МАЛШЫ ЖАҒДАЙЫМЕН ТАНЫСТЫ

Уақыты: 12.03.2018
Оқылды: 960
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қытымырлығын барынша көрсеткен биылғы қыс барлық салаға сын-сынақ болды. Әсіресе, қиыр қонып, шет жайлаған малшы қауымның қыстан қысылмай шығуына назар аударылды. 

Сарқан ауданы әкімінің орынбасары Арман Мұқановтың жетекшілігімен құрылған жұмысшы тобының құрамындағы дәрігер, полиция қызметкерлері, ветеринарлық пункт меңгерушілері, аудандық ауылшаруашылық бөлімінің қызметкерлері және осы салаға жауапты басқа да мамандар төрт түлік соңындағы жандардың тірлігін көзбен көріп, тиісті көмек көрсеткен болатын. Шаруалар қарауындағы малдарын жүдетпей, шығынсыз шығару үшін табиғи жайылымдарды тиімді пайдаланып, қолдағы жемшөбін үнемді қолдануда. Алдағы айрықша кезең – мал төлдету науқанына да дайындық жасалуда. Мол жемшөп қоры соған негіз. Алмалы, Екіаша, Амангелді ауылдық округтерінің бірқатар қыстауларына ат басын бұрған жұмысшы топ қора-жайдың қолайлылығын, жемшөптің жеткіліктігін, сақманға іріктелген адамдардың дәрігерлік тексеруден өткізілуін, төл қораларының жылытылуын, мал басын өз төлі есебінен арттыруға қадам жасалғанын, азық-түлік, дәрі-дәрмектің барлығын көріп, малшы мәселесіне қанығып қайтты.

Жомарт ИГІМАН
Сарқан ауданы