Азығы мол мал азбайды

Уақыты: 16.02.2018
Оқылды: 1580
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Райымбек ауданындағы Сарыжаз ауылдық округіне қарасты Кеген өзенінің бойына орналасқан «Досан» шаруа қожалығына жолымыз түсті. Бекболат Сұлтанғазиев – жастайынан мал өсіріп, өлкенің ақ қар, көк мұзына, бораны мен жаңбырына төселіп, еңбекпен есейген жігерлі азамат. 

Ол бізді жылы қарсы алды. Қораларының бәрі жылы да жайлы. Шөптің жеткілікті қорын жасап алыпты. Көңіл тоқ. Бір отар саулық өрісте. Қожалықтың бұдан бөлек өрісіне сән берген 70 ірі қарасы, 60 жылқысы бар. 
– Мал қыстату науқаны сәтімен жалғасуда. Округ аумағында 6638 бас ірі қара, 3787 бас жылқы, 29886 бас қой-ешкі қыстатылуда. Жалпы, 67 қыстауда мал бар. Өткен жылы 19 мың тонна шөп дайындалған. Бәрінің жағдайлары жақсы. Округте ірі қара малын асылдандыруда іргелі істер атқарылып келеді. Мемлекеттік «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» секілді бағдарламалар бойынша «Расылбай», «Несібелі» шаруа қожалықтары жақсы жұмыс істеуде, – дейді Сарыжаз ауылдық округінің әкімі Нұрлан Оралқұлов.
Бекболат Сұлтанғазиев басқаратын «Досан» шаруа қожалығының Шұбарқарағай жайлауында 300 гектар жайылымдық жері бар. Сұлтанғазиевтар әулеті жаз жайлауды тиімді пайдаланады. Малды ауылдың тірлігін иіретін еңбекқор келіндер құрт, майларын қамдап алып, қай мезгілде барсаң да дастарқандарын жайнатып тастайды. Қыстаудағы қой қоралар тап-таза. Төрт түлік мал шетінен қоңды. Саулықтар алда келе жатқан сәуір айында төлдетіледі. Оған да дайындық жаман емес. Қытымыр қыста жағдайы сайлы, ісі ретті қожалықтан риза болып жолға шықтық. 

Қанат БІРЖАНСАЛ
Райымбек ауданы