КЕШЕНДІ ЖОСПАР ҚАБЫЛДАНДЫ

Уақыты: 03.07.2018
Оқылды: 1144
Бөлім: ЭКОНОМИКА

    Бұл жолғы Үкімет отырысында онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар, Астана агломерациясын дамыту, кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру туралы заңды орындау мәселелері талқыланды. Осыған байланысты салаға жауапты министрлер хабарлама жасады.  

 

    ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, елде соңғы он жылда өлім көрсеткіші бірнеше пайызға төмендеген. Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын орындау мақсатында қатерлі ісікке шалдығу қатарын төмендету үшін ҚР Онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2018–2022 жылдарға арналған кешенді жоспардың жобасы әзірленіп, негізгі міндеттері айқындалған. Кешенді жоспар аясында Астана қаласында Ұлттық ғылыми онкология орталығын құру көзделуде. Бұл орталықтың негізгі міндеттері – халықаралық стандарттарға сәйкес онкологиялық көмек көрсету, онкология саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, профилактиканың, ерте диагностика қоюдың және емдеудің дербестендірілген әдістерін әзірлеу және енгізу. 
   Жиын барысында өңірлерде онкологиялық ауруларды ерте диагностикалауды жақсарту және тиісті инфрақұрылымды дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы бірқатар облыс әкімдері баяндады. Облыста 2 онкологиялық диспансер жұмыс істейді, қырықтан аса дәрігер емделушілерді тексеріп, қажетті медициналық көмек көрсетеді. Айта кетейік, әлемде жыл сайын онкологиялық аурулардан зардап шеккендердің саны өсуде. Әрбір алтыншы өлім осы аурудың салдарынан болып отыр. Мұндай жағдайға адам аурудың соңғы сатысында келіп жүгінгендіктен ұшырайды. Сондықтан, оны емдеудің тиімділігі төмен болады. Осылайша Үкімет отырысында онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар қабылданды.
   Биыл 24 мамырда Мемлекет басшысы бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейтуге, сондай-ақ, әкімшілік кедергілер мен бизнес шығындарын қысқартуға бағытталған Кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері туралы заңға жария түрде қол қойған болатын. Осы ретте ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов жалпы Заңды іске асыру үшін 146 заңға тәуелді актіні қабылдау қажеттігін айтты. Оның ішінде «Doing Business» рейтингісіндегі Қазақстанның позицияларын жақсарту мақсатында 24 НҚА қабылдау үлкен маңызға ие. Бірінші вице-министрдің айтуынша, заңға тәуелді барлық акті әзірленіп, олардың көбі қазіргі кезде мемлекеттік органдарда келісу рәсімдерінен өту сатысында тұр. 
   Осыған байланысты Бақытжан Әбдірұлы кәсіпкерлік туралы жаңа заң аясында НҚА қабылдау мерзімін жеделдетуді тапсырды.
Аталған мәселеге қатысты ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев, ҚР Ауылшаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов сөз сөйледі. 
   Ал ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтың айтуынша, 2020 жылға дейін Астана агломерациясын дамыту бойынша өңіраралық іс-шаралар жоспары қабылданған. Онда үш басты бағыт бойынша 82 шараны іске асыру қарастырылыпты. Бүгінде 72 пункт орындалып, 10-ы бойынша атқарылуы тиіс жұмыстар жүріп жатқан көрінеді. 
– Қазіргі кезде Өңіраралық жоспардың 10 іс-шарасы іске асырылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде жыл соңына дейін ірі қалалардың, соның ішінде Астана қаласының дамуының 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді стратегиялары әзірленетін болады, – деп сөзін түйді Руслан Ерболатұлы. ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметінше, Астана қаласы маңындағы аймақтың сыртқы көлік жүйелерімен байланыстары бар айналма жолдарды (ішкі және сыртқы) дамыту бойынша жұмыстар жүруде.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА.