Газдандыру жайы қаралды

Уақыты: 05.09.2016
Оқылды: 1825
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Есік қаласындағы Райымбек батыр атындағы орта мектептің мәжіліс залында облыстық мәслихаттың бірлескен тұрақты комиссиясының көшпелі отырысы өтті. Жиынға облыстық мәслихаттың депутаты Асқар Сүлейменов төрағалық етті.

Кездесуге облыстық мәслихаттың хатшысы Серік Мұ­қанов, облыстық және аудандық мәслихаттардың депу­тат­тары, аудан әкімдері, сала басшылары қатысты.

Онда облыстағы энергетикалық инфрақұрылымның дамуы, Райымбек, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр аудандарындағы елді мекендерді газдандыру мәселесі күн тәртібіне қойыл­ды. Сондай-ақ, аймақтағы жол қозғалысы қауіп­сіздігін қамтамасыз етуде атқарылып жатқан жұмыстар, жол бойына орнатылған бейнебақылау мен автокөлік қозға­лы­сын қадағалау мәдениеті, айыппұлдардан бюджетке түскен қаражат мөлшері туралы сөз болды.

Алғашқы мәселе бойынша облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы бас­шысының орынбасары Әсет Қанағатов есеп берді. Тиісті мерзім ішінде атқарылған жұмыстардың жайын баяндаған ол орталықтандырылған электрмен жабдықтау деңгейі 99,9 пайызға жеткенін атап көрсетті. Өткен жылы 41 жоба жү­зеге асқанын тілге тиек етті.

Баяндамашы бұдан кейін аймақтағы елді мекендер газ­бен қалай қамтамасыз етілуде деген сұраққа жауап беруге тырысты. Мәселен, облыста 741 елді мекен болса, оның 473-ін газбен жабдықтауға негіз бар. Өңірге жыл сайын 265 миллион текше метр табиғи газ және 506,4 мың тонна сұйытылған көгілдір отын керек. Бүгінгі таңда оны 98 елді мекен пайдаланып отыр. Бұл көрсеткішке биыл тағы 37 елді мекен қосылмақ.

Осы орайда облыстық мәслихат депутаты Ызғарбек Бектұрсынов өз ойын ортаға салды. Әсіресе, Райымбек ауданының тыныс-тіршілігіне ерекше тоқталды. Кетпен тауының екі жағындағы өңірлерді газдандыру жайының екі түрлі екені айтылды. Шонжылықтар табиғи көгілдір отынның қызығын жуық арада көргелі отыр. Ал олармен көршілес жатқан Нарынқол мен Кегенге газдың ауылы әлі алыс. Нарынқол – шекаралы аймақ. Ел шебінде тұрған елді мекеннің мұндай мәселелері бірінші кезекте шешімін табуы тиіс.

Комиссия отырысында сөз алған Еңбекшіқазақ ауданы­ның әкімі Бинәлі Ысқақ бұл өңірде халықтың өте тығыз ор­наласқанын айтты. Еңбекшіқазақ – облыстағы ең тұр­ғыны көп аудан. Оның үстіне мұнда өнеркәсіп ошақтары мол. Жыл сайын жаңа белестерге көтерілу үшін құл­шыныстар бір-біріне жалғасып жатады. Сондықтан, аудан өңірін табиғи газбен толық қамтамасыз етуді тездету керектігіне тоқталды.

Бұдан кейін комиссия алдында облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары, полиция полковнигі Шыңғыс­хан Сабуров есеп берді. Жеті айда облыс аумағында көптеген жол-көлік оқиғалары мен жол ережелерін бұзу деректері анықталған.

Бүгінде болған жағдайлардың себеп-салдарын азайту мақ­сатында қолдан келген мүмкіндіктердің бәрі пай­даланылып жатқанын сөз етті. Әсіресе, тәртіпсіздіктің алдын алу шараларына баса көңіл бөлінуде. Сондықтан да жеті айда 14 рет арнаулы айлықтар мен апталықтар жүргізілген.

Қысқасы, жиын барысында Алматы өңіріне табиғи газды әкелу жолында ширататын жайлардың әлі де аз емес екені анықталды. Айтылған жайларды талдап, жетілдіре отырып облыстық мәслихаттың күзгі сессиясына тыңғы­лықты дайындап, ұсыну міндеттелінді. Бірлескен тұрақты комиссиялардың отырысы күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тиісті қаулылар қабылдады.

Болат МӘЖИТ

Еңбекшіқазақ ауданы.