ЗИЯНКЕСТЕРМЕН КҮРЕС КҮШЕЙТІЛМЕК

Уақыты: 29.05.2018
Оқылды: 1206
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Еркін ауылындағы «КазАВИА» ЖШС базасында «Алматы облысы аумағында шегіртке тектес зиянкестерге қарсы күрес іс-шараларын өз уақытында сапалы ұйымдастыруға байланысты қойылатын талаптар мен міндеттер» тақырыбында  облыстық кеңейтілген семинар өткізілді.

 

   Өткір де өзекті мәселені қаузаған семинар-кеңеске ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің өкілдері, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, ауылшаруашылық бөлімдерінің, болжамдау қызметінің облыстық және аудандық филиалдарының, химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізетін және пестицидтерді сатушы мекемелердің  қызметкерлері қатысты.
   Семинар жұмысын облыс әкімінің орынбасары Серікжан БЕСКЕМПІРОВ жүргізді. Күн тәртібіне арқау болған шегіртке тектес зиянкестерге қарсы күрес шаралары бойынша баяндамалар тыңдалып, ұсыныс-пікірлер ортаға салынды. Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының басшысы Ерболат Базилжанов шегіртке тектес және басқа да аса қауіпті зиянды организмдерге қарсы жүргізілетін мониторинг жұмыстары туралы баяндады. Осы мақсатта үстіміздегі жылы республика бойынша 1 млн. 700 мың гектар жер залалсыздандырылмақ. Оның ішінде Алматы облысының аумағында шегірткемен күреске 100-ден аса адам мен 57 техника жұмылдырылғандығын тілге тиек етті.
– Бүгінде біздің орталық шегіртке тектес зиянкестерге мониторинг жұмыстарын толығымен бастап кетті. 180 мың гектар жер зерттелді. 1,120 мың гектар жер өңдеуге дайын. Алдыда әлі үлкен жұмыстар тұр. Біздің мекеме өңірді шегіртке тектес зиянкестерден сақтап, ауылшаруашылығының мол өнім алуына жол ашып отыр, – деді республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы облыстық филиалының басшысы Бақберген Атантаев.  
   Семинарда сөз алған Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Абай Сағитов келелі кеңестің маңыздылығына тоқтала келе, уақыт талап етіп отырғандай, химиялық өңдеу препараттарын биопрепараттарға ауыстыру мерзімі келгендігін айтты. Ғалым өз сөзінде биопрепараттың адам денсаулығы үшін зиянсыздығы мен тиімділігіне айрықша тоқталды.
   Облыстық аумақтық ауылшаруашылығы инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Болат Жылқыбаевтың мәлімдеуінше, осы жылы шегіртке тектес зиянкестерге қарсы 217,600 мың гектар жерге химиялық өңдеу жұмыстары жоспарланған. Оның ішінде, азиялық шегірткеге қарсы  88,900 мың гектар, итальяндық прусқа қарсы 128,765 мың гектар жер өңделмек. Мұның сыртында жергілікті бюджет есебінен үйірсіз саяқ шегірткелерге қарсы 90,699 мың гектар жерге химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге 209 454 млн. теңге бөлінген. Бұл күнде белгіленген іс-шаралар бойынша жұмыстар басталып кеткен.
   Бұдан соң өсімдік қорғау саласында жер көлемі жағынан ең үлкен Балқаш ауданында зиянкестермен күрес жұмыстары жылдан жылға қарқын алып келе жатқаны жайында аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Дәрібаев баяндады. Аталған аудан бойынша   29 809 гектар егіс алқаптарында түрлі дақыл өсіріледі. Үлкен жайылымды және шабындық жерлері бар. Шөлейтті жерлерде зиянкестердің көптеген түрін кездестіруге болады. Ауданда азиялық шегіртке мен итальяндық прус кең таралған. Осыған орай, зиянкестерге қарсы күрес күшейтілген.
   Семинар-кеңесті қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Серікжан Іслямұлы шегірткеге қарсы күресті жүргізетін тиісті мекемелердің барлығына тапсырма жүктеді. ҚР «Өсімдіктерді қорғау туралы» Заңына сәйкес барлық жер иеленуші жеке және заңды тұлғалар өз иелігіндегі жерлерде фитосанитарлық мониторинг пен фитосанитарлық іс-шараларды жүргізуге және зиянды организмдердің зиян тигізудің экономикалық шегінен көп дамуы мен таралуына жол бермеуге тиіс. Осыған байланысты, шегіртке тектес зиянкестердің таралған ошақтарын оқшаулап, жою және одан әрі таралуына жол бермеу мақсатында тиісті шараларды бірлесіп атқаруға шақырды.
   Айта кету керек, шара аясында қатысушыларға шегіртке тектес зиянкестерге қарсы облыс аумағында химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізетін 3 мекеменің техникалары да таныстырылды. Мәселен, келісімшарттар бойынша «КазАВИА» ЖШС әуе жұмыстарына 8 ұшақ әзірлесе, жердегі жұмыстарға «Фитосанитария» РМК 11 және «ГардАгросервис» ЖШС тарапынан 5 жерүсті бүріккіш техникалары пайдалануға сақадай-сай тұр. Аталған мекемелер арнайы заманауи шетелдік бүріккіш техникаларымен және мамандармен толық қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда өңдеу жұмыстарына қажет химиялық препараттар орталық қоймадан облысқа толық жеткізілген.

Ұлбосын ИСАБЕК.