Алматы облысының іскер әйелдері Қазақстан мен Түркияның бизнес-форумына қатысуда

Уақыты: 16.02.2018
Оқылды: 1595
Бөлім: ЭКОНОМИКА

15-16 ақпанда Анкарада Қазақстан мен Түркияның іскер әйелдер бизнес-форумы өтуде. Бизнес-форумға еліміздің іскер әйелдер делегациясын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова бастап барды.

Бизнес-форумға Түркия Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Хакан Чавушоглу, Түркияның Сауда палаталары мен сауда биржалары одағының жанындағы Іскер әйелдер кеңесі төрайымының орынбасары Рухсар Пекджан және «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова қатысты. Қазақстандық делегацияның құрамында еліміздің 50-ге жуық іскер әйелдер бар.

Алматы облысының іскер әйелдер делегациясын Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрайымы, облыстық Іскер әйелдер кеңесінің жетекшісі Римма Салықова бастады. Сонымен қатар форум жұмысына “Сбербанк” АҚ ЕК Алматы облыстық филиалының директоры Меруерт Жасболат, “Ашура” балалар бақшасының директоры Гүлнара Хашимова, «Баянаул моторс» ЖШС директоры Жанна Жазықпаева қатысуда.

Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова форумда сөйлеген сөзінде Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің 40%-ын іскер әйелдер қалыптастыратынын, олардың отандық бизнестің дамуына қосатын үлесі үнемі өсіп отырғанын айтты.  

 «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кеңес беруші органдардың арасында алғашқы болып өз алаңында Іскер әйелдер кеңесін құрған болатын. Бүгінгі таңда 16 өңірлік кеңес, 170 аудан орталығында филиалдар құрылып, оларды табысты кәсіпкер әйелдер басқарып отыр. Осылайша кеңес Қазақстанның түпкір-түпкірінен табысты, әрі әлеуметтік белсенді қыз-келіншектердің әлеуетін біріктірді. Қазақстанда жеке кәсіпкерлердің  47%-ын әйелдер құрайды, заңды тұлғалардың  26%-ын, шаруа және фермерлік қожалықтардың  19%-ын қыз-келіншектер басқарады», – деді Ләззат Рамазанова.

Ләззат Рамазанова форум қатысушыларына «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жұмысының негізгі бағыттарын таныстырды, осы ретте спикер ҰКП құруда модельдің негізге алынғаны жайында, бірінші кезекте Түркияның Сауда, өнеркәсіп палаталары мен тауар биржалары одағының (ТОББ) озық тәжірибесі үлгі болғанын атап өтті.

Форум аясында «Қазақстан – цифрландыру дәуірінде инвесторларға арналған дамудың жаңа мүмкіндіктері» және «Қазақстан мен Түркияның әйелдер кәсіпкерлігінің даму перспективалары» атты панельдік сессиялар ұйымдастырылды. Форум аяғында делегаттар ТОББ университеті, индустриялық аймақ және «Panora» сауда орталығын тамашалады.

А. Байжұмақызы.