Жаңғыру негізі

Уақыты: 26.02.2018
Оқылды: 1006
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Еліміз жаңа өнеркәсіптік кезеңге аяқ басты. Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында жаңа кезең аясында атқарылатын іс-шаралар жоспары айқындалды. Жолдаудың «Адами капитал – жаңғыру негізі» тармағында білім алумен, ғылыммен айналысудың тың тетіктерін тілге тиек етіп, білім беру ісінде озық жүйе құруды жеделдету қажеттігі айтылды. 

Жолдауда  мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу мәселесі де көтерілді. Қазірде мектептерде орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу басталып кетті. Бұл дегеніміз бағдарламаларды, оқулықтар мен стандарттарды жаңадан дайындауды талап етеді. Демек, осы талапқа сай біліктілігі арттырылған жаңа кадрлар даярлау керек.  Сондай-ақ, Жолдауда жас ұрпақты ғылыми зерттеу саласы мен өндірістік-технологиялық ортаға ұтымды түрде кірістіруге негіз болатын заманауи технологияларды енгізу ісі де назардан тыс қалмады. Яғни, инфрақұрылымдары бар балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторларының желісін құру қажет. 
Бәсекеге қабілетті елдер қатарына бастар баспалдақтардың бірі – үштілділік.  Президент оған қатысты: «Біздің барлық түлектеріміз елімізде және жаһандық әлемде өмір сүріп, жұмыс істеуі үшін қажетті деңгейде үш тілді меңгеретін болады. Сонда ғана нағыз азаматтық қоғам құрылады», – деді. Өз сөзінде орыстілді мектептер үшін қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемесі енгізіліп жатқанын, қазақ тілін жөнсіз терминологиялармен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтауымыз керек екенін де айта кетті. Латын әліпбиіне көшудің нақты кестесін жасау – алдағы мақсаттардың бірі. Ол қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындатудың негізі болмақ. Жолдауда ғылым саласына, әсіресе, ЖОО-ның шетелдік жетекші университеттермен, ғылыми орталықтармен бірлескен жобаларды белсенді жүзеге асыруға көңіл бөлінді. Қолданбалы ғылыми зерттеулерді ағылшын тіліне біртіндеп көшіру мәселесі де қалыс қалмады. Сондай-ақ, техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын да жаңартып, жоғары білім беру ісінде жасанды интеллект пен технологиялар бойынша білім алған түлектер санын көбейту жайында және ЖОО-да білім беру бағдарламаларын жасауға көбірек құқық беріліп, олардың академиялық еркіндігін заңнамалық тұрғыдан бекіту керектігі де айтылды. Жас ғалымдарға да ғылым саласында квота бөлініп, оларды қолдаудың жүйелі саясаты жайында ұсыныстар іске асады. Бұл білім мен ғылым саласы мамандарына берілген үлкен мүмкіндік.
Елбасының биылғы Жолдауының он міндеті де өте маңызды қадам. Ол жаһандық және сын-тегеуріндерге жауап бере отырып, мемлекеттің ғана емес, әрбір қазақстандықтардың қорғалуын және замана сынына беріктігін күшейте келе, әл-ауқатын арттырып, әлеуетін жүзеге асыру үшін жаңа мүмкіндіктер тудыруды қарастырады. Біздің ойымызша, білім беру ісіне көңіл бөлмей тұрып экономикалық, инновациялық тұрғыда дамытуды мақсат ету бекер әурешілік. Елбасының адами капиталдың жаңа сапасына көңіл бөлуі, бұл арада мұғалім мамандығының беделін арттыру керек дегені көңілге медеу ұялатады. Біз, білім саласының мамандары, жас ұрпақты адами капиталдың жаңа сапалы білімімен қаруланған, заман шындығы мен экономика сұраныстарына жауап бере алатын ұрпақ етіп тәрбиелеуіміз керек. 

А. Талдыбаева,
Абай атындағы ҚазҰПУ филология және көптілді білім беру институтының аға оқытушысы