КҮН ЖӘНЕ ЖЕЛ ЭЛЕКТР СТАНСЫЛАРЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Уақыты: 10.12.2018
Оқылды: 1446
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қазақстанның энергетикалық кешені жаңартылатын энергия көздерінің (ЖЭК) екі нысанымен толықты. Алматы қаласында қуаты 1 МВт күн электр стансысы (КЭС) және қуаты 5 МВт жел электр стансысы (ЖЭС) іске қосылды. Осыған орайластырылған салтанатты шара КЭС орналасқан «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында өтті. 

Жоба Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы Үкіметтерінің арасында жасалған келісім аясында іске асырылды. Оның операторлары ретінде Қазақстан тарапынан «Самұрық-Энерго» АҚ, Қытай тарапынан  «Powerchina Zhongnan Engineering Corp. Ltd» компаниясы белгіленді. Құжатқа сай Қытай тарапы Алматы қаласындағы КЭС-тің және Еңбекшіқазақ ауданындағы Нұрлы кентінің маңында орналасқан ЖЭС-тің құрылысын аяқтап, Қазақстан тарапының меншігіне тегін өткізеді. Өз кезегінде «Самұрық-Энерго» құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу үшін қажетті жағдайдың бәрін жасады. Соның ішінде құрылыс алаңдарын сумен, электрмен, күре жолдан бастап құрылыс алаңына дейінгі кіреберіс жолмен жабдықтады. Сондай-ақ қытайлық серіктестеріне жабдығын кедендік декларациялау, визалық қолдау көрсету, қажетті құжаттамасын рәсімдеу, рұқсаттама қағаздарын алу, орындайтын жұмыстарының сапасын бақылау секілді істерге көмек көрсетеді. 
Стансыларды іске қосу рәсіміне қатысқан «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Бақытжан Жоламанов мемлекеттер арасында орнатылған «жасыл көпір» ЖЭК пайдалану саласында одан әрі тәжірибе алмасуға бағытталғанын айтып өтті. Бұл Қазақстанның өзіндік ғылыми-техникалық әлеуетін дамытуға, Қазақстанда ғылыми және қолданбалы зерттеулер жүргізу үшін жағдай жасауға, «жасыл энергетика» саласындағы мамандарды оқытып, даярлауға мүмкіндік бермек. Қазақстандағы аса ірі энергетикалық холдингтің басшысы, сондай-ақ, «Самұрық-Энерго» АҚ-ның экологиялық таза электр энергиясын өндіру саласында көшбасшы болып табылатынын және ЖЭК нысандарын операциялық басқару, жөндеу және оларға техникалық қызмет көрсету саласында тиісті білімі мен тәжірибесі бар екенін сөз етті.  
Нысандарды құруға «CITIC Construction Co, Ltd» компаниясы бас мердігер болды. Ол Қытайдың «жа-сыл энергетика» саласында кешенді қызмет көрсететін аса ірі мемлекеттік инвестициялық корпорацияларының бірі. Компанияның Шығыс Еуропа және ТМД департаментінің бас директоры Ли Цзяньхуэй мырзаның сөзінше, қуаты 1 МВт КЭС-тің жобасы бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары өткен жылғы желтоқсанда басталып, биылғы қазан айында аяқталған. Ал қуаты 5 МВт ЖЭС-тің жобасы бойынша жұмыстар наурыз бен қараша аралығында атқарылған. Күн стансысы екі типті: еңкею бұрышы бекітілмелі және реттелмелі металл конструкцияда орнатылған 3 608 фото электр модульдерден тұрады. Жел стансысының құрамында әрқайсының қуаты 2,5 МВт болатын, қытайдың GoldWind компаниясы жасап шығарған екі жел энергетикалық қондырғы бар. 
Айта кетейік, Қазақстандағы жаңартылатын энергетика секторын дамытуды қолдау жөніндегі алғашқы заңнамалық бастамалар – жылу және электр энергиясын өндіру кезінде жаңартылатын көздерді пайдалануды қолдауға бағытталған, «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» Заң 2009 жылы қабылданған болатын. 2013 жылы жаңартылатын энергетика секторын мемлекеттік қолдау тетігі іске қосылды. Ол жаңартылатын энергия көздері өндіретін бүкіл электр энергиясын бекітілген тарифтер бойынша кепілді түрде бір орталықтан сатып алуға негізделген. 
Бүгінгі таңда «Самұрық-Энерго» АҚ жаңартылатын энергия көздері саласындағы екі жобаны: Қапшағай қаласындағы қуаты 2 МВт КЭС-ті («Samruk-Green Energy» ЖШС) және Ерейментау қаласындағы қуаты 45 МВт ЖЭС-ті («БЖЭС» ЖШС) іске асырды. Биылғы 10 айдың өзінде бұл нысандарда өндірілген электр энергиясы 134,4 млн. кВт сағатты құраған.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА