Әр күнді тиімді пайдалану

Уақыты: 09.08.2016
Оқылды: 1727
Бөлім: ЭКОНОМИКА

«Қыс шанаңды жаз сайла» демекші, шаруа адамдары алдағы қысқа жемшөп дайындау жұмысының көрігін әлі де қыздыру үстінде. Жаздың үшінші айы да жаңбырлы болады деген болжамнан хабардар дала еңбеккерлері әрбір ашық күнді тиімді пайдаланып қалуға тырысады. Себебі, шабылған шөпті жауын-шашынға тигізбей буып-түйіп, жинап алмаса, сапасы төмендейтіні белгілі.

Биылғы көктем мен жаз­да жаңбыр көп жауған­дық­тан шөп шығымы жақсы. Ой мен қырда шабындық қалың. Соған сай аудан осы жазда бір жарым жылдық шөп қо­рын дайындауды межелеп отыр. Пішеншілер 137 200 тонна шөп шабуды көздеп отырған болса, бүгінде со­ның біраз бөлігі жинап алын­ды. Бұл орайда техникалық жарақ­тануы жақсы жолға қо­йыл­ған шаруашылықтардың жұмысы өнімді. Солардың бірі – «Свет­лана» шаруа қожалығы.

Қожалық қажетті техни­камен қамтамасыз етілген. Мұнда шөп шабатын, тырма­лайтын арнайы техни­каның барлығы бар. Екі қуат­ты «К-700» тракторы, бес «МТЗ-82», шөп тасымал­дай­тын «Газ-53», «ЗиЛ», «Кам­АЗ» жүк көлік­тері бар. Сон­дай-ақ егін оратын алты ком­байн қазіргі кезде егін алқа­бында астық орып жүр. Құ­рыл­ғанына биыл 15 жыл то­лып отырған «Свет­лана» ша­руа қожалығының төрағасы Алек­сандр Наза­ренконың өзі аудан­ның Құр­метті азаматы, «Ерен еңбегі үшін», басқа да бірқатар мере­келік медаль­дарының ие­гері. Шаруашылық жұмысын ұтым­ды ұйым­дас­тыра білуімен өңір­дің әлеу­меттік-экономи­калық дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан ғалым-агро­ном салада ұзақ жыл жемісті еңбек етіп келеді.

Іскер кәсіпкердің ұжымы да еңбекқор. Бұл орайда меха­ни­заторлар Аманғали Әбіле­шев, Сергей Язигин, қожа­лықтың көп жылдан бергі бі­лік­ті меха­нигі Анатолий Язи­гин сияқ­тылар өз ісінің ше­бері. Техника тіліне жетік мамандар мұнда жыл он екі ай бойы тұрақты жұмыста. Уақы­тылы жалақы, малына керекті жемшөбін, өнім­­ділікке қарай жылдық сый­­ақы алады. Тұрақ­ты жұ­мыс­тағылар он шақты адам болса, науқан кезінде олардың саны отызға жуық­тайды. Шар­уа қожалығында осынша жан нәпақасын тауып, отбасын асы­рап отыр.

Қожалық шөпшілері қазір Ұзынағаш ауылы маңындағы алпыс гектарлық жоңышқа алқабында қызу еңбекте. Ме­ха­­низатор Қырықбай Із­ті­ле­у-овтің орып, тайлаған шө­бін Ғалым, Аман, Саид сияқты жүкшілер көлікке тиеп, тәжі­рибелі жүр­гізуші Жанат Са­ғым­беков қой­маға тасы­мал­дауда.

 

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы.