Қант зауытын аралады

Уақыты: 12.07.2018
Оқылды: 1026
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Қуаныш Сұлтанов Ақсуға ат басын бұрды. Өңірге келген құрметті қонақты облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров және  облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт бастап жүрді. 

Халық қалаулысы ауданға келген сапарында Ақсу қант зауытын аралады. Өткен жылы іске қосылған зауыт өңірдің төл дақылын өсірумен шұғылданушыларға серпін берген еді. Былтыр ақсулықтар 1600 гектарға тәтті түбір өсірген.  Биыл аудандағы ауылшаруашылығы құрылымдары қант қызылшасы алқабын 2020 гектарға жеткізді.  Қайта өңдеу зауытына Сарқан ауданының шаруашылықтары  да өнім әкелмекші. Зауыттың бас директоры  Самат Нәдірбаевтың айтуынша, биыл 150 мың тонна тәтті түбір қайта өңдеуден өткізілмек. 
Ақсу мен Сарқанда  төл дақыл өсірушілерге техника жағынан қолдау білдіру үшін арнайы сервистік орталық құрылған. Онда 40 шақты техника бар. Орталық мамандары шаруа қожалықтарына жер өңдеу, дәрілеу жағынан да кеңес-көмек  береді. Зауыт басшысы  кәсіпорын жаңғыртудан өткеннен кейін жұмысын жандандыратынын айтты.  
Биыл зауыттың өнім өндірудегі тәуліктік күші 2500 тоннаны құрайды. Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов дақыл өңдеудің шығымдылығы жайлы  сұрап-білді. Сұраққа тындырымды жауап берген Самат Тілеубайұлы дақылдың 10 пайызы қант қызылшасына айналатынын айтты. Мысалы, 1000 тонна тәтті түбірден 100 тонна қант қызылшасы алынады. Биыл Ақсу қант зауытына Алакөл ауданынан да қант қызылшасы жеткізіледі деп күтілуде. Өткен жылы гектарына алынған өнім 350 центнерді құраса, биыл 350,6 центнер болады деген болжам бар. Ақсу ауданында көп жылдардан бері қант қызылшасымен айналысып, дақыл өсірудің қыр-сырын меңгеріп алған шаруашылықтар бар. Олардың қатарын «Әлихан», «Квитко», «Дәулет Б» қожалықтары құрайды. Қонақтармен өткізілген жиында аудан әкімі Әділбек  Далбағаев, мәслихат хатшысы Бейбіт Сүлейменов және «Нұр Отан» партиясы Ақсу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Күләйхан  Дәулетбекова өңір тыныс-тіршілігі және алда атқарылар жұмыстар жайлы айтты.  

Гүлжан Мұқашқызы
Ақсу ауданы