Жаркенттегі жеміс бағы

Уақыты: 15.09.2016
Оқылды: 2317
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Бүгінде республикада ауылшаруашылық өндірісін қаржылай қолдайтын «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы ауыл еңбеккерлеріне сан салада көмек көрсетіп отыр. Оның аудандарда  құрылған несие серіктестіктері үлкен ұжымдық құрылымға айналып,  жергілікті кәсіпкерлерге жанды көмек көрсетуде.

Жақында  аталмыш кор­по­­ра­ция  басшысы  Гүлназ  Атам­құ­ло­ва  жанына  шет­ел­дік  сарап­шы­лар  мен  ірі  ин­вес­торларды, интенсивті  же­міс-жидек  өндірісі  бар  кә­сіпкерлерді  ертіп жази­ралы  Жаркент  өңіріне  ар­найы  келді. Сапар бары­сын­да Айдар­лы  ауылдық  ок­ругіндегі  мың  гек­тардан  ас­­там  жерге  ин­тен­сивті  бақ  өсірген  «Жаркент-фрукт»  ЖШС-не арнайы ат  ба­сын  бұрды.  «Жаркент-фрукт»  ЖШС тыныс-тіршілігін об­лыс­тық мәс­лихат  депутаты  Мұрат  Ау­ба­киров  пен  се­рік­тестіктің  өн­дірістік даму  саласының ди­рек­торы  Саят  Стамқұлов  таныс­тырды.

Айдарлы елді мекенінің ірге­сіндегі ұзақ  жылдан  бе­рі  егін  егіл­мей  бос  жат­қан  мың  гек­тар­дан  астам  тың  жерді  өткен жылдың соңғы айында инвестор М. Ыбраев  құрған «Жаркент-Фрукт» ЖШС алып,  жеміс  бағын  өсі­руді ойластырған. Бұл жұ­­мыс­қа 33,350 мың  АҚШ дол­лары жұмсалмақ. Жоба­ның мақсаты сол – жоғары сапалы, бәсекеге қабілетті, экологиялық жағынан таза жеміс-жидек  өнімдерін  ішкі, сыртқы нарыққа шығару. Со­ны­мен қатар, жылдар бойы игеріл­мей бос жатқан құ­нарлы жерді шаруашылық айналымға қосып, ел игі­лігіне жарату.

Мұндай ірі жобаның рес­пуб­­лика аумағында бірінші рет жү­зеге асырылғанын ес­кер­сек, оның  ел тіршілі­гін­де­гі қаншалықты маңызды, құн­ды екеніне көз жет­кі­зе­міз. Осы  сапар  барысын­да бізге  сұхбат  берген  ита­льян­­дық  сарапшы  Мо­нуэль  Груер бұл  бақ  енді  екі  жыл­дан  соң әлемдегі  өнім  беріп  тұрған ең  ірі  жеміс  бақ­та­рының қатарынан  орын  ала­­тынына  сенімділігін  жет­кізді.

Мұнда интенсивті әдіспен бақ отырғызудың барлық тех­но­ло­гия­лық үрдісі қатаң сақталған. Там­шылатып суа­ру жүйесі іске қо­сыл­ған. Бұ­дан бөлек, алма баққа та­би­ғаттың төтенше жағ­дай­ла­­ры­нан қорғайтын, қатты ыс­тықта 30  пайызға дейін кө­лең­ке беретін және құс­тар­дан сақтайтын биік  қадалар орнатылған. Баққа қа­жет­ті жеміс  көшеттері осы бақ ор­­наласатын Айдарлы  айма­ғы­ның климаты мен жер ерек­ше­­лік­теріне ұқсас Өзбекстан мен Түр­кия­дан әкелінген. Бұл өз кезе­гінде көшеттің бірден жерсініп, өсу үрді­сі­нің кешеуілдемеуіне оң ық­пал етеді. Өткен  жылдың  соң­­ғы  айына  дейін  мұнда  578  гек­тар  жерге ергежейлі  алма, 405  гектарға  бу­дан­дас­ты­рыл­ған  тү­рік  алшасы, 74  гек­тарға  шаб­да­лы,  40  гек­тарға  алхоры және 13  гек­тар  алмұрт, жалпы  1110 гек­тар  алқапқа жеміс ағаш­та­ры­ның кө­шет­тері  егілген. Бұдан  тыс  гер­би­цидтер  мен тыңайтқыштарды  және  бас­­­­қа да  керек  заттарды  сақ­тайтын  қойма  салынған. Бақ­ты бағып, күтуге  97 тех­ни­ка са­тып алынған. Ин­тен­сив­ті  күтім­нің  нәтижесінде  бар­лық  жеміс  ағаш­тары  жа­пырақ  жайып, бұрынғы  құ­ланиек  құмды  өңірге  өң  кір­гізіп  тұр.

Өткен  жылы  көшет  ек­кен  кез­де  серіктестік  1500  адам  жалдап  жұмыс  іс­тет­се, қазір мұнда  650  адам  тұ­рақты  еңбек  етеді. Олар­дың  орташа  жалақысы  100  мың  теңгені  құрайды. Ал­дағы  жылы  еңбеккерлер  са­ны  1500 адамға  жеткізіл­мек.

Жобаның су көздерін пай­­да­ла­ну жөніндегі негізгі басым­дық бе­ріп отырған тұсы – жер беті жә­не жер­асты су көздерінің қоры: ша­ғын өзен сулары жетіспейтін жаз мезгілінің аптап ыстық ке­зін­де қосымша 4 жерасты су көзін бұрғылау арқылы құ­дықтарды  іске қосып, бақ­тың  ылғалға деген сұра­нысы толық қанағат­тан­ды­рыл­ды. Қазір  мұнда  қуатты  су  сор­ғыш­тармен  жабдық­тал­ған       4  бас­сейн жасақ­талған.

– Интенсивті бақтың бас­ты  ерекшеліктері – аласа бой­лы  алмаағашы екінші жыл­дың өзінде  30, үшінші жылы  80-85% өнім бе­реді және жеміс ағаштарынан өнім жинау жұ­мыстары жеңіл, адам күшін көп қажет ет­пей­ді. Түпкі  мақ­сатымыз  қазіргі  бақ  кө­­лемін  болашақта  үш  есе­ге дейін  ұлғайту, «Аг­рар­лық  несие  кор­­порация­сы­ның»  және  Үкі­мет­тің  қаржы­лай  қолдауын  пайда­ланамыз  деген  сенім­деміз, – дейді  се­ріктестіктің  бас  агро­номы  Ар­кадий  Гон­чар.

Жоба толық іске асқанда жы­лына 45-50 мың тонна же­міс-жи­дек өнімдері өндіріліп, ішкі және сыртқы нарыққа кедергісіз жол тартуына ір­ге­дегі  теміржол мен 10 ша­қы­рым жердегі «Батыс Еуро­па  Батыс Қытай» автома­гис­тра­лі қолайлы  жағдай  жасайды. Инвестор таңдауының Ай­дар­лы аумағына түсуі жай емес. Яғни, жобаның тиімді және тиімсіз тұсын жан-жақ­ты терең зерттеп, шешім қа­был­даған. Сонымен қа­тар, инвесторға Үкімет тара­пынан берілетін салықтық префе­рен­ция, инвестициялық суб­сидия, кво­та­сыз шетелден жұмыс күшін алып келуі, тағы  бас­қасы  жобаның құ­нының бір­шама арзандауына сеп­тігін тигізеді.

Жергілікті  жерде  жүзеге  ас­қан қарымды  қарекеттерді  көз­бен  көрген  «Аграрлық  не­сие  кор­порациясының»  бас­шы­сы же­міс өсірушілердің  бұ­дан  әрі қа­рай  кедергісіз  да­муына  қар­жы­лай  қолдау  жа­сауға  ниет  біл­дірді.

Мырзағали Нұрсейіт