Күз - береке айы

Уақыты: 29.09.2016
Оқылды: 3447
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Бусанған көктемнен бастап жерге түскен дәнін күтіп-баптағанның арқасында мол өнім алып, ырыс-берекесін арттыратын шаруалардың бұл күнде көңілі тоқ. Алқаптағы астық орылып, шөп шабылып бітті. Жаздайғы жауынның мол пайдасын көргендіктеріне дән риза диқандар.

Жері шұрайлы, топырағы құнарлы талғарлықтардың еселі еңбектерінің нәтижесінде 8277 гектар жерге егілген бидай ысырапсыз жиналып, 16269 тонна өнім алынды. Орташа өнімділік әр гектарына шаққанда 25,8 центнерден айналды. Сонымен қатар, қара бидай, арпа мен сұлы да бітік шығып, жоғары өнімділікке қол жеткізгендігі жайында аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Ермек Толқынов хабардар етті.
 – «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп бекер айтпаған ата-бабамыз. Жерден несібесін теріп отырған аудан жұртшылығы жиын-терін жұмыстарына жұдырықтай жұмыла атсалысты. Нәтижесінде, төккен тер ақталып, өнімнің барлық түрі ысырапсыз жиналды. Қамба астыққа, қора-қопсы шөпке толды. Астық жинау мен шөп шабу науқаны жүз пайызға орындалды, – деді ол.
Бұған қоса, 38136 тонна картоп, 1260 тонна бақша өнімдері мен 6605 тонна жеміс-жидек жиналған.
Жуырда Астана қаласында ұйымдастырылған Алматы облысының ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінің қатысуымен өткен жәрмеңкеге ауданның 10 ауылдық округі мен Талғар қаласының өнім өндіруші еңбеккерлері белсене қатысып, таза да табиғи ауылшаруашылық өнімдерін өткізіп келді. Астаналықтардың Талғардың бал татитын алмасы мен жүзім-өрігін, жоғары сапалы көкөніс түрі мен сүт өнімдерін қуана сатып алғандықтарына дән риза. 
Жердің еңбекті жемейтіндігін көкейге тоқыған дала еңбеккерлері бұл күнде жоңышқа шабу жұмыстарын да еш кедергісіз жүргізуде.

Ұлбосын Исабек

Талғар ауданы.