ащыөзек су арналарының жағдайын реттеп беруді, өзге де елді мекендерде ескіріп, көркі көмескіленген Мәдениет үйлерін жөндеуден өткізуді және өңірімізге МРТ аппаратын алуды сұрағандар болды.
Есепті кездесудің соңында аудан әкімі Әлібек Жақанбаев алдағы уақытта 5 мың басқа арналған тауарлы-сүт фермасын құру, суармалы егістік көлемін арттыру, Көктұма және Ақши маңындағы көл жағалауларына кәріз жүйесін жүргізу, өнеркәсіп көлемін ұлғайту, жергілікті бюджеттің үлесін көбейту сынды нақты жоспарларымен де бөлісті.

Қуаныш ТҰНҒАТАР,

Алакөл ауданы