КООПЕРАЦИЯ ДАМЫТЫЛАДЫ

Уақыты: 30.05.2018
Оқылды: 1115
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   ҚР Премьер-Министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВТЫҢ төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында ауылшаруашылығы кооперациясын одан әрі дамыту мәселесі қаралды. Сонымен бірге балалардың жазғы демалысының тиімді өтуін ұйымдастыру, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесін жетілдіру шаралары пысықталды.

 

   Бірінші мәселе бойынша ҚР Ауылшаруашылығының бірінші вице-министрі Арман Евниев баяндады. Онда белгілі болғандай, 2015 жылы «Ауылшаруашылығы кооперативтері туралы» Заңының қабылдануы кооперацияны дамытудағы негізгі кедергілерді жоюға ықпал еткен. Бірінші сәуірге дейін статистикалық деректер бойынша 62 мыңнан астам адамның басын біріктірген 2 849 кооператив тіркеліпті. Арман Қайратұлы кооперацияны дамытудың салалық бағдарламасын іске асырудың нақты шаралары мен құралдарына да тоқталды. Құралдардың бірі – мемлекеттік қолдау шаралары бойынша ауылшаруашылығы кооперативтерін тең дәрежеде субсидиялау. Өндіріс тиімділігін арттырудың негізгі құралы көлденең және тік (зәкірлік) кооперация болып саналады.
   Зәкірлік кооперация шағын және орта фермерлердің және олар құрған кооперативтердің өңдеуші және жүйе құраушы кәсіпорындармен серіктестігін көздейді. Кооперативтердің қауымдастықтар немесе одан да ірі кооперативтер құруына мүмкіндігі бар. Жеке қосалқы шаруашылықтар кооперацияға жеке кәсіпкер, шаруа, фермер қожалығы ретінде қатыса алады. Кооперативтерге қызмет көрсету үшін арнайы интернет-портал құрылады, онда әр кооператив тіркелуі қажет. Сайт ақпарат жинауды автоматтандыруға және кооператив деректерін мониторингтеуге, нәтижелерін бағалауға, жұмыс орындары мен әр қатысушының еңбек өнімділігін есептеуге, цифрлық сауаттылықты оқытуға, кооператив пен қатысушылар арасында рейтинг жүргізуге мүмкіндік бермек. Ақпараттық жүйе ауылшаруашылығының өндірістік кооперативтерінің қатысушылары үшін ынталандыру, талдау, оқыту, басқару және қызмет нәтижесін бағалау құралы болады.
   Сонымен бірге кооперацияны дамытуға қолдау көрсетудің бірқатар шарасын қабылдау жоспарлануда, оларға оқуды жалғастыру және кооперативтерді ақпараттық сүйемелдеу жатады. Дәстүрлі оқуды консалтингтік тренингке трансформациялау қажет, онда еңбек өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілікті арттыруға басымдық берілуі тиіс. Кооперацияны дамыту бағдарламасының негізгі қатысушылары АШМ, әкімдіктер мен «Атамекен» ҰКП. АШМ стратегия, мемлекеттік қолдау, заңнама мәселелеріне, ал жергілікті атқарушы органдар алдымен кооперативтерге өткізу нарықтарын ашады, салалық өңірлік кооперацияларды құруы тиіс. «Атамекен» ҰКП оқыту, консультация, маркетингке жауапты.     
   ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов кооперативтерге бірігу ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу және сату үрдісін орталықтандыруға және олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретінін айтып өтті. Шағын шаруашылықтар, сауда фирмалары мен аграршылар кооперацияларға бірігу арқылы өзара іс-қимыл жасап, шығындарды азайтады және материалдық-техникалық базаны ұлғайтып, жалпы ішкі өнімнің өсуіне ықпал етеді. Сондай-ақ, Тимур Мұратұлы ауылшаруашылығы кооперативтері үшін қолайлы салық режимінің жұмыс істейтінін айтып өтті.
   «ҚазАгро»ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Нұрлыбек Мәлелов аталмыш акционерлік қоғамның ауылшаруашылығы кооперативтерін және олардың қатысушыларын қаржыландыратынын мәлімдеді. Осы мәселелерге қатысты ой қорытқан Бақытжан Әбдірұлы ауылшаруашылығы кооперативтерін құру мен дамытудың мультипликативтік әсерін талдауды тапсырды.
   ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев биыл ел бойынша екі миллионнан аса баланың лагерьлерде демалатынын жеткізді. Ол үшін он бес мыңнан аса сауықтыру лагері мен алаңдар жұмыс істемек. Дарынды және тұрмысы төмен отбасы балаларының жазғы демалысын ұйымдастыруға қаржылық және материалдық жағынан көмек көрсетуге жергілікті бюджет есебінен 4 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлініпті. Осы ретте ҚР Премьер-Министрі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді әкімдер мен ішкі істер, денсаулық сақтау министрлерінің назарына салды. Сонымен бірге балалар лагерьлерінің жұмысына қоғамдық бақылауды күшейту және ата-аналар мен мұғалімдер арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігі айтылды.
   Үшінші мәселе бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов хабарлама жасады. Айта кетейік, елде тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің жаңа үлгісі жасалды. Бұл Елбасы Жолдауында міндеттелген тапсырма. Жаңа үлгі қымбат стационаралық көмектен гөрі аурудың алдын алатын медициналық жәрдемге көшуді көздейді. Тегін көмек аясында барлық азаматқа арналған негізгі медициналық қызмет, скрининг, жүкті әйелдер мен бір жасқа дейінгі балаларды қарау, созылмалы және әлеуметтік маңызы бар ауруға шалдыққан тұрғындарды тұрақты бақылау жатады.
   Жаңа үлгідегі тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін енгізу үш кезеңді қамтиды. Біріншісі, медициналық көмекке ревизия жасау және көмек тізімін нақтылау. Екінші, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі аясында жаңа үлгіні дамыту. Үшінші, көмек көлемін жаңартып отыру. Үкіметте тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін қалыптастырудың жаңа үлгісі қолдау тапты. Әрбір азамат кепілдік ретінде медициналық көмектің қандай көлемі тегін берілетінін және қаншасы ақылы негізде жүргізілетінін білуі тиіс. Осы бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне халықпен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА.