Мемлекеттік қолдау қажет

Уақыты: 03.03.2018
Оқылды: 1767
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Кең-байтақ жеріміздің  асты да, үсті де қазынаға толы деп айтамыз. Еліміздің индустриалды-инновациялық даму бағдарламасына сәйкес өнеркәсіп саласы өркендеп келе жатқанымен Қазақстанның негізінен аграрлы республика екені де жасырын емес. Алайда, осыншама мол мүмкіндіктерге  қарамастан азық-түлік тауарларының ауқымды бөлігі әлі күнге дейін алыс-жақын шетелдерден жеткізілуде. Осының себеп-салдарын білу үшін ҚР Ауылшаруашылығы министрлігіне қарасты картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, Ұлттық Ғылым академиясының мүше-корреспонденті Теміржан Айтбавпен әңгімелескен едік.

– Теміржан Ерқасымұлы, бұл мәселемен кәсіби айналысып жүрген жандар болмаса, былайғы жұрт сіз басқарып отырған институттың қызметі жайлы біле бермеуі мүмкін.  Алдымен мекеменің құрылымы мен жұмысы жайлы айта кетсеңіз?
– Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты 1946 жылы  құрылған болатын. Ол еліміздегі  картоп, көкөніс және бақша дақылдарын зерттеу жұмыстарымен айналысатын республикалық ғылыми орталық және осы сала бойынша еліміздегі 11 ғылыми мекеменің қызметін үйлестіріп отыр. Бүгіндері институттың жеті бөлім, бес зертхана, бір кеңсе мен бөлімшесінде 150 қызметкер еңбек етеді. Олардың ішінде 4  ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, 12  ғылым кандидаты, 4  PhD докторы мен 27 ғылым магистрі бар.
Біздің институтта селекциялық-тұқым шаруашылық зерттеулері дақылдардың 25 түрі бойынша жүргізіледі. Атап айтқанда: картоп, шалқан пияз, шалот пиязы, сарымсақ, қызанақ (ашық танап пен жылыжайларда), ақ қауданды қырыққабат, тәтті және ащы бұрыш, баялды, қияр, асқабақ, кәді, асханалық сәбіз, қызылша, аскөк, шалғам, көк және бұршақты көкөністер, салат, қарбыз және қауын дақыл-         дарымен айналысамыз.
Осы жерде бүгіндері қол жеткен табыстарымызды айта кететін болсақ, «Қазақстан Республикасында пайдалануға рұқсат етілген селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізбесіне» картоп және көкөніс дақылдарының 168 отандық селекциялық өнімі, оның ішінде ҚазККШҒЗИ-ның 147 сорты мен буданы енді: бұлардың қатарында картоп – 39; пияз – 11; шалот пиязы – 2; сарымсақ – 6; ашық танапта өсірілетін қызанақ – 12; жылыжайлық қызанақ – 11; тәтті бұрыш – 4; ащы бұрыш – 2; баялы – 1; ашық танапта өсірілетін қияр – 9; жылыжайлық қияр – 3; асқабақ – 3; қарбыз – 9; қауын – 13; самса – 1; қырыққабат – 2; сәбіз – 3 сияқты көптеген сұрыптар алынып отыр. 
– Тамаша екен. Енді институт қызметінің бағыт-бағдарына тоқтала кетсеңіз?
– Сұрағыңыз өте орынды. Біз негізінен бес бағыт бойынша жұмыс жасаймыз. Атап айтқанда, біріншіден – картоп және көкөніс-бақша дақылдарының тектік (гендік) қорын қалыптастыру, құнды қасиеттері бар донорларды анықтау, екіншіден – аталған дақылдардың жоғары өнімді, сыртқы ортаға бейім, ауруларға төзімді, сақтау мен өңдеуге жарамды сорттары мен будандарын шығару, үшіншіден – көкөніс-бақша дақылдарының бастапқы тұқым шаруашылығы мен биотехнология негізінде картоптың оригиналды және элиталы тұқымдарын өндіру, төртіншіден – топырақ құнарлылығын сақтауды және экологиялық таза өнім өндіруді қамтамасыз ететін картоп пен көкөніс-бақша дақылдарын өсірудің ресурсүнемдегіш технологияларын дайындау, бесіншіден – картоп пен көкөністерді сақтау мен қайта өңдеу зерттеулерін жүргізу.
Енді осының бірінші бағытына келер болсақ, Қазақстанда аталған дақылдардың  тектік қорын қалыптастыру жұмысы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана қолға алынған. Ал қазіргі кезде ҚазККШҒЗИ көкөніс-бақша дақылдары мен картоптың  өте бай, ең алуан түрлі, нағыз бірегей тектік қорына ие.  Әлемнің 100 елінен әкелінген көкөністердің 157 түрінің 12500 дана үлгісі институттың көкөніс-бақша дақылдарының тектік қорында сақтаулы. Қазіргі уақытта бір ғана картоптың әлемнің 40 елінен жеткізілген 2200 үлгіден тұратын тектік қоры бар. Мұндай бай қордың өзімізде сақталуы ғалымдардың өнімділігі жоғары, сақталу мерзімі ұзақ, дәмдік қасиеттері ерекше жаңа сұрыптар шығару мүмкіндігін арттыра түседі.
Біз үшін осы бес бағыттың негізгісі – дақылдардың жақсы сұрыптарын шығару болып қала береді. Жоғарыда айтқанымдай, біз айналысатын 25 дақыл бойынша 170-тен аса сортымыз Қазақстанда аудандастырылған. Соның ішінде тек Алматы облысында 80-нен аса сұрыптарымыз кеңінен пайдаланылуда.
Салыстырмалы түрде айта кетсек,  еліміз тәуелсіздік алған жылы аталған дақылдардың 12 сұрыбы ғана аудандастырылған болатын. Яғни, тұқымдар негізінен өзге республикалардан жеткізілетін. Жылыжайларға арналған сұрыптар мүлдем болмады десек қателеспейміз. Ал өткен 25 жылдан аса уақытта біздің институттың ғалымдары 18 дақыл бойынша көптеген отандық сорттарды шығарды. Мысалы, бұрын картоптың екі ғана сұрыбы болса, бүгіндері 50-ден аса аудандастырылған түрі пайдаланылуда. Қызанақ пен қиярдың ашық танаптар мен жылыжайларда өсіруге арналған сұрыптары да жетерлік. Сол сияқты, сәбіздің, қызылшаның, қырыққабаттың, бұршақ дақылдарының тұқымдарын өзіміз шығарамыз.
Бүгінгі таңда біздің ғалымдар картоп пен көкөніс дақылдарының сұрыптық тәуелсіздігін қамтамасыз етті деп ашық айтуға болады. Яғни, қолда бар тұқымдарды көбейтіп, өндіріске енгізу мәселесі ғана қалды. Жаңадан  бір сұрып шығару үшін кем дегенде 10-15 жыл қажет екенін ескерер болсақ, қол жеткен жетістіктеріміз жаман емес.
– Өзімізде шығарылған сұрыптардың шетелдік өнімдерден ерекшелігі қандай?
– Иә, шетелдік кейбір сұрыптар өнімді көбірек беруі мүмкін. Ал біздің тұқымдар ең алдымен ауа райының қолайсыздығына шыдамды болып келеді. Өзіміздің топыраққа бейімделген және сапалық көрсеткіштері жағынан да артықшылықтары бар. Экологиялық тазалығы жайында әңгіме өз алдына бір бөлек. 
Тағы бір өзгешелігі – тұқымның бағасына байланысты. Яғни, сапалық жағынан артық бола тұра біздің тұқымдар шетелдікінен 10-15 есе арзан болып келеді.  Мысалы, шаруашылық бір гектар жерге пияз егуі үшін шетелдік тұқымға 150 мың теңге жұмсайды.  Ал отандық тұқымды пайдаланса 35 мың теңге  ғана кетеді.  Сонда 10 гектар жерге қажетті тұқым 3,5 млн. теңгеге түседі. Айырмашылық 10 есе болып отыр. Үнем деген осыдан келіп шықпайды ма?!
– Солайы солай ғой. Алайда Сіздер елімізді қажетті тұқыммен қамтамасыз ете аласыздар ма?
– Мәселенің бәрі осыған келіп тіреледі. Біздің институт тұқымды өндірістік көлемде дайындай алмайды. Біз тек жаңа сұрыптар шығарып, аз ғана мөлшерде тұқым дайындаумен айналысамыз. Енді қараңыз, Қазақстанға бір жылға мөлшермен  800 тонна көкөніс-бақша тұқымы қажет. Біз үш-ақ тонна өндіре аламыз. Сонда қалған 797 тоннаны қайдан алады. Ең өкініштісі, өздерін тұқыммен қамтамасыз етіп жүрген шаруа қожалықтарын айтпағанда, елімізде тұқым дайындаумен айналысатын шаруашылықтар мүлдем жоқтың қасы. 
Қазақстан бүгіндері көкөніс-бақша тұқымдарының 70 пайызын шетелдерден әкелуде. Бұған жыл сайын 20 млрд. теңге қаражат жұмсалады. Кешегі күнді айтамыз ғой, Кеңес кезінде Қазақстан көкөніс-бақша тұқымын өндіретін шаруашылықтар бойынша Украина мен Молдовадан кейін  үшінші орында тұрған. Өзімізді ғана емес, өзге де республикаларды да қамтамасыз етіппіз. Біздің институт аталған дақылдардың бірегей және суперэлиталық тұқымын шығарады дедік. Әрі қарай шаруашылықтар көбейтіп әкетіп, өзгелерге сатуға тиісті. Ал жалпы еліміз бойынша мұндай ірі тұқым шаруашылықтары болмай тұр.
Картоп дақылына келгенде жағдай басқаша. Қазақстанда бүгіндері картоп тұқымын дайындаумен айналысатын 40-тан аса шаруашылық бар. Соның салдарынан картоп тұқымының импорты 2-3 пайыздан аспайды. Оның өзіндік себептері де жоқ емес: картоп тұқымы жеңілдеу, әрі  тағам ретінде, мал азығы тұрғысында пайдалануға, тұқым ретінде сақтауға да жарай береді. Ал көкөніс пен бақша дақылдары тұқымын өндіру үшін оны сақтайтын арнайы орын, тазалайтын күрделі техника, құнарлы топырағы бар үлкен алқаптарды қажет етеді. Осындай жағдайда 1-2 гектар жерлері ғана бар шаруа қожалықтары не жасай алмақшы? Сонымен бірге қазір картоп өндірушілерге мемлекет тарапынан берілетін субсидия шаруалардың ынтасын арттыруда. Өкінішке орай, көкөніс-бақша дақылдарына мұндай жеңілдіктер жасалынбай отыр. Қазір бізге тұқымдар негізінен Голландия, Қытай, Ресей, Өзбекстан мен Қырғызстаннан әкелінуде. Мұның ішінде Қытайдан, Қырғызстаннан  жеткізілетін тұқымдар мемлекеттік реестрге кірмеген, яғни, заңсыз әкелінуде.
– Осы жерде тұқым өндірумен айналысатын шаруашылықтарды ірілендіру мәселесі туындайтын сияқты ма?
– Өте дұрыс. Еліміздегі картоп өнімінің 70 пайызға жуығы жекеменшік бақшаларда, тағы 20 пайызы шаруа қожалықтарында, қалған 10 пайызы ғана үлкен шаруашылықтарда өсірілетіні белгілі. Алматы аумағындағы біздің институтты айтпағанда, өзге облыстарда салалы құрылымдар құрдымға кеткен. Егер біз картоп  және көкөніс-бақша тұқымын шығарумен айналысу ісін өндірістік жолға қоймасақ, бұл саланы өркендете алмасымыз анық. Ол үшін кешегі күні айырылып қалған шаруашылықтарды қалпына келтіру маңызды.  Бұл жерде үкіметпен бірге облыстық, аудандық әкімдіктердің де мүдделілік танытқаны абзал.  Осындай жұмыстардың болмауы себебінен біздің ғалымдардың еңбегі еш болып жатқан жайы бар.
Осы жерде айта кететін бір жайт, институттың өзінде үш тонна емес, 10-15 тонна тұқым өндіруге мүмкіндік бар. Оған қолбайлау болып отырған да сол қаржыландырудың аздығы. Атап айтқанда, тұқым тазалайтын арнайы техника алуға дәрменсіздік танытып келеміз. Біздің қызметкерлер өнімді комбайнмен емес – қолмен орып, техникамен емес – қолмен тазалап келеді. Техника бір сағатта атқаратын жұмысты біз бір апта жасаймыз. Бұл, әрине, үлкен қолбайлау емес пе?!
– Жоғары сапалы тұқымды шығару бар да, дақылды күтіп-баптау бөлек емес пе?
– Иә, біздің институт  дақылдарды өсіру технологиясын жетілдірумен де айналысады. Бұған тұқымды дайындаудан бастап, топыраққа сіңіру, суғару, түптеу, зиянды жәндіктерден қорғау, өнімді жинауға дейінгі жұмыстар кіреді. Алқапқа биоорганикалық тыңайтқыштар беру, суғарудың тәсілдері, дақылдарды кешенді қорғау әдістерінің алар орны да ерекше.  Осының бәрі түптеп келгенде өнімнің сапасы мен көлеміне әсер ететін дүниелер. Ал одан кейін жиналған өнімді сақтау, өңдеу мәселелері туындайды. Мысалы, картоптан жасалынатын тағамдар, қызанақ өнімдеріне қажетті сұрыптарды анықтап, ұсыныстар жасау да біздің құзырымызға кіреді.
– Институт қызметкерлерінің әлеуметтік мәселелері қалай шешілген?
– Институт  Қарасай ауданы Қайнар ауылында орналасқан, бұрыннан істеп келе жатқан қызметкерлердің баспаналары бар. Жастар үшін институттың бір ғимаратынан жатақхана жабдықтап қойғанбыз. Жалақы мөлшері көңіл көншіте қоймайтыны тағы белгілі. Жалпы, бүгіндері ғылымға мақсаткерлікпен ғана келеді емес пе. Қызметкерлеріміздің 35 пайызын осындай жастар құрайды. Сол сияқты, зейнет демалысына шығып, еңбек жолын жалғастырып жүрген ардагерлеріміз де баршылық. Бір сөзбен айтқанда, жұмыс жасауға деген құлшынысымыз жетерлік, тек мемлекет қолдауын сезінгіміз келеді.
– Әңгімеңізге рахмет.
 
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
 
Қарасай ауданы